Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тал өссе – көше көркі

Тал өссе – көше көркі

Ауыл тұрғындары туған жерді абаттандыру, көгалдандыру мақсатында көктемде көшелерге көшеттер отырғызуды қолға алды. Әрбір тал көшенің көркі, әрі сәні. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» – деген сөзді ұстанған ауыл тұрғындары бұл іске жұмыла кірісті.
Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс екенін тұрғындар жақсы біледі. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалған дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Экологияны жақсартып, аудан мен ауылдың микроклиматын қалыптастыруға әсер етеді.
Мәселен, Ақмая ауылында да осы игі іс жүзеге асқан болатын. «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалықты жанына серік еткен ауыл тұрғындары санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру, сенбілік шарасына белсене араласты. Ауыл көлемінде жүргізген тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты. «Бұл шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталып отыр», дейді ақмаялықтар.
Тазалық апталығы одан соң Алмалы ауылында жалғасын тапты. «Birge: Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында ауылдың шекара аумағындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай»,»Самара-Шымкент» автожолының бойын күл-қоқыстардан тазарту және ауылішілік сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды.
Акцияға атсалысқандар ішінде Талаптан ауылы да бар. Мекеме қызметкерлері егілген ағаштың түптерін әктеп, ағаш көшеттерін егіп, сенбілік жұмыстарында белсенділік танытты. Одан әрі аталған жұмыстар Тұран, Керделі, Досбол би, Тартоғай, Бәйтерек, Ә.Тәжібаев, Ортақшыл, Қарғалы сияқты ауылдық округтерде де жалғасын тапқан.
Көктемгі сенбілік өткізіп, ашық алаңқайларға, көше-даңғыл бойына көптеп-ағаш отырғызу игі дәстүрге айналып келеді. Жалпы, айнала ортаның тазалығы, жасарып, жайнап тұрғаны айна секілді қоғамның шынайы бейнесін ашып көрсетеді емес пе? Сондықтан, ауданның гүлденуі, көріктенуі – әрбірімізге тікелей байланысты.

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
04 сәуір 2022 ж. 726 0