Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » НАЗАРБАЕВ: ТОПОНОМИКАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ДЕГЕН ЖАҚСЫ ОҚУЛЫҚ ӘЛІ ДЕ ЖОҚ

НАЗАРБАЕВ: ТОПОНОМИКАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ДЕГЕН ЖАҚСЫ ОҚУЛЫҚ ӘЛІ ДЕ ЖОҚ


Топономикалық Қазақстан тарихы деген жақсы оқулық әлі де жоқ. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың салтанатты тұсаукесер шарасында мәлімдеді.
 «Екінші бағдар бұл – «Туған жер» бағдарламасы. «Туған жер» жобасы қазақстандық патриотизмді нығайтуы керек. Отан деген сөз туған жеріңнен, туған ауылыңнан, сол ауылдағы өзен-көлінен, таулары-төбелерінен, өсімдіктерінен, жәндіктерден пайда болады. Алыста жүргенде Отанды еске алғанда «ә» дегенде есіңе не түседі? Ата-анаң, туған жерің, солай ғой? Сондықтан, туған жер деген адамның жауапкершілігін, патриотизмін көтереді деп екінші бағдар ретінде қойдық. Соның арқасында, осы бір жылдың ішінде 1500 нысан іске қосылды. Оны істеген сол ауылда туып-өскен, байыған, қалталы болған азаматтарымыз. 160 млрд теңге жекеменшіктен ауылдарға құйылды. Ол миллиард теңгелер ауылдарда мектеп, жол, спорт кешендері және тағы басқа нысандар пайда болды. Меніңше, мұнымен тоқтамау керек, әлі де істейтін жұмыс көп, әлі де мүмкіншілігі бар азаматтар көп», – деді Елбасы.

Президент өз еліне, өз ауылына жақсылық жасап, сол ауылдың тұрғындарының тынысын кеңейтіп, тұрғындарға жұмыс тауып беру үшін әлі де көп жұмыс атқаратын азаматтардың көптігіне сенім білдірді.«Үшінші – «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы аясында 400-ден астам нысан бүгін іріктелді. Қазір оларды жөндеу, қалпына келтіру, зерттеу, насихаттары жүргізілуде. Біріншіден, біз өзіміз білуіміз керек. Әлі күнге дейін біз әлі біліп жатқан жоқпыз мына тарихымызда не болғанын, қазбаларда не табылып жатқанын, кім еді. Маған ғалымдар ренжімесін, барлық осы жылдардың ішінде бір Топономикалық Қазақстан тарихы деген жақсы оқулық жоқ деп санаймын. Жазылды, әрине. «Қазақстан тарихы» деген анау кітап бар, мына кітап бар, бірақ, біздің жастарымызға нақтылап айту керек қой. Кейде, өздеріңіз білесіздер, барлығың ғалымсыңдар, тарихты жоқ нәрседен жасап береді. Әрине, өткен заманымыздың көбісі аңыз болып келеді. Ол кезде жазуға ешқандай жағдай болған жоқ, қағазға жазылып қалған жоқ. Сондықтан, осы мәселені қалыптастыру керек және «Қазақстанның киелі географиясы» жобасының біздің тарихымыз терең екенін өзге жұртқа көрсетуге үлкен көмегі болады деп санаймын», – деді Президент.
Ақмарал Шағатай
Baq.kz
12 сәуір 2018 ж. 1 064 0