Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметшілерге артылар жүк ауыр

Мемлекеттік қызметшілерге артылар жүк ауыр

Жақында аудан басшысымен бірге бірнеше бөлімдерді аралап, ондағы жұмыс барысымен танысып қайтқан едік. Сонда мынадай келеңсіз жайттарды көзіміз көріп, көңілімізге түйіп қалдық. Атын-атап, түсін-түстемей-ақ қояйық, бірақ, мұқым ауданның бір саласын басқарып отырған кей бөлім мамандарының Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен күнделікті басылым беттерінде жарық көріп, көк жәшігімізде күндіз-түні көрсетіліп жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жайында сұраған аудан әкіміне тілін жұтып қойған баладай үнсіз қалғандары бізді таңғалдырды. Жарайды, түсінеміз жұмыс бастылықпен аталған мақаланы толығымен оқымаған шығар. Дегенмен, өз саласына қатысты Елбасының берген тапсырмалары мен айтқан күрделі мәселелерін білуі керек емес пе?! Мемлекет басшысының жыл сайын жариялайтын Жолдауында еліміздің өркениетті 30 елдің қатарына қосылуы үшін болашаққа жос­пар жасалынады. Мәселен, биылғы Жолдауда Қазақстан жаңғырудың үшінші кезеңін бастап, бұдан былай елімізде Цифрлы технологияның дәуірі басталғанын айтты. Және сол бағытта елімізде жыл басынан бері көптеген жұмыстар атқарылып, іс жүзінде жеделдетілген технология жұмысын жасап жатыр. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауда: «Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» – деген болатын. Міне, осы бағыттар бойынша біздегі кейбір бөлімдер жұмыс жасамақ тұрмақ Жолдаудағы жазылған дүниелерді өзі түсініп, әм өзгелерге түсінікті етіп айта алмауы бізді қынжылтып отыр. Неге мемқызметшілер елімізді алдыңғы отыздыққа сүйрейтін Жолдау мен ұлттық болмысымызды айқындап, руханиятымызды зерделеп көрсетуге арналған Елбасы мақаласына бей-жай қарап отыр?
Жалпы, ел арасында осы мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне қатысты ауық-ауық көңілге жағымсыз әңгімелер айтылып жататыны жасырын емес. Әсіресе, ауылдағы қара халық құжаттарын рәсімдеуге барған мекеме қызметшілеріне көңілі толмай, берген жауаптарына разы болмайды. Сөздеріне қарасақ, есіктен есікке сілтеулері көп. Кезекке тұрып шыдамың таусылып алдына барғанда күніге өзгеріп жатқан заңдарын дұрыс түсіндірмей, қатулы қабақпен қарсы алатындарын айтады. Әрине мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың барлығы осындай деп көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, жоғарыдағыдай олқылықтардың орын алып жатқанын жоққа шығара алмаймыз.
Жаһандану дәуірі қай саланың болсын қызметкерлері мен мамандарының мүмкіндігінше қабілетті болуын талап етеді. Соның ішінде басқарушы билік пен мемлекеттік қызметшілерге артылар талаптың жүгі екі есе ауыр. Әсіресе, бөлім мен басқарма басшылары, бас маман, инспекторлық қызметте жүрген әрбір қызметкердің іс тәжірибесі мен қарым-қабілеті, біліктілігімен қатар оның қоғамдағы өзін-өзі ұстауы, сөйлеу әдебі, жүріс-тұрысы мен киім кию үлгісі бәрі-бәрі бір басынан табылып, жарасымды һәм әдемі көрініп тұруы шарт. Сырт көз мемқызметкерге қарап тұтас бір елдің мәдениеті мен спортына, медицинасы мен біліміне, әлеуметтік-экономикасына қала берді тарихы мен тектілігіне баға беретінін ескеретін болсақ, солай болуы да заңдылық. Сол себепті, мемлекеттің айнасына айналған азаматтардың осалдық танытпағаны абзал.
Түйін:
Аудан әкімі Әшім Оразбекұлының бөлімдерді аралап, ауылдарға сапары жалғасын табатынын ескерсек, бөлім мамандарының Елбасының бағдарламалық мақаласын тағы бір қайталап, Жолдаудағы көрсетілген бағыттарды біліп жүргендері жөн болар деген ойдамыз.

Елдос Жүсіп.
28 қараша 2017 ж. 1 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930