Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылды киіз үй

Ақылды киіз үй


Кейінгі кездері Құлағымыз жиі шалып қалып жүрген «робототехника» сөзінің түбірі «робот» дегеннен шыққан. Бұл сөзді 1920 жылы Карел Чапек атты чехиялық жазушы ойлап тауып, өз шығарламаларында қолданған. Жапонияда қонақ үйде қызмет көрсетіп, АҚШ-та философиядан сабақ беретін роботтар технологиясы біздің ел үшін әлі де жас, жаңа сала.

Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы осы саланың қарқынды дамуы үшін жұмыс жүргізуде. Бағдарлама аясында робототехникадан мектептерде курстар ашылып, оқушыларды құлтемір құрастыруға бағыттауда. Осыған орай жақында Қазақстан Робототехника федерациясының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында чемпионат өтті. Оқушылар мен студенттер қатысқан облыстық чемпионатқа Шиелі ауданы, №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары қатысып, туындыларын таныстырды. Сегізінші сынып оқушылары Нұршапағат Қалменова пен Диана Баймырзаева «Лига-В» категориясы бойынша «Мини-сумо» және «Адымдаушы сумо» роботтарымен сайысқа түссе, «Robo Project-2019» жобасына 7 және 8 сынып оқушылары Шәмен Диас пен Жәния Әлібаева «Smart-киіз» үй жобасын көпшілікке көрсетті. Тұрмысқа қажетті жиһаздармен жабдықталып, смартфон арқылы басқаруға болатын smart-киіз үйді робот машиналар арқылы тасымалдайды. Күн, жел энергиясымен жарықтандырылатын үй баламалы энергия көздері арқылы тұрмыстық техникаларды да іске қоса алады. Ата-бабаларымыздың арба, керуен сияқты көліктері қазіргі жылжымалы механизмнің бастауындай болып тұр. Жоба қатысушылары заманауи үйге қарағанда киіз үйді жаңғыртып, екінші өмір сыйлағанды жөн көргендіктерін айтады. Жастардың ұлттық құндылықтарды дәріптей біліп, жаңашаландыруға талпынғандары қуантады. Информатика пәні мұғалімі Айнұр Әбиева – smart-киіз үй жобасының жетекшісі. «Қазіргі кездегі жас өнертапқыштардың ұшқыр қиялы мен заманауи техникаларды қолдана білу дағдылары өте жоғары», – деп робот жасау баланың ойлау қабілеті мен ғылымға деген қызығушылығын ашатынын сөзіне арқау етті.
Елбасының «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасы арқылы цифрлық өркениет заманында өткен ғасыр мұрасының қайта жаңғыруы көңіл қуантады. Нау­­рыз тойында ғана бой көтеретін «Ақылды» киіз үйіміз қазір де қолданысқа еніп жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Отандық бренд қалыптастыру жолында жұмыла жұмыс жасай берейік.

Назерке Мұхамедиярова.
20 сәуір 2019 ж. 1 365 0