Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КИІЗ БАСУДЫҢ ШЕБЕРІ

КИІЗ БАСУДЫҢ ШЕБЕРІ

Ертеде ата-бабамыз төр алдындағы текеметті де, ат тұрманындағы туырлықты да, бас киімнен бас­тап, аяғындағы шәркейіне дейін, қыз жасауын, ер баланың сауыт ішінен киетін кебенегін киізден басып тіккен. Киіз құндылығының жоғары болғаны соншалық, хан көтергенде де халық ардақтысын ақ киізге отырғызған. Қазақтың салт-дәстүр, әдет ғұрпымен астарласа үндесіп жатқанының тағы бір дәлелі ел ішінде «киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деген мәтелге айналған. Бұрынырақта жылына екі рет «Киіз басу» науқанын жасайтын ауыл қазақтары үшін бұл кәдімгі тойдан кем түспейтін үлкен дайындықпен өтетін. Ал бүгінде көркемдік құндылық саналатын ерекше қолөнер түрі күн санап жойылып бара жатқандай көрінеді. Қазір жүн түтіп, киіз басатын адамдар жоқтың қасы. Бірақ, бұл көненің көзін көріп, әжеден тәлім алған жандар заманымызда әлі де бар. Ауданда осындай ұлттық қолөнеріміздің сарқыншағын сақтап, оны бүгінгі күнге жеткізіп, өзгелерге үйретіп жүрген ақ жаулықты ананың бірі – Күнімхан Әбділдәқызы.
Күнімхан апа жайлы ауыл тұрғындары ғана емес, аудан халқы да өте жақсы біледі. Ол бүгінде киіз басудың хас шеберіне айналған ауыл мақтаныштарының бірі. Ауыл-аймақ Күнімхан апаны «ісмер әйел» деп атап кеткен. Отбасында аяулы жар, сүйікті ана, мейірімді әже бүгінде зейнеткер ұстаздың бірі. Бар өнерді бір бойына дарыта білген оның мұғалім болып, тәлім беруден бөлек өн бойына сіңірген қадір-қасиеті жетерлік. 1961 жылы өмірге келген кейіпкеріміз «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақалдың мән-мағынасын терең түсінеді. Себебі ол бала кезден әжесі мен анасынан алған тәлім-тәрбиесін, үйренген өнерін өз қыздарына үйретіп келеді.
– Мен бала күнімнен үлкендердің тәлім-тәрбиесін алып, ауылда өстім. Нақтырақ айтар болсам, әжемнің қолында тәрбиелендім. Ол өнерлі кісі болатын. Жазғы демалыс кезінде мен бала болып ойнауды білмейтінмін. Керісінше, әжемнің жанынан шықпай, оның жасағандарына қызығып, әртүрлі дүниелерді үйреніп алатынмын. Оқушы кезімнен ол маған ең әуелі жүн түтуді үйретті. Одан соң, ұршық үйіруді, киіз үйге керекті бұйымдарды, өрмек жасау­­ды меңгере бастадым. Кейін текемет басу өнерін маған анам үйретті. Жалпы текемет қойдың күздегі қырыққан жүнінен жасалады. Біз сол балақ жүндерді алып тастап, ең әуелі сұрыптап, таразыға тартамыз. Егер қысқа текемет болса, 8-9, үлкен болатын болса 10-12 келіден өлшеп, оны сабап, оған әр-түрлі бояу әкеліп, түрлі түстерге бояймыз. Бұрындары дайын болған жүнді әжелеріміз ши тоқып, шиге басатын. Ал қазір қатты қанармен жасайды. Оны кенептен тігіп, дайындап алып шабақтап, бетіне ыстық су құйып, оны ораймыз. Оралған киізді ырғатыла басып отырып, талдырып, оны алып қойып, қайтадан қанарды жайып тағы да екінші рет қалған жүнді айналдыра шабақтап шығамыз. Талдырған талманы сол жүннің үстіне төсеп, жан-жағын ретке келтіріп, бетіне өрнек салуға кірісеміз. Алдымен тарақтан өткізген жүннің барлығын шүйкелеп, дайындап аламыз. Алдын ала оюға кететін жүнді бір бөлек, шүйке ­дайындап алып, қошқар мүйіз оюын пайдаланып, қалаған оюды оямыз. Түстер үйлесіміне аса мән береміз. Ал бояуын салып, барлығын болғаннан кейін қайнап тұрған суды бетіне сеуіп, қанарды орап, беліне арқан салып, төрт адам текеметті дөңгелетіміз. Оны білектейміз, айналдыра беттестіріп, текеметті тігеміз. Тігілген текеметті 6-7 адам отырып, қолмен ұрып отырып қарбимыз. Дайын болғанда оны қайта сөгіп алып, қайтадан қыртысын жазып, қисық жерлерін қолмен қағып түзетеміз. Осылайша дайын болған текеметті жаямыз, – дейді ақ жаулықты ана.
Жалпы, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнердің Күнімхан Әбділдәқызына берген пайдасы мол болды. Қиыншылық заманда ол осы текеметті күнкөріс көзі ретінде пайдаланды. Ауыл ішіндегі текемет басатын үйлер сол кездері Күнімхан апаны арнайы шақырып, текемет бастыратын. Одан кейін қолынан шыққан түрлі бұйымдарды қыз жасауына арнап тігіп, оны базарларға да алып келіп сатқан.
Иә, қолдан жасалған бұйым қанша ғасыр өтсе де құнын жоймақ емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз күннен күнге жойылып бара жатқан ұлттық өнерді жаңғыртып келеді.

Сымбат СҰЛТАН
28 наурыз 2022 ж. 621 0