Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КҮЗ ХАНШАСЫ АНЫҚТАЛДЫ

КҮЗ ХАНШАСЫ АНЫҚТАЛДЫ

Ғажайыпқа толы күздің соңғы күні аудандық мәдениет саласында ауқымды шаралармен аяқталды. Алдымен Бәйгеқұм ауылдық мәдениет үйінде Маханбетқали Тұрсановтың 85 жылдығына арналған арнау айтушылардың облыстық байқауы өтсе, түс ауа Жиделіарықта «Күз ханшасы» атты аудандық сайыс ұйымдастырылды.
Балалар жылына орай Жиделіарық ауылдық клуб үйінде өткен сайыста 14-15 жас аралығындағы арулар бақ сынады. Қатысушылар күз мезгілінің кереметін сезіндіріп, көрермендерге қуанышты көңіл-күй сыйлады. Сайысты ауыл әкімі Ерлан Әбілдашев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Барлығы 19 ауыл-аймақтан жиналған талапкерлер таланты мен өнерлері бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде өздерін таныстырса, екінші кезеңде өнерлерін ортаға салды. Ал үшінші кезеңде ханшайымдар өз қолдарынан шыққан нағыз күз дәмдерін дайындап келді. Байқаудың соңғы кезеңінде қатысушалар сахнада тұрып 5 минут ішінде құрбысына ерекше шаш үлгісін жасап жарысты. Ең тартысты кезең де осы еді.
Талапкерлерді өнермен қатар жауапкершілік, ұқыптылыққа тәрбиелейтін шарада көрерменнің қолдауы да маңызды. Өнерсіз адам болмайтынын ескерсек, мұндайда бастысы – шараға тыңғылықты дайындалу. Сонымен қатар осы секілді байқаулар жас өнерпаздарды сахна мәдениетіне үйретіп, үлкен жетістіктерге жол ашады.
Шара нәтижесінде Ақмая ауылынан келген Ұлдана Мәлібекова, Бестам ауылының аруы Гүлдана Ережепова және қарғалылық Гүлсезім Тәжібекқызы ІІІ орынды иеленсе, Ә.Тәжібаев ауылының қатысушысы ­Аяжан Жасыбай мен ­Нартай ауылынан Балғын Бақытовалар жүлделі ІІ орынмен марапатталды. Ал І орын Жиделіарық ауылының аруы Гүлімжан Нысанбековаға бұйырды. Жиырмаға жуық арудың ішінен топ жарған еңбекшілік Аяжан Ерғалиева бас жүлдені жеңіп алды. Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар үлестірілді.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
05 желтоқсан 2022 ж. 188 0