ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУҒА МҮМКІНДІК
Жыл, күн санап өзіміздің күнделікті қолданыстағы технологиялар жаңарып, жасарып, жанданып келеді. Мұның барлығы жаңа заманауи технологияларды қолданушылардың өмір сапасын арттырып отыр. Олай дейтін себебіміз бүгінгі күні дүниенің қай бұрышында болсаңыз бір-біріңізбен емін-еркін хабарласа аласыз, банктегі ақшаңызды күн салып, кезекке тұрмай, санаулы минутта қолға тиеді. Еліміз бен дүниежүзінде орын алып жатқан жаңалықтарды әлеуметтік желілерден көріп, біліп, танысып отырмыз. Бүгінгі таңда қолданыстағы телефондар, компьютерлер, телеарналардың барлығы – осындай технологиялардың жемісі. Цифрлы технологияларды дамытуға байланысты «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл — маңызды кешенді міндет. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», — деп нақты болашағымызға деген айқын бағдар берді. Онымен қоса бұл үшін арнайы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы дайындалғанын мәлімдеді. Бұл бағдарламаның 4 негізгі бағыты бар. Біріншісі - ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Екінші бағыты – экономиканың салаларына цифрлы технологияны енгізу. Сондай-ақ, ІТ мамандарды даярлау. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндегенде «Цифрлы Қазақстан» тек ІТ саласын емес, өзге де салаларды дамытуға, жетілдіруге негізделген.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы халықтың өмір сүру деңгейін жоғары сатыға көтеруге, көптеген әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуға мүмкіншіліктер беретіні анық.
Мысал келтіретін болсақ ауданымыздағы бірнеше дүкендерде арнайы терминалдар орналастырылған. Орналасқан бір терминал арқылы несиеңізді төлей аласыз, ұялы байланысыңыздың бірлігін толықтыра бересіз. Алыстағы ағайыныңызға ақша жіберуге де мүмкіндігіңіз бар. Тіпті, дүкендерден қажетті азық-түлігіңізді алып болған соң банк картасы арқылы есептесе бересіз. Бұл ақша алу үшін банкомат жағалап жүретін уақытыңызды үнемдейді, әрі ары-бері әбігер етпейді. Бұдан өзге «Sinooil» жанармай құю бекетінде де бүгінгі күні банк картасы арқылы есеп айырысуыңызға болады. ХҚКО-нан электронды кілтіңіз болса, үйдің табалдырығын аттамай-ақ мекен-жай анықтамасы, зейнетақы жинағыңыз туралы мәліметтерге қол жеткізе аласыз. Тіпті, ұялы телефоныңыздағы арнайы программалар арқылы есеп шотыңыздағы ақшаны көріп, ұялы байланысыңызға қажетті бірлікті аударып, өзге банк картасына да аудара аласыз. Тек дайын тұрған материалдық технологияларды түсініп, игеріп, қажетімізге пайдалана білуіміз қажет.
Ерұлан ДАТКЕН.