Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЕШЕ КӨРГЕН...

ШЕШЕ КӨРГЕН...

«Қыз еркем, кестесімен көркем» демекші, сабақты инені серік етуді ақ жаулықты аналардан бұрымдылардың барлығы үйренеді. Дегенмен, тігін өнерін әрі қарай жетілдіріп, кәсіп етіп отырғандар некен-саяқ. Әсіресе, қолдан бұйым жасап, әртүрлі заттарды дүниеге әкелу таланттылардың еңбегінің нәтижесі. Солардың бірі ауданымыздың тұрғыны – Жазира Мадиева. «Бармағынан бал тамған шебер болғың келсе, бармақтайыңнан үйрен» деген қанатты сөз Жазираға арналғандай. Өйткені, ол кәсіпті бала кезінен анасынан үйренген. Анасы да білікті ұстаздардан асып түседі. Соның нәтижесі болса керек, Елордада өтетін халықаралық көрмеге жол тартпақшы. Анасынан алған тәлім мен үйренген өнерді бойына дарыта білген Жазира: «Қолөнерді үйрену үшін жоғары білімнің де, мол ақшаның да қажеті жоқ, тек талап пен еңбекқорлық болса жеткілікті. Мен ешқандай университет, колледж бітірмей-ақ бұл саланы жетік меңгердім. Менің университетім – үйім, ұстазым – анам болды», – дейді.
Жазира қазіргі таңда тоқымадан көйлек, белдемшелер тоқиды және көлемі көзге ілікпес ұсақ моншақтардан кәдесыйлар жасайды. Олардың көлемі де бейнесі де әркезде әрқалай. Сондай-ақ, асыл тұқымды миранос қойдың жүнінен жылулық пен жайлылық сыйлайтын киімдерді дайындайды. Солардың ішінде пимаға сұраныс ерекше көп түсетін көрінеді. Әсіресе, сәбиінің жағдайын ойлайтын ата-аналар Жазираның пимасын алуға асығады екен. Сұранысқа ие болған кәсібінің арқасында жас кәсіпкер қолөнер бұйымына көпшіліктің назарын аударып қана қоймай, қосымша табыс көзін тауып отыр.
– Мен қазір «Кәусәр» бөбекжайында тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Бұл менің кәсіппен айналысуыма еш кедергі болмайды. Қайта керісінше ерекше шабыт пен тың идеяларды туындататын орта. Өйткені, онда былдырлаған бөбектер өте көп. Менің көптеген дүнием де осындай сәбилерге арналады ғой. Әртүрлі маталардан жасалған киім-кешектер терісі өте нәзік нәрестеге қалай әсер ететінін кім білсін?! Сол себептен таза жіптен тоқылған киімді киген дұрыс деп ойлаймын. Көйлек, қамзол, бас киімдерді тұтынушылар көп сұрайды. Кейде туыстарыма да сыйға тартып жатамын. Бұл екі жаққа да қуаныш сыйлайды.
Тоқыма мен асыл тастарды серік еткен Жазира, ақ парақтан да бұйым жасаудың хас шебері. Әсіресе, балабақшадағы балаларға ары жарыстарға қатысу үшін қағазсүлгіден көйлек жасап береді екен. Қағаздан жасалған бұйымдардың қатарында құмыра, аққу, жеміс-жидек сынды заттар кездеседі.
– Менің ойымша қыз баласының бос уақыты болмау керек. Кішкене кезінен тірлікке машықталса келін болғанда, ана атанғанда еш қиналмайтын болады, керісінше көпке үлгі, үлкендерге сүйкімді болып жүреді. Дәл сол сияқты мен де әр сағатты текке жібермеуге тырысамын. Бос уақытымда шеберлігімді шыңдау үшін және кәсібіме деген махаббатты арттыру үшін ғаламтордан я болмаса ойдан әртүрлі бейнелерді кескіндеп, соларды тоқумен айналысамын. Кейде моншақтардан әшекей бұйымдар жасауға кірісемін.
Бос уақытының болғанын қаламайтын Жазираның үйінде қолөнерден көп нәрсе жоқ екенін байқадық. Жылтырап, көзге бірден түсетін моншақтар кез-келген қыздың назарын өзіне аударады. Айна алдындағы әшекей бұйымдар көп жерде кездесе бермейді. Өйткені, ол Жазираның жеке туындысы. Бұлардың арасында кез-келген киіммен үйлесетіні де бірдей түспен жасалған комплектісі де бар. Қыздарға көркемдік сыйлайтын бұл бұйымдар бос уақытты тиімді пайдаланғанның нәтижесі. Әшекей бұйымдардан бөлек жас балалар ойынына арналған жылқы, қонжықтар мен қоян бейнесіндегі жұмсақ ойыншықтар және доптар бар. Бұлардың барлығы жоғарыда айтылып өткен миранос қойдың жүнінен тоқылған.
Қабілетті шыңдау жетістікке жеткізеді. Қазір Жазира да сондай жеңіске жетіп отыр. Өйткені, ол тұрмыстық жағдайда аса қажет сабынның ерекше түрін жасайды. Жалғыз емес, әрине. Қасында ұстазына айналған анасы бар. Біздің көзімізге ерекше түскені, бетінде қыз бен жігіттің суреті бар жасыл түстес жүрек сабын.
– Бұл сабындар денсаулыққа кері әсер етпейді. Анам осыларды Экспоға апару үшін дайындауда. Ал, мен қолдан келген көмегімді аямаймын. Қайта керісінше кәсібімді кеңейтіп, білмегенімді үйренудемін. Қазір бұл сабындар сатылымға шыққан жоқ. Көрмеден кейін ғана көпшілік білетін болады. Өйткені, бар ықыласымыз бен уақытымызды көрмеге арнауды жөн көрдік. Қонжық, құлпынай және жүрек тәріздес түрлері дайын тұр. Тағы басқа да бейнеге енгізу жоспарда бар.
Алдына нақты мақсат қойып, соған жету жолында аянбай тер төге білетін Жазира болашақта бұл кәсібін тастамаймын дейді. Қайта анасынан киіз басуды үйреніп, ұлттық өнерді дамытқысы келеді екен. Жұмысы мен кәсібіне уақыт табарына да кәміл сенімді.
– Анамнан әлі үйренерім көп. Мен оларды табыс табу үшін ғана емес, өз қызығушылығым үшін де үйренгім келеді. Әрі осылардың барлығын бір арнаға тоғыстырып, бір орталық ашсам деген ой бар.
«Кәсіптің өзін тапқан, нәсіптің көзін табады»,– деген тәмсілге сүйенсек, Жазираның ісі алға басарына сенімдіміз.

"Өскен өңір" ақпарат агенттігі

02 желтоқсан 2022 ж. 231 0