Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер
Көктем айының әр күні алтыннан да қымбат. Уақыт та зырылдап бір орында тұрмайды, алға жылжи береді. Ауданның қоғамдық тынысын екшеп, күнделікті таразылап отыратын адам – аудан әкімі. Нұржан Сәбитұлы – ауданға әкім болып келген күннен бастап тазалық мәселесін көтеріп келеді. Тазалық бір күнде орнамайды. Оны жүйелі жүргізіп, әдетке айналдырып, қалыпты жағдайға түсірсек, жұрттың жауапкершілігін арттырсақ, айналамыз таза болып тұрса, бірімізден біріміз ұялып жатсақ, ауламызды,үйімізді, көшемізді таза ұстасақ, оны көршілеріміз көріп, көршілерден арғы көрші, одан әрі бүкіл көше тұрғындары іліп алып кетіп жатса, кәнекей!
Қоғамда таза болу, тазалық сақтау – баршамыздың міндетіміз. Тазалық деген жақсы нәрсе. Көйлегіңнің жағасы аппақ болса, аяқ киімің – етігің немесе бәтеңке жалтырап тұрса қандай, рақат емес пе? Өзіңді жеңіл һәм керемет сезінесің. Сондай-ақ ауламыз, көшеміз, есік алдымыз, мекемелердің, жұмыс істейтін орындарымыздың айналасы тап-таза болса, қазақша айтқанда, тілмен жалағандай көрініс тапса, өзімізді керемет жағдайда ұстайтынымыз анық нәрсе.
Қоғамда таза болу, тазалық сақтау – баршамыздың міндетіміз. Тазалық деген жақсы нәрсе. Көйлегіңнің жағасы аппақ болса, аяқ киімің – етігің немесе бәтеңке жалтырап тұрса қандай, рақат емес пе? Өзіңді жеңіл һәм керемет сезінесің. Сондай-ақ ауламыз, көшеміз, есік алдымыз, мекемелердің, жұмыс істейтін орындарымыздың айналасы тап-таза болса, қазақша айтқанда, тілмен жалағандай көрініс тапса, өзімізді керемет жағдайда ұстайтынымыз анық нәрсе.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес одағының және Қазақстанның батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтің кітабын оқып отырып, оның «Қырағылық, қырағылық, тағы да қырағылық» деген тақырыбы ұнап, былтыр «Өскен өңір» газетіне «Тазалық, тазалық, тағы да тазалық» атты мақала жаздым. Ондағы мақсат аудан әкімінің тазалық жөніндегі бастамасына қолдау білдіріп, кент тұрғындарының назарын соған аудару болатын. Биылғы ақпан айында осы тақырыпты көтеріп және көгалдандыруды қосып Шиелі халқына аудан ардагерлерінің үндеуін жарияладым. Бұл көпшілікке ой салса керек. Бірақ көбіміз аудандық басылым «Өскен өңірге» жазылмай, ондағы мақалаларды оқымай қалатынымыз да, аудан көлемінде болып жатқан көптеген жаңалықтардан хабарсыз екеніміз де жасырын емес. Мектепте оқып жүргенде:
Көктем келді, құс келді,
Ойнаймыз біз саз илеп.
Біздің көлге түстенді,
Былтыр кеткен қаз-үйрек, – деп өлең айтатынбыз. Сондай-ақ көктем келді, құс келді. Наурыз келді. Мен бүгін адамзаттың денсаулық кепілі – тазалықты аудан халқынан талап етіп отырған, өзі басы-қасында жүрген аудан әкіміне, оның орынбасарларына, тазалыққа атсалысып жүрген мемлекеттік қызметкерлерге, ауыл әкімдеріне, шаруа қожалықтарының төрағаларына, өнеркәсіп, мекеме басшыларына, білім және медицина салаларының қызметкерлеріне, тазалық жұмысына қолғабыс етіп жүрген қарапайым механизаторлар мен еңбек адамдарына аудан ардагерлері атынан алғыс айтқым келеді. Сіздерге мың алғыс! Халықтың, аудан тұрғындарының шынайы алғысын қабыл алыңыздар. Бұл бағытта аудан көлемінде қаншама тынымды тірліктер атқарылды. Алда қыруар жұмыстар күтіп тұрғаны аян.
Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы осы тазалыққа байланысты «Үлгілі көше», «Үлгілі ауыл», «Үлгілі аудан» деп облыстық конкурс байқауын жариялаған болатын. Оны Шиелі ауданы неге жеңіп алмасқа? Байқау жеңімпаздарына көптеген техникалар, автокөліктер тегін берілетінін ескерсек, оған біздің ауданның мүмкіншілігі аса зор деп ойлаймын. Ол үшін «жабыл, Көзей» дегендей, бұл іске жұмыла кірісуіміз керек. Біз аудан ардагерлері, аспалы көпір жанындағы жерді иеленіп, ағаш егіп, көгалдандыруға өз үлесімізді қоссақ, жастарға үлгі болсақ деп шешіп отырмыз. Көктем келді. Көп ұзамай дала төсінде жер айдалып, егін егіліп, бақша егу басталады. Аудан әкімі егін егемін дейтін ардагерлерге жер бөліп жатыр. Оған тізілу кент ардагерлер кеңесінде жүргізілуде. Мұндай қамқорлықты да өте тиімді пайдаланғанымыз жөн. Үстіміздегі жылы да егіншілеріміздің жолы болсын демекпін. «Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» деп бекер айтылмаса керек.
Орта жүздің қаз дауысты Қазыбек биі «Үйіңнен үш қонақ кетпесін. Бірінші –денсаулық, екінші – бірлік, үшіншіден – ынтымақ» деген екен. Меніңше, денсаулық деп отырғаны тазалық болса керек. Өйткені қазақта «Тазалық – денсаулық кепілі» деген бабалық сөз бар. Ал бірліксіз, ынтымақсыз елде береке болмайтыны белгілі. Бірлігіміз, ынтымағымыз арқылы елімізге адал қызмет етіп, аудан намысын қорғау жолында отансүйгіштік, патриоттық мінез таныта білейік. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын деймін. Сонымен қатар сіздерге «Ағаш ек, гүл ек. Туған жерді түлет» дегім келеді. Мақаламды өзімнің «Шиелім» деген әнімнің қайырмасымен аяқтағанды жөн көрдім.
Дәулеті шалқыған,
Жанға жай саялы.
Ән болып қалқыған,
Анамдай аялы.
Айналдым мен сенен,
Туған жер киелім.
Ыстықсың сен маған,
Көрікті Шиелім.
Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы