Шиелі аудандық ардагерлер кеңесі алқасының аудан тұрғындарына ҮНДЕУі
Қадірменді де құрметті аудан тұрғындары! Ата Заңда айтылғандай жердің де, елдің де иесі – халық. Мемлекеттің тірегі де денсаулығы мықты азаматтар. Әр заманның қариялары, жастары болады. Олардың күн көрісі де, несібесі де сол заманның игілігінде. Біз өмір сүріп отырған мезгіл – «тіл ауызымыз тасқа» дегендей, мамырақан, бейбіт, қарын тоқ, уайым жоқ заман емес пе? Қазақ бабамыз ежелден «Тазалық – денсаулық кепілі» деген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы алдағы 5 жылда жасыл қалаға айналдыруға тапсырма берді. Біз неге Шиелі кентін жасыл желекке бөлемейміз? Көшемізге, ауламызға көшеттер отырғызайық. Көктемнің ауылы да алыс емес, келіп қалды. Бұл санамызға сіңген қазақша таза сөз болғанымен, көпшілігіміз мән бермей жатамыз. Ауданға келген жаңа әкім Нұржан Сәбитұлы жұмысын осы тазалықтан бастады. Аудан тұрғындарында тазалық сақтауға шақырды. Аудан ардагерлері өңір басшысының бастамасын бірауыздан қолдаймыз. Сөйте отырып, баршаңызға көшелерді, аулаларыңызды, қорларыңызды, айналаларыңызды таза ұстауға үндейміз. Әр көшенің ақсақалдары мен үлкендерін көше тазалығына жауап беруін, қадағалауын сұраймыз. Қоқысты (мусор) қапқа салып, көше бетке жоғарыға іліп қою керек. Сонда мал мен иттер жаман заттарыңызды шашпайды. Бұл әдіс Тараз, Шымкент қалаларында көрініс тапқан. Тиісті тазалық мекемесі қабыңызды аптасына екі рет алып кетіп отыратын болады. «Ең таза аудан» атануға атсалысайық ардагерлер, аудан тұрғындары!