Алматыда жастар арасында робототехникадан ҚР чемпионаты өтіп жатыр
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы энергетика және байланыс университетінде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар арасында робототехникадан ҚР чемпионаты басталды.
Қарашаның 24 дейін созылатын бұл шараға еліміздің әр түкпірінен келген 10 команда қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр.
Еуразиялық Ұлттық Университетінің физика-техника факультетінің 4 курс студенті Олжас Абдрахман еліміздегі робототехниканың дамуына өз үлесін қосқысы келетінін айтады.
«Бүгінгі чемпионаттан жоғары нәтижеге қол жеткіземін деген ойдамын. Жалпы орын алу мақсат емес, бастысы тәжірибе жинақтау. Сондай-ақ еліміздегі робототехниканың дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Университетте робот құрастырумен айналысамыз, өз зертханамыз да бар. Қазір адамдарда роботтарға деген қорқыныш бар, яғни болашақта жұмыссыз қаламызба деп ойлайды. Одан қорықпау керек, олар тек адамның жұмысын жеңілдетеді», -дейді ол.
Чемпионатқа оқушылар командасы да қатысуда, олардың тапсырмасы студенттердікінен өзгеше, сондықтан оқушылар үздігі жекелей анықталады екен.
Шараға қатысып отырған әділқазылардың бірі Қуаныш Зікірбаев мұндай чемпионаттар жастардың білімін арттырады деген ойда.
«Робот жасау барысында жастар біріншіден әр сала бойынша білімін арттырады, яғни құрылыс, өндіріс немесе авиация, ғарыш саласы бойынша. Одан кейін робототехника тек роботтан тұрмайды, ол электроника, программалау, механика сияқты саланы меңгеруді қажет етеді. Студенттер мен оқушылар роботты жасау барысында программалауды үйренеді. Ол жастардың ойлау жүйесін арттырады. Өздеріңіз білесіздер 2017 жылы Елбасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын кеңінен енгізуді бұйырған. Содан бері еліміздегі көптеген мекемелер өндірісте роботтарды қолдануға көшуде. Мысал ретінде Қазпоштаны айтуға болады, онда адамдардың жұмысын қазір роботтар атқаруда», -дейді ол.
Baq.kz