Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮЗ ЖАҢА ОҚУЛЫҚ

ЖҮЗ ЖАҢА ОҚУЛЫҚ


Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа гуманитарлық білім» атты жиын өткелі де көп болған жоқ. Елбасы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын не үшін жасап отыр? Кезінде «қазақ оқығандары» деген ойы озық азаматтар болды. ХХ ғасырдың басында солардың күш салуымен, жігерлі жұмыстарының арқасында қазақ қауымына керек оқулықтар жедел әзірленді. Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынұлы тәрізді білікті кісілер бас болып, сол заман жастарына қажетті оқулықтар өмірге келді. Академик Қаныш Сәтбаев алгебра оқулығын түзді. Ұлтымыздың қанша буыны соның пайдасын көріп келеді.
Мемлекет басшысы осыдан тура бір жыл бұрын «Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз», – деп мәлімдеді. – Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және бола­шақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білім­нің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жы­лының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз.
Осы игі бастаманы жедел жүзеге асыру үшін үшін аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросы құрылды. Қазақ Үкіметі аудармашы мамандармен қамтамасыз ету ісін жолға қойды. Ұлттық аударма бюросы авторлық құқық негіздемесін жөнге келтірді.
Елбасы белгілеп берген бағдарлама мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім берудің өзегіне айналады. Білім саласындағы жаһандық бәсекеге не­ғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – мемлекеттік мәселе. Кеңестік дүниетаным ыңғайында тәрбиеленген ұрпақты Тәуелсіз елдің жаңа буыны алмастырып жатыр. Осыған дейін дүниеге бір ғана көзқараспен қарап келдік. Қашан да уақыт тынысын тап басып, келер келешектің дидарын болжай білетін Елбасы «Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олар­дың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек» деп табанды талап қойды.
Енді гуманитарлық бағыттағы тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттер толыққанды білім ала алады.
Әдетте көп нәрсеге үстіртін қараймыз, жасалып жатқан жұмыстарға онша мән бермейтініміз тағы бар. Әлемдегі үздік кітаптардың қазақ тіліне аударылуы – біле білгенге, айтулы оқиға. Ерен еңбек!
Осы таңда дамыған 30 елдің қатарына, шикізатқа негізделген елден интеллектуалды әлеуеті дамыған мем­­лекет ретінде енуді мақсұт тұтып отырмыз. Тәуел­сіздікті алған күннен бастап жүрер жолымызды, барар бағытымызды айқындап алғанымыз бұл күнде үлкен олжа болды. Әлемнің алға кеткен елдері «Қашан бізді қазақтар қуып жетеді екен» деп қарап отырмайды. Олар­дың қарқыны қатты. Аршындап алға тартып барады.
Қазақ жастарының барынша білімді, шетінен сауатты болудан басқа жолы жоқ. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөзді атам
қазақ текке айтпаса керек. Білімсіздің көзі – соқыр, көкірегі – қараңғы. Халқымыз ежелден көзі ашық, көкірегі ояу адамды үлгі тұтқан, құрметтеген. Бой жа­рыстыратын емес, ой жарыстыратын заманға жет­кенімізді жастар әрдайым қаперде ұстауы тиіс.
Ең басты ерекшелік неде? Жаһандағы жаңалық­тарды, ойлы да озық дүниелерді, ғылыми жобаларды тұң­ғыш рет түпнұсқадан тікелей аударып отырмыз. Бұл «Қазақ мемлекетінің болашағы – қазақ тілінде» деген Елбасы сөзінің нақты іспен қуатталғанының айғағы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халық тарапынан қызу қолдау тауып жатса, бұл да – іргелі іске деген ұлт іңкәрлігінің оянғанын көрсетеді.
– «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы ұлт ой-танымын кеңейтері сөзсіз. Жаңа оқулықтар
жүйелі білім алуға негіз қалайды. Астанадағы жиында Елбасы мұндай кешенді бағдарламаның жүзеге асуы әлем елдерінде сирек кездесетінін айтты. Басқасын былай қойғанда, ТМД елдерінің арасында мұндай ғаламат жобаны қолға алған бірде-бір ел жоқ. Сондықтан осынау құнды бастама бастауында тұрған азаматтар күні ертең «ұлтым үшін мынадай іс атқара алдым» деп мақтаныш ете алады.
Жеміс ағашы ары кетсе, жиырма жыл жеміс берер. Ал 100 жаңа оқулық жемісі ғасырларға жалғасады. Бірегей бастама – сол үшін де өте құнды!
 
Нұртөре ЖҮСІП
18 сәуір 2018 ж. 1 734 0