Күшпен емес, ақылмен жұмыс істейтін дәуірдеміз
Бүгінде «цифрландыру» адам өмірі мен шаруашылығының барлық саласын қамтыды. Ақпарат алмасу, құжаттарды рәсімдеу сияқты қарапайым қызметтерден бастап ірі-ірі өндіріс ошақтарында қол күші автоматтандырылып, еңбек өнімділігі мен өнім сапасы артты.
Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жоба жүзеге асуда. Ең бастысы, көпшілік сандық жүйенің тиімділігін көре бастады. Мәселен, бұрын бір анықтама алу үшін есіктен есікке сабылып жүретін халық бүгінде көптеген қызметті компьютер арқылы үйде отырып-ақ алуда. Елімізді халықаралық кеңістікке алып шығар цифрландыру ісі қазіргі кезде әрбір салаға енгізілуде.
Білім саласының өзіне сандық технология аз ғана уақыттың ішінде дендеп енді. Мәселен, осыдан он жылға шегініс жасайықшы. Мұғалімдер ертеңгі беретін әр сабағының жоспарын қойын дәптеріне түнімен қолмен жазып, журналды қаламсаппен толтырып, бірнеше папканы сөмкесіне салып, тасып жүретін. Ата-анамен тығыз байланыста болу үшін жиі-жиі үй аралауға да тура келмеуші ме еді? Қазір мұның біразы «кезінде сөйтуші едік» деп еске алатын ғана оқиғаға айналған. Оның бір дәлелі, бүгінде жаһандану дәуірінің жемісі ретінде «Kundelіk.kz» бірыңғай электрондық білім беру жүйесі мектептерде жұмыс істеп жатыр. Ол арқылы күнделікті сабақ кестесін, оқушылардың бағасын, үйге берілген тапсырмаларды қадағалап, білім беру мекемелері туралы мәліметтер мен жыл бойында атқарылған жұмыстардың есебін енгізуге мүмкіндік бар. Енді физика, химия, биология кабинеттері 3D форматтағы кабинетпен толықтырылуда. Мектептердің барлығында дерлік жоғары жылдамдықты интернет және Wi-Fi желісімен жабдықталғанын да айта кеткен жөн.
Тағы бір мысал осыған дейін мектеп бітірген түлектер, информатика пәнінен «word»,«excel» секілді бірнеше бағдарламаны үйреумен шектелетін. Ал қазіргі мектеп оқушылары одан әлдеқайда ауқымды жобалармен жұмыс істейтінін байқаймыз. Тіпті мектептерде арнайы робототехника зертханалары да ашылған. Онда арнайы үйірме жасақталып, сандық технологияның сан қыры үйретіледі. Мәселен, осындай үйірмеге қатысушы Тартоғайдағы Ш.Есенов атындағы №153 мектептің 8 сынып оқушылары Ернар Мұхтарұлы мен Әліби Мәулен ұстаздарының көмегімен робот құрастырып шыққан. Оны құрастырып қана қоймай, «Экотыңайтқыштар өндірісін ауылшаруашылығында қолдану» атты ғылыми жоба дайындап, облыстық жас өнертапқыштар байқауынан ІІ орын, «Білім беру ұйымдарындағы роботтық техника» атты көрмеден ІІІ орынды жеңіп алған. Дәл қазір жаңа заманның жас өнертапқыштары Алматыда ұйымдастырылып жатқан республикалық байқауда бақ сынап жатыр.Мұның барлығы елде жүргізіліп жатқан цифрландыру саясатының нәтижесі.
«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті бір Жолдауында.
Сандық жүйенің өмірімізге жылдам еніп жатқаны сонша, бір кездері атын естіп таңғалатын «3D» принттері санаулы жылдың ішінде тұрмыстың сан саласынан өз орнын тауып, жайғасып үлгерді. Күнделікті өмірде қолданатын «3D» кірпік, «3D» көйлек, «3D» теледидар секілді бұйымдар сәнде салтанат құрып тұр.
Өткен жылдан бастап облыста цифрлық технологиялар басқармасы жұмыс жасап келеді. Қызметтердің интерактивлігін, өнімділігін және сапасын көтеру, шығындарды азайту, ресурстарды тұтыну және әкімдік пен тұрғындар арасында байланыс жақсарту мақсатында «Smart Кызылорда» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы адамзат ақыл-ойының кемелденуінен жеткен жетістіктер. Қысқасы, физикалық күшпен емес, мимен жұмыс жасайтын дәуірге жеттік.
Гүлхан ЯХИЯ.