Өнер жастан шығады
Апта басында көпшілік облыстық жастар орталығына барып, «Жастар күні» байқауына орай ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Шараға жиналған қауым жас қолөнер шеберлерінің тауарларын, жас кәсіпкерлердің төл жобалары мен туындыларын, аудандық ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлердің өнімдерімен танысты. Әсіресе аудандық оқушылар үйінің шәкірттері әзірлеген туындылар көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені, қылқаламмен салынған картиналар мен тоқымадан жасалған кәдесыйлардың барлығынан ұлттық болмыс байқалған болатын. Сондай-ақ оқушылар үйінің жанынан ашылған «Робототехника» үйірмесінің шәкірттері дайындаған роботтар талайды таң қалдырды. Ғылым мен білімге үйірсек болған жас таланттар көрмеге күн қуаты роботы, роботтың қолы, сатылы робот, піл робот, қоқыс сұрыптайтын робот сынды тың дүниелер қойды. Оларды №45 «Ақ-Орда» мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Азамат Жұманазаров таныстырып, жұмыс істеу барысын көпшілікке көрсетті. Бұдан әрі қонақтар №2 Балбөбек бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері дайындаған нан өнімдерінен дәм татты. Сосын №1 Аққайың бөбекжай-бақшасының қолөнер бұйымдарын тамашалады. Мұнда ұшқыр қиял мен шалқар шабыттың нәтижесі іспеттес болған раушан гүлдер ғимараттың сәнін кіргізді. Оны аталған балабақшаның тәрбиешісі Айгүл Қайбулдаева әзірлеген екен. Он саусағынан өнер тамған тәрбиеші қолөнері арқылы кәсіп жасап жүрген жандардың қатарында. Бүгінгі күні А.Қайбулдаева тойды безендіру жұмыстарымен айналысуда. Алдағы уақытта гүлдердің сан алуан түрін жасап, кәсібін кеңейтуді мақсат етуде.
– Гүлдерді әрмен қарай жаңартып, жан-жақты дамытқым келеді. Барлық жерді хош иісті раушан гүлдермен сәндесем деймін. Қолдау бар болса, идея жеткілікті, – дейді А.Қайбулдаева.
Көрмеге өз тауары қойылған жеке кәсіпкердің бірі – «Шиелі-Жуантөбе» қолөнер орталығынан келген Аида Есқалиева. Ол облыстық байқауға өзі жасаған шашақ, ішкі және сыртқы баулар, үй тұмарлар және тастан жасалған бұйымдар әкеліпті. Өзінің айтуынша, қолөнерді арнайы курстардан білім алу арқылы үйренген. Қазіргі таңда ол қыз жасауы, құрақ көрпе, бесік жасауы, шымылдырық және өзге де бұйымдарды әзірлеп, кәсібінің тасын өрге домалатып отыр.
"Өскен өңір" ақпарат