Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құжаттарға қолжетімділік артты

Құжаттарға қолжетімділік артты


Соңғы онжылдықта қазақстандықтардың өміріне цифрлық технологиялар батыл енгізіле бастады. Алғашқыларының бірі ретінде 2011 жылдың басында ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» теле-радиохабар тарату желісі іске қосылды. Бізге белгілі мәлімет бойынша, бүгінде ұлттық оператор қызметін 1 миллионнан астам отбасы пайдаланып отыр.

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылғандай, 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды форматқа көшуі тиіс. Қазақстанда ақпараттық технологияларды енгізу жұмыстары мемлекеттік басқару жүйесінде де біршама сәтті қолданыла бас­тады. Оған мысал «eGov» жүйесін немесе Қазақстанның электронды үкіметін айтуға болады. Баланы босанған сәтте перзентханада жатып-ақ ұялы телефон арқылы халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беріп, әп сәтте туу туралы куәлікке қол жеткізіп жатқанымыздан барлығы хабардар болар. Оған қоса сәбидің жөргек пұлы, балабақшаға кезекке қою секілді бірнеше қызметтер сол смс арқылы бір мезетте шешілетін болған. Жаңа босанған ана үшін бұл әжептеуір жеңілдік. Осылайша, халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезекке тұрып, бір жапырақ қағаз үшін қанша уақыты мен жүйкесін сарп ететін ағайынның уақыт өткен сайын құжаттарға қолжетімділігі артып келеді.
Біраз жыл бұрын үйде отырып электронды үкіметті пайдалануға болады екен деп қуандық. Алайда, сауаты жетіп, өз бетінше порталға кіріп, қажетті құжаттарына өтініш бере алатын азаматтар кем де кем. Бәрібір көпшілігіміз ХҚО қызметкерлеріне жүгінуді тоқтатпадық.
Ал, әлем желінің жілігін шағып, майын ішетіндер телеграмның пайдасына кенеліп үлгерді. Олай дейтініміз, өткен жылы ең жиі сұраныстағы 4 қызметті алуға мүмкіндік беретін @EgovKzBot Telegram-боты жұмысын бастап кетті. 4 қызметтің ішінде – мекенжай анықтамасы, басқа заңды тұлғаларға жеке тұлғалардың қатысы туралы анықтама, сотталмағандығы туралы анықтама, жылжымайтын мүлкінің бары немесе жоғы туралы анықтама кіреді. Бұл тізім жыл басынан бері бұдан өзге бірнеше қызмет түрлерімен толығып та үлгерді. Оны қолдану үшін мобильді азаматтар базасында міндетті түрде тіркеуде болу керек. Яғни, өз телефоныңыздың нөмірін ХҚО-ға барып бір рет қана egov.kz порталының профиліне бекітіп аласыз да, кейін ұялы тұтқаңыз арқылы кез келген қызметті пайдалана бересіз.
Жаңашылдықтың арқасында автокөлік иелері үшін жүргізуші куәлігін ауыстыру және көліктерді тіркеу жұмыстары да айтарлықтай жеңілдеді.
Бірақ, теледидарды цифрлық форматта тамашалау мен құжатты электронды түрде ресімдеу арқылы елімізді цифрландыру жұмысы бітпейтіні бесенеден белгілі. Цифр­ландыру процесінің нәтижесінде елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиіс. Ал, ол үшін, ең алдымен, тағы сол ІT саласына басымдық беріледі.
Жалпы, қоғамда цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны шындық. Жаңа технологиялар білім беруден бөлек денсаулық сақтау, транспорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бағыттарында белсенді түрде енгізіліп жатыр. Дегенмен, Елбасы өз Жолдауында қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру қажеттігін айтқан болатын. Ең бастысы, мемлекет 2020 жылы ІТ-технологиялар индустриясынан түсетін пайданы жалпыұлттық ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.

Гүлхан ЯХИЯ.
12 ақпан 2019 ж. 1 242 0