ШИЕЛІ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫНДА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Тарихы 1904 жылдан бастау алатын Шиелі теміржол вокзалына соңғы рет 2012 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі таңда жолаушыларды қабылдау қабілеті 150-200 адамды құрайды.
Өткен жылы аудан әкімдігі тарапынан вокзал маңында бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жолаушылар платформасына кіреберіс қақпа орнатылып, су мұнарасы жөнделді. Сонымен қатар 8 жарық шам, 10 орындық пен 10 қоқыс жәшігі қойылған.
Қазіргі жөндеу жұмыстарының мердігері – «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС, жобалаушы – «СК Ризалит» ЖШС. Жобаға тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ.
Аудан басшысы құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуын басты назарда ұстау қажеттігін айтып, жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Вокзал толық жаңғыртудан өткен соң, халыққа қолайлы жағдай жасалып, қызмет көрсету сапасы артып, теміржол бекетінің ажары айшықтала түспек. Бұл – жолаушыларға жайлылық сыйлайтын маңызды қадамдардың бірі.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі