Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ермегі – бөлек, арманы – ерек өрендер көрмесі

Ермегі – бөлек, арманы – ерек өрендер көрмесі


Жастар мен балалардың инновациялар мен жоғары технологияларға қызығушылығын арттырып, робототехника, IT салаларын дамыту мақсатында аудандық мәдениет үйінің кіші залында көрме ұйымдастырылған болатын. Көрменің мақсаты – құлтемір құрастыруға қызығушылық танытқан оқушылардың роботтехникасы және инженерлік жүйелерді жобалау саласындағы білімі мен дағдыларын дамытуды көздейді.
Оқушыларды озық ойға жетелеп, зияткерлік қабілетін шыңдайтын айтулы шара аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өтті.
Сонымен, оқушылар өз қолдарымен құрастырып, бағдарламасын жазған роботтары келген қонақтарды өзгешелігімен таңқалдырып, көрермендерді керемет әсерге бөледі.
Нәтижесінде, №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінің оқушылары А.Фазылкәрімов пен Қ.Сәтбаев «Үздік робототехника» номинациясы бойын­ша дипломмен марапатталды. Ал, №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары С.Төлеген, Ғ.Кенжебаев «Үздік робототехника» номинациясын жеңіп алса, №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары А.Сейтжапбар мен Е.Мұхтарұлы «Ең үздік жоба» номинацияларын иемденді. «Креативті жоба» номинациясына №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары Ж.Әлібаева мен Д.Шамен лайық деп танылды. Өзге қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Дина ӘБІЛАСАН.
19 маусым 2018 ж. 1 368 0