Елімізде дүниеге келген сәбидің құжаттарын рәсімдеу жеңілдейді
Нәрестенің туу туралы куәлігін алу процесі бұдан былай жеңілдейді. Яғни ата-анасы тиісті мәліметтерін мемлекеттік қызмет көрсету орталығына СМС-хабарлама арқылы жөнелтеді. Ал дайын қажетті құжат оған жеткізіліп беріледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.
Баланың туу туралы куәлігін алуды жеңілдету ісі – Үкімет сағатында көтерілген негізгі мәселелердің бірі. Бұл ретте Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметтер ұялы телефон арқылы көрсетілетінін алға тартып отыр. Мәселен, перзентханада сәби дүниеге келгеннен кейін оның ата-анасының телефон нөміріне бірқатар сұрақ жіберіледі. Туу туралы куәлік пен жәрдемақыны алу және балабақшаға кезекке тұрғызу үшін сәбидің аты-жөні мен басқа да мәліметтері сұралады. Кейін өтініш беруші қажетті құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығынан алып кете алады немесе үйіне жеткізіп беру қызметін қолдана алады. Сала басшысының айтуынша, мұндай жаңашылдық зейнетақымен қамтамасыз ету саласына да енгізіледі. Дәурен Абаев бұл ретте әрбір елді мекенде байланыс және ғаламтор қызметі жан-жақты дамытылатынын айтты.
24.kz