Өнер сыры – өрнекте
БҮГІНДЕ КИІЗ БАСУ ӨНЕРІ КЕНЖЕ ҚАЛЫП БАРАДЫ. КЕЗІНДЕ ӘР ҮЙДІҢ ТӨРІНДЕ ТҰРАТЫН кілем, ТЕКЕМЕТТІ ІЗДЕСЕКТЕ ТАППАЙТЫН БОЛДЫҚ. КИІЗ БАСУ ӨНЕРІН ҰЛЫҚТАП, НАСИХАТТАП ЖҮРГЕНДЕРДІҢ ДЕ ҚАТАРЫ АЗАЙДЫ. ҮЙІНДЕ ЖҮН ТҮТІП, ТЕКЕМЕТ БАСЫП, ІСМЕРЛІКПЕН АЙНАЛЫСАТЫН АДАМ САНЫ САУСАҚПЕН САНАРЛЫҚ. ДЕСЕК ТЕ, БАҒА ЖЕТПЕС БҰЛ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ «ДУМАН-ШИЕЛІ» ЖШС АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТТЫ.
Апалардың бағзы қолөнерін еске салып, қызығушылын арттыру мақсатында «Думан-Шиелі» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Қанат Исмағұловтың бастауымен «Өнер сыры – өрнекте» атты іс-шара өтті. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жандандырып, әрі ұсақ қол моторикасын дамыту арқылы қызмет алушы ақ жаулықтылар киіз басып, текеметке ою-өрнек салды.
Ата-бабамыз бар ғұмырын төрт-түлік малға арнап, сонымен жан бақты. Терісінен шалбар, тон, кеудеше, ішік тіксе, жүнін иіріп, төсеніш, текемет, тұскиіз, сырмақ, бөстек, аяққап, кебеже, байпақ секілді дүниелерді жасап, қажетіне жарата білген қазақ халқының шеберлігіне таңғалмау мүмкін емес. Киізден жасалған дүниелері қаншама жыл өтсе де өңін бермей, еш тозбастан сол қалпында тұра берерін қайтерсің! Өкініштісі сол, бүгінде осы бір баға жетпес құндылығымыздан алыстап бара жатырмыз. Текемет төселген үйді көрсек заманнан қалған деп тіксінетін болдық. Одан гөрі қымбат болса да Арабтың әрлі, Түркия мен Ираннның түкті кілемдеріне құмармыз. Ал, сауықтыру кешенінде қызмет алып жатқан Базаркүл Ахметова мен Зүбайра Құдиярова текеметтің кереметін айтып тауыса алмады.
– Бұрын киіз басу кішігірім той іспетті өтетін. Ауылдың қыз-келіншектері мен апа-әжелері асарлатып, белсене кірісетін. Қазан-қазан су қайнатып, келіндер жағы үлкен қазанға ет асып, апа-әжелер өлең айтып, өздерінің жақсы көңіл-күйлерімен жасайтын. Киіз басу ауыл тұрғындарын ынтымақ пен бірлікке шақыратын керемет дәстүр болатын. Мұндайда барлығы да бір үйдің баласындай қызмет етуші еді. Киіз басқан жерге ер адамды кіргізбейтінбіз. Себебі, үлкендер «киіздің басы бірікпей қалады» деп ырымдайтын, – дейді Базаркүл әжей.
Еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушы Н.Үсенқызының ұйымдастыруымен өткен шараға қызметкерлермен қатар қызмет алушылар да белсенді қатысты. Текеметке түр беріп, оюмен өрнектеген аналар өткен күндерді еске алып, ұлттық өнердің өшпеуіне өзіндік үлестерін қосты.
Назира Қабланбекова