Білегі еңбектен, тілегі халықтан нәр алған
Түгін тартса, майы таматын құнарлы жердің қойнауын игілікке кенелтіп, халықтың құрметіне бөленген жандар бізде жетерлік. Еңбекті өмір салтына айналдырған қарапайым еңбек адамдарын былай қойғанда, «Социалистік еңбек Ері» деген ресми құрметті атаққа ие болғандардың саны ауданда 41-ді құрайды. Демек, киелі топырақтың еңбекпен даңқы өрлеген тұлғалары ерен еңбектің парқын біледі, мәні мен мағынасын түсінеді, қадірі мен қасиетін жоғары бағалайды. Ал, Еңбек Ерінің қасына Ана деген ардақты сөз қосылатын болса, онда бұл тіркестің мазмұны шексіз асқақтап, шалқары теңдесіз кеңейеді. Сондықтан, білегі – еңбектен, тілегі – халықтан нәр алған, жүрегі ұрпағым деп тебіренген Шиелінің Жадырадай аналарының есімі ел есінде сақталары сөзсіз.
Бұл ретте, атқарылар шаралар мен ұйымдастырылар тәлімді кештердің маңызы зор. Сондай кештердің бірегейі жуырда өз жалауын көтерген болатын. Сөзімізді нақтылар болсақ, Еңбек Ері Ж.Таспамбетованың туған ауылында Досбол ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Сырдың сұлу Жадырасы» тақырыбымен ән байқауы өткен болатын. Сол сахнада ендігі кезекте аудан орталығында өтетіндігі хабарланған еді. Міне, осынау күн де туып, кенттің «Көкшоқы» мөлтек ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде өмірі өрлік пен ерліктен құралған Ж.Таспамбетованы еске алуға арналған «Қазақтың қайсар қызы – Жадыра» атты кешті атауға болады. Кешке аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі С.Әбішов, аудан тұрғындары мен кеш кейіпкерінің туыстары мен жақындары қатысты.
Алдымен проектор арқылы қысқаша бейнеролик көрсетіліп, батыр қыз жайындағы қайта оралмас сәттер көрермен назарына ұсынылды. Тарихи кезеңдер бейнеленген құны жоқ қымбат лента өткен кезең мен осы сәттің арасын байланыстырып тұрғандай болды. Әрі қарай алғы сөз алған Т.Жағыпбаров Ж.Таспамбетова жайындағы толғандырған ойын ортаға салып, шараның мәні мен мақсатына тоқталып, мұндай кештердің әлі де жалғасын табатындығын жеткізді.
Тақырыпқа арқау болған батыр қыз алып техниканы ұршықша игеріп, оның кәсіби шеберлігі барша қазақ қыздарына үлгі бола білді. Кеш барысында ауыл шаруашылығы саласында ерлермен иық тіресе ел жүгін көтеріп, трактор, комбайн тізгіндеп, еліне қалтқысыз қызмет жасаған, Еңбек Ері, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері жөнінде замандастары мен жақындары естеліктер айтып, әсем ән де шырқалды. Осылайша, ел есінде тарихи тұлғаның аты мен ерлігі қайта жаңғырды. Ерін «ер» деп мойындаған елдің елдігі арта түсетіні сөзсіз. Кейінгі ұрпақ жадында Жадыра Таспамбетова секілді елі үшін ерен еңбек атқарған тарихи тұлғалар есімінің ұлықталуы, елдігіміз бен ерлігіміздің айқын дәлелі болса керек.
Д.ӘБІЛАСАНҚЫЗЫ.