Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Кеңес кезінде қазақ қыздары ауылшаруашылық техникаларын игеріп, ер азаматтардан қалыспай күні-түні еңбек етті. Солардың бірі Жадыра Таспамбетова – орта мектепті аяқтай сала трактор тізгінін ұстады. Ол дала қосында жүріп қаншама ауыр күнді басынан өткерсе де, мойымаған қайсар қыз. Небәрі 18 жасында бір аяғынан ауыр жарақат алады. Өзінің табандылығының арқасында Шиелі ауданының беделді механизаторына айналады. Ал 32 жасында «Социалистік Еңбек Ері», КПСС делегаты атанады.
Ол кезде жан алып, жан беріскен жұмыстармен қатар былайғы уақытта да механизаторлар қол қусырып қарап отыра алмайтын. Көктем өзімен бірге таусылып бітпейтін қарбаласын ала келеді. Ауыл шаруашылығында жауапкершілігі жетіп артылатын науқан да көп. Бір-біріне жалғаса, бір-бірінің етегін баса, үстемелеп ес жиғызбайды. Сол бір тынымсыз тірлікке қызыққан Жадыра Таспамбетова бір аяғынан жартылай айырылған соң, қайтадан «механизатор боламын» деген қызғалдақ арманы бүр жарғанда көп ішінде күдіктенгендер көп. «Әне тепсе темір үзетін жігіттердің өзі үйдей тракторға ие бола алмай жүр. Бір күн сынса, екі күн жөндейді. Ал сен мына қалпыңмен қалай механизатор болмақшысың?». Жұрттың осы тектес сөзін елемей, кеңес үкіметі тарағанша егін даласынан ажырамады. 1977 жылы СПТУ – 97 кәсіптік техникалық училищесіне оқуға түсіп, кең профильді, шофер, комбайнер, шынжыр табанды трактор тізгіндеуші мамандықтарын алып шықты. Ал 1978 жылдан бастап, жүгері звеносын басқарды. 1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясы Жадыра мен жары Қалтайдың жанұясы мен еңбек жолы туралы «Махаббат тарихы» атты деректі фильм түсірді. 1982 жылы Ж.Таспамбетова Москваға барып Б.Полевойдың «Нағыз адам» повесінің кейіпкері, өзіне үлгі тұтқан, екі аяғы протез болса да, тік ұшақпен немістерді бомбалауға қатысқан Ұлы Отан соғысының Батыры А.Маресьевпен кездесті.
Жастық шағын дала қосындағы еңбекке арнаған нәзікжанды Жадыра тәуелсіздік алған жылдары «Ақтоған» балабақшасында меңгеруші болды. 1997 жылдан бастап «Ақтоған» жеке шаруашылығын басқарып, кейін бірнеше отбасымен бірігіп, «Мұстафа» шаруа қожалығын құрды. 2009 жылы Қызылорда облысы «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының ұйымдастырушылық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек сіңірген Жадыра Таспамбетова 2010 жылы 3 сәуірде мезгілсіз қайтыс болды.
Ол «Еңбек Қызыл Ту» және екі мәрте «Ленин» ордендерімен, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісімен марапатталып, «Ленин Комсомолы» сыйлығының лауреаты атанды. 32 жасында Социалистік Еңбек Ері болған ол екі рет облысқа депутат, ХІ сайланған ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан ҚКП-нің ХҮ съезд делегаты, ЦК ВЛКСМ-нің делегаты болды. 1988 «Телікөл» совхозында «Жадыра» атты ән-би ансамблі құрылды.
Жадыра Таспамбетова – тек еңбек майталманы ғана емес, 6 баланы өмірге әкелген «Күміс Алқалы» ана, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
Жадыраның жазған күнделігі бойынша өмірі мен шыққан белестері жайлы 1984 жылы Мұрат Күлімбетовтың редакторлық етуімен «Жүрегімнің жолдамасы» кітабы басылып шықты. Қайсар қыз жайында Х.Ерғалиев «Қыз-хисса» поэмасын, М.Айтхожина «Қос ана» поэмасын, Д.Байдрахманов «Қайсар қыз» деректі дастанын, М.Шаханов өлең жырларын арнаса, М.Күлімбетов «Жоқ, мен ораламын» очеркін шығарды. 2011 жылы Ж.Таспамбетова туралы «Қайсар ана Жадыра» атты естелік кітабы шықты. 2019 жылы «Көкшоқы» елді мекеніне қарасты көшеге Ж.Таспамбетованың есімі берілді.
Нәзікжанды еңбек ерінің туғанына биыл 70 жыл толғалы отыр. Осы орайда оның ауылдас­тары мен замандас болған жандар Жадыра Таспамбетованың атын мәңгі есте қалдырып, еңбегі мен ерлігін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында 21 бекеттегі №243 мектепке есімі берілсе дейді.
Иә, саналы өмірін, қажыр-қайратын еңбекке арнаған, жарты аяғынан айырылса да трактор тізгінінен түспеген рухы мықты, тұлғасы биік жанға қандай құрмет көрсетілсе де жараспақ.

Тәңірберген Ақпанов,
зейнеткер
31 қаңтар 2023 ж. 524 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930