ІТ КЛАСС БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫНА АЙНАЛДЫ
Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектепте ІТ класс ашылды. Салтанатты іс-шараға арнайы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, кітапхана үлгісімен танысты. Мектеп оқушылары арнайы бағдарламалар арқылы заманауи ғимараттардың үлгісін жасап, кейбірі мультфильм құрастыруға көшкен.Сөйтіп оқушылар жаңа технологияны еркін меңгеріп, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының дер кезінде іске асыруды қолға алды.
Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектеп бірер жыл бұрын пайдалануға беріліп, үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Мұнда 1600-ден астам оқушы білім алады. Заманауи үлгідегі мектеп жарық, жайлы. Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін арнайы оқу кабинеттері ашылған. Олардың қатарына ІТ класс қосылды. Енді мектеп оқушылары қалауынша ғимараттардың келбетін жасап, қала дамуына үлес қоса алады.
– Мен робототехника кітапханасы жобасын дайындадым. Себебі, Ақтөбе қаласында кітапхана аз әрі арнайы ғимарат салынбаған. Жұмыс уақыты шектеулі, кейде оқырман сұранысымен сай келмейді. Болашақта осы олқылықты жойып, ерекше кітапхана салғым келеді. Кітапхана тәулік бойы жұмыс істеп, балаларға қазіргі заманға сай технологиямен кітаптар ұсына алады, – деді мектеп оқушысы Ақбота Байдәулетова.
Ал мектеп оқушысы Әлішер Нұрбекұлы өз үйінің жобасын дайындап отыр. Оқушы күн энергиясын қолданып, екі қабатты ерекше үй салмақ. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев 7 класс оқушысы Альмира Бекенованың да жобасымен танысты. Ол мультфильм, аннимациялық фильм жасауға машықтанып жатыр.
– ІТ кластағы жаңа бағдарлама арқылы біз шағын мультфильм дайындай аламыз. Ойындарды құрастыруға да мүмкіндік беріледі. Болашақта осы саланың маманы болып, мультфильмдер шығарғым келеді, – деді Альмира Бекенова.
Барлық жобамен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап барлық мектепті компьютермен жабдықтау, интернетке қосу жөнінде тапсырма берді. Бұл тапсырма орындалып жатыр. Ауылда интернет нашар, сондықтан мәселелерді шешу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал мектептердің барлығында компьютер бар. Интернеттің жылдамдығын арттыру жұмысы алдағы уақытта оң шешімін табады. «Нұр Отан» партиясының 10 бағдарламасы бар. Соның бірі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы. Алдымен халыққа қызмет көрсететін мекемелерде цифрландыру жүріп жатыр. Кейін мектептерді іске асырыла бастады, – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Еліміз бойынша үйде отырып, электронды қызмет алу үрдісі артып келеді. Дәрігерге жазылу, коммуналдық төлем, жер алу, пәтер кезегіне тұру электронды түрде іске асырылады.
Орта мектепте робототехника кабинеті де бар. Балалар роботтар құрастырып, оларға арнайы бағдарлама енгізеді.
– Бұған дейін үш ІТ класс ашылып, оқушылар қазір жазғы демалысқа қарамастан біліктілігін жетілдіруге көшті. Облыс бойынша барлығы 20 класс ашылып, пайдалануға беріледі. Кез келген оқушы келіп, жаңа технологияны меңгере алады. Жазғы лагерьді сәтті пайдалануға да болады. Бұл жерде екі бағдарлама алынды, – деді «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиал төрағасы Асылжан Бүкіталин. ІТ класс жетекшілерінің бәрі арнайы оқып, білімін жетілдірген.
Алтынай Сағындықова,
Ақтөбе облысы