Елімізде мыңға жуық ақпараттық технологиялар сыныбы ашылады
Алдағы үш жылда еліміз бойынша мыңға жуық ақпараттық технологиялар сыныбы ашылып, оларда жылына 150 мың бала бағдарламалау және робототехника негіздерінен тереңдетілген білім алатын болады. Бұл – «Нұр Отан» партиясының жоспары. Қазір аталған бағыттағы жұмыстар аймақтарда біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бүгін Ақмола облысында цифрландыру мен IT саласында жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Көкшетаудағы №3 мектеп-гимназиясында биыл аймақта алғаш рет IT сынып ашылды. Мұнда енді жоғарғы сыныптың оқушылары бұрын тек колледждер мен университеттерде ғана оқытылатын 3D модельдеу мамандығын меңгере алады. Жаңа қосымша сабаққа балалардың қызығушылығы зор. Ал заманауи дәрісті жобасын мектеп мұғалімі ойлап тапқан. Марат Күлбаев, информатика пәнінің мұғалімі: – Курс аптасына 1 сағат, жылына 34 сағатқа жоспарланған. Мақсаты – оқушыларды 3 өлшемді көлеммен, яғни 3D-мен және болашақ архитекторлық, дизайнерлік мамандарды даярлау. Мен өзім мұны университетте ғана оқыдым, колледждерде бар. Мектептерде бұл болмаған. Бақытжан Қайратов, 9-сынып оқушысы: – Бұл сабақта біз 3D модельдеуді бағдарламалау арқылы біз үйдің немесе ғимараттың моделін жасаймыз. Және мен осы сабақты қызыға оқимын. Өйткені болашақта мен архитектор болғым келеді. Неге қызығамын? Өйткені ол басқа сабақтардан ерекше болып келеді. Бұл мектепте сондай-ақ бірнеше жылдан бері робототехника кабинеті де жұмыс істеп тұр. Құлтемір құрастырудың қыр-сырын жақсы меңгеріп алған балалар түрлі облыстық және республикалық байқауларда топ жарып жүр. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев қаладағы жоғары оқу орындарының бірінен ашылған IT орталықтың қызметімен де танысты. Жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындар бұл жерден бағдарламалау негіздерін үйрене алады. Жалпы еліміз бойынша алдағы жылдары осындай 20 орталық ашылып, онда 35 мың адам білім алады деп жоспарланып отыр. Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары: – Бұл енді IT орталықтар сауаттылықты ашатын ғана емес, бұлар нағыз мамандарды, бағдарламалау саласындағы мамандарды дайындайтын орталық болу керек дегенді көтеріп жатырмыз. Бүгінгі күні қазақстандық компанияларда, IT компанияларда осындай бағдарламалаушы мамандарға өте үлкен сұраныс бар. Сол сұранысты қамтамасыз ету үшін біз енді осындай орталықтарды ашып жатырмыз. Сонымен қатар халықаралық нарықта да, басқа мемлекеттерде де осындай жақсы мамандарға деген сұраныс бар. Олар енді Қазақстанның өзінде отырып, басқа мемлекеттің компанияларына жұмыс істей беретіндей бүгін мүмкіндіктері бар. Заман талабынан облыстық кітапхана да қалыс қалмайды. Мұнда жақында коворкинг орталығы ашылды. Одан бөлек мобильді кітапхана залы да жұмыс істейді. Ал аталған кітапхананың қорында 360 мыңнан астам кітап бар болса, соның 122 мыңы цифрландырылған. Цифрлық жүйе, бүгінде жер кадастры саласында да ұтымды қолданылып келеді. Енді аймақ кәсіпкерлері, облыс орталығының қай тұсында бос жер бар екенін еш кедергісіз электронды карта арқылы көріп, біле алады. Ал партияның облыстық филиалында Мәулен Әшімбаев жергілікті партия мүшелерімен кездесіп, ақмолалық «нұротандықтарға» бірқатар міндет жүктеді
24.kz