Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сандық технология:қоғам дамуына тың серпін

Сандық технология:қоғам дамуына тың серпін



«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустрия­лар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Цифрландыру дегеніміз Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсат емес, құрал. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді, өнім өндіруді арттыру, міне, осы – мақсат», – деп, Тұңғыш Президент өз бағдарламаларында цифрландырудың маңызын атап айтқан болатын.
Сандық технология елді-мекендерді жоғар­ғы жылдамдықтағы интернетпен қам­та­масыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттырады. Көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда секілді эконо­ми­каның салаларына цифрлы технологияны енгізеді. Мемлекеттік органдар жұмысы­ның сапасын күшейтіп, IT мамандарды даярлауға жол ашады.
Оқушылардың ғылыми-техни­ка­лық бағыттағы білімін көтеру мен зерттеушілік мәдениетке тәрбиелеп, «3D модельдеу», робототехника және IT бағытын оқушыларға насихаттау мақсатында жұмыс істейтін орталықтардың бірі Шиелі аудандық оқушылар үйінде ашылды.
Елбасы тапсырмасына сәйкес барлық қажетті инфрақұрылымдармен жабдықталған орталыққа облыстық бюджет есебінен 11,6 млн теңге бөлінген. «IT IMAQ SHIELI» деген атау берілген балалар технопаркінің ашылу салтанатына Шиелі аудандық «Нұр Отан» ХДП бірінші орынбасары П.Маханбет, жастар ресурстық орталығының директоры Б.Өтебаев, мектеп басшылары, ата-аналар, демеушілерден «Аруна» компьютер орталығының директоры Аруна Ермағанбетова, «Бек студия» директоры Бекзат Оспанов қатысты. Аудандық маслихат хатшысы Б.Сыздық пен аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов ашылу лентасын қиып, құттықтау сөздерін сөйледі. Технопарктегі «3D-модельдеу», «Робо­то­техника» және «Цифрлық зерт­хана» үйірмелерін аудандық оқушылар үйінің директоры Б.Әбішев таныстырып, қазірде 90 оқушысы бар орталыққа алдағы уақытта алыс-жақын ауылдардың жас өрендерін ша­қы­рып, ғылымға баулуға дайын екен­діктерін айтты.
Қатысушы қонақтар «Үйір­ме­нің үй­ретері мол» тақырыбында ұйым­дас­тырылған көрме жұмыс­тарымен танысып, оқушылардың таң­даулы туындылары мен мұғалімдердің марапаттарын тамашалады. Көрмеден кейін үлкен АКТ залында мектеп оқу­шыларының республикалық «Жас Ұлан» бірың­ғай балалар мен жасөспірімдер ұйы­мы­на қабылдау жиыны болып, аталған ұйымға қа­былданған мектеп оқушыларына «Жас Ұлан» галстугі тағылды. Шара аудандық Оқушылар үйінің өнер­­лі өрендерінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Назерке Мұхамедиярова.
18 мамыр 2019 ж. 1 923 0