Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенбілікке – салғырттық жарамайды

Сенбілікке – салғырттық жарамайды

«Тазалық – денсаулық кепілі» деп бекер айтылмаса керек. Қасиетті ­Рамазан айы рухани тазаратын ай. Бұл айда адам баласына тек жан тазалығы ғана емес, тән мен жалпы қоғамның, айналаның тазалығы қажет болатыны сөзсіз. Өмір сүріп отырған қоршаған ортаны, тұрып жатқан көше бойын, есік алды ауланың тазалығын сақтаудың адам денсаулығына тигізер пайдасы көп. Қазанға қарағанның қасығы бөлек болса да, азығы бір деген. Бәрінің илегені бір терінің пұшпағы. Яғни, Шиелінің тазалығы тұрғындарына байланысты. Сондықтан тазалық сақтау – ортақ міндет.
Өткен аптада «Көктем келсе күн жадырай­ды» деген сөзді жалау еткен аудандағы барлық мекеме қызметкерлері «Көктем – тазалық бастамасы» акциясы аясында сенбілік өткізген болатын. Сенбілік ауданның әдемілігі мен сән-салтанатын арттыратын, тазалығы мен тәртібін қалыптастыратын игі үрдіс болғандықтан оған көптеген сала қызметкерлері белсене атсалысып, өз мекемелерінің маңайын күл-қоқыстардан тазалады. Сонымен бірге, орталық алаңнан гүлзарлар егетін жерлер дайындап, жерлерді босатып, қураған шөптер шабылып, ағаштар әктеліп және сырлау жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімі, аудан айнасына айналған «Өскен өңір» редакциясы, сондай-ақ «Самғау» оқу орталығы тазалық жұмыстарының көшін бастады. Бұл көштен Шиелі аудандық оқушылар үйі де қалыс қалған жоқ. Осынау тазалық шарасына атсалысқан қызметкерлер осы істері арқылы туған жерге деген ықылас-ниетін, құрметін білдіре отырып, өз мекемелеріне әдемілік сыйлады.
Бүгінде «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 наурыздан бастап жыл көлемінде «Таза табиғат», «Мекенім – жасыл орманым», мектеп оқушылары арасында «Бұл – менің ағашым», «Таза аула-таза табиғат» көркейту көгалдандыру акциялары өткізілуде. Осы акциялар аясында өңір басшысы барлық аудан тұрғындарын бірге сенбілікке қатысып, тазалық сақтауға шақырды.
– Құрметтті жерлестер! Алдымызда мамыр айының мерекелі күндері – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі мен Ұлы Жеңіс күні келе жатыр. Бұл мерекелерді көрікті, көшелер мен таза аулаларда қарсы алайық. Баршамыз өскелең ұрпаққа үлгі болатындай іс жасап, үйімізге, көшемізге, Отанымызға деген сүйіспеншілікті көрсетейік. «Ауы­лына қарап азаматын таны» дейді атам қазақ. Баршаңызды тазалықты сақтауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырамын, – деді Нариман Мақұлбеков.
Тазалық – күн тәртібінен түспейтін басты тақырып болғандықтан, ол сіз бен біз үшін маңызды. Сондықтан сенбілік шара­ларына тек аудан тұрғындары емес, ауыл халқы да ат салысуы қажет. Жалпы, сенбіліктің екіжақты тәрбиелік мәні бар екенін естен шығармайық. Біріншіден, бұл көпшілікті еңбекке баулу болса, екінші жағы туған жердің таза, әрі тартымды болуы, яғни ішкі мәдениеттілікті қалыптастыруда маңызы зор. Сіз тұратын жер – сіздің айнаңыз. Үйдегі айнамыздың бетін ағал-сағал күйде қоймайтынымыз анық. Жалтырап тұруы үшін жиі бетін сүртеміз. Сол секілді өзіміз өмір сүретін ортаның да тазалығын ойлап қойғанымыз абзал.

Сымбат СҰЛТАН
11 сәуір 2022 ж. 964 0