Мен Шиелінің халқына қарыздармын
Сәрсенбінің сәтті күні. «Арман» мәдениет үйінде аудан активі басқосты. Себеп – жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей ұсынысымен, облыс мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, Қызылорда облысының әкімі болып сайланған Нұрлыбек Нәлібаевтың аудан жұртшылығымен кездесуі болатын.2008-2013 жылдар аралығында Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарған жас жігіттің бет-бейнесі баршамыздың көз алдымызда. Ол жалындаған жігерлі де қайратты, іскер де талапшыл, білімді де білікті басшы ретінде ойымызда сақталған еді. Бүгін салиқалы, сабырлы, мол тәжірибе жинақтаған, әр сөзі салмақты, көрер жері аумақты, толысқан, марқайған марқасқа ел ағасын көргендей болдық. Жаңа Қазақстанның қатардағы сардарынынан ұстараның жүзіндей ұлағатты ұстанымды анғардық. Ол осында отырған ардагерлерге іштей рақметін айта отырып, әлі еңбек етіп жүрген мекеме басшылары мен мамандарға жаңаша бір серпін, серпіліс бергендей. Аудан басшыларының намысын жанып, ұйқыдан оятқандай әсер де қалдық. Қорғасындай ауыр, бірақ әдепті де нақты айтылған сөздер тыңдармандардың құлақ құрышын қандырғандай. Ақиқат пен шындық әңгіме болған тұста, ойға реніш ұялатудың өзі артық екені аян болды. Облыс әкімі Н.Машбекұлы өңір тұрғындарына деген сағынышын, ыстық ықыласын, ризашылығын, риясыз ақ көңілін әдемі жеткізді. Ол қасиетті Рамазан айы қарсаңында «Мен Шиелі ауданының халқына қарыздармын. Менің осындай биік дәрежеге жетуім – сондағы ардагер ағаларым мен қанаттас қызмет жасаған азаматтардың арқасы. Сіз соны ауызашып отырған жұртқа жеткізсеңіз!» деп телефон шалған еді. Мен аймақ басшысының тапсырмасын сол мезетте орындадым. Бұл да болса, осы жерден қанат қағып, біраз жылдан соң өзі туған Сыр еліне әкім болып оралған Нұрлыбек Мәшбекұлының қарапайымдылығын, азаматтылығын аңғартса керек. Аудан ардагерлері де «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» дегендей, мәз болып қалғаны рас. Қазақ даналығында «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын”деген сөз бар. Кезінде аудан әкімі болып келген Н.Нәлібаев кентті абаттандыру, көркейту, көгалдандыру, барлық жерде тазалық сақтауды қолға алды. Көшелерді асфальттатты, көше бойларына жарық шамдарын орнатты. Аудан көлемінде тәртіп пен тазалыққа мән берді. Күндіз-түні ерінбей, еселі еңбек етті. Бірде ауданға іс сапармен атбасын тіреген белгілі журналист, сол тұста облыс әкімдігінің қызметкері, қазіргі қоғам қайраткері Ержан Уайіс түнгі Шиеліні аралап көріп: «Мен Түркияның Стамбул қаласында жүргендей болдым» деген екен. Шиелінің жарқыраған шамдары мен жалтыраған көшелерінен, тазалығынан алған әсерімен бөлісіп. Н.Мәшбекұлының игі істерін айтаберсек жетерлік...
Жуырда Қорқыт ата бабамыздың кешенінде облыс ардагерлерімен кездесіп, батасын алған Н.Мәшбекұлының еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа байланысты «Біздің қаламыз да, жүрегіміз де таза болуға тиіс» деп айтқаны, Еуразия телеарнасынан «Маған кеңесші қажет емес, менің кеңесшім – халық» деген қанатты сөздері бюджет қаражатын үнемдеуге үндеп тұрғандай.
Сондай – ақ облыста күріш дақылын егу көлемін азайтпау, мұнай қазба байлықтарын дамыту жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізген ой тұжырымыда оның туған жерге, Сыр еліне деген адалдығын, жауапкершілігін білдіреді. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет бабында өзімді де, өзгені де аямай, туыстық, достық қатынастар қызметтен тыс болып қалатындығын айтқаны да жиынға қатысушылардың қаперіне ілініп жатты. Облыс әкімінің сын-ескертпелері аудан әкімдігінің, аудан мәслихатының, «Аманат» партиясы аудандық филиалының назарына алынып, оқылықтар орындалар шақ та алыс емес екендігі айқындалды.
Бірлігі жарасқан Сыр елінің болашағы әлі алда. Жаңа әкімнің бағыт бағдары мен ұстанымын, біз қолдап ғана қоймай, оған сенім артуға тиіспіз.
Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»