Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Астананың 20 жылдығы аясында Теңге ілу және Аударыспақтан Азия чемпионаттары өтеді

Астананың 20 жылдығы аясында Теңге ілу және Аударыспақтан Азия чемпионаттары өтеді




Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз залында Теңге ілуден ІІ және Аударыспақтан ІІІ Азия Чемпионатын өткізуге байланысты баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы президенті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қатысты.
Аталған чемпионаттарға 9 елден (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркия) 54 спортшы, ал жалпы жарысқа қатысатын делегация мүшелерін қосқанда, 100-ге тарта адам қатысуы жоспарланған.
Теңге ілуден ІІ Азия және Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаттарының жалпы жүлде қоры – 14 000 000 теңге.
Аударыспақтан I Азия Чемпионаты 2014 жылы Астанада, II Азия Чемпионаты 2016 жылы Қытайда өткен болатын. Ал Теңге ілуден I Азия Чемпионаты Астанада 2015 жылы ұйымдастырылды. Биылғы қос чемпионат «Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу» аясында ұйымдастырылмақ.
«Мәдениет және спорт министрлігі соңғы уақытта ұлттық спорт түрлерінің дамуына аса үлкен назар аударып келеді. Бұл дегеніңіз – тарихты, тарихи санамызды жаңғырту. Биыл Астана өзінің 20 жылдығын мерекелейді. Осындау маңызды дата қарсаңында біздің ведомство мәдени шаралармен бірге, спорттық сайыстарды даярлап жатыр. Теңге ілу мен Аударыспақтан өтетін Азия Чемпионаттарына онға тарта елдің спортшылары келеді деп жоспарланған»,- деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Аталған спорттық шараларға ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті өкілдерінің қатысуы жоспарланған.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханның пікіріне қарағанда, ЮНЕСКО атынан дәрежелі қонақтардың келуі – еліміздегі ұлттық спорттың даму қарқынына деген әлемдік қауымдастықтың қызығушылығының көрінісі.
«ЮНЕСКО өкілдері шараға келетіндіктерін растады. Біздің ұлттық ойындардан өтетін Азия чемпионаттарына халықаралық ұйым өкілдерінің назар аударуы – этноспорттың келешекте әлемдік деңгейге шығуынан үміттендіреді. Бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық спортты өркендету жөніндегі бастамаларымызға үнемі қолдау білдіріп келетінін айрықша атағым келеді», деді Бекболат Тілеухан.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының «Астананың 20 жылдығына 20 ұлттық-спорттық іс шара» кампаниясын бастағаны мәлім болды. Жарыстың бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Әлеуметтік серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» корпоративті қоры.

Baq.kz
24 мамыр 2018 ж. 1 255 0