Киіз үй жиһаздары
Қазақ халқы ертеде киіз үйде тұрған. Сондықтан үй мүліктері мен жиһаздары ұлттық қолөнер дәстүрі бойынша көшпелі тұрмысқа лайықталып жасалған. Түрлі материалдардан әзірленетін үй бұйымдары киіз үй кеңістігімен жараса үйлескен. Оларда халықтың сан ғасырлық бай тәжірибелері көрініс тапқан. Үй жиһаздары көп орын алмайтындай және көші-қон кезінде алып жүруге қолайлы болатындай етіп жасалған.
Үй жиһаздары – сандық, жағлан, кебеже, жүкаяқ, әбдіре, асадал, ағаш төсек, қол сандық, шай сандық, қобдишалар, төсеніш бұйымдары – кілем, текемет, алаша, сырмақ, құрақ көрпе, жер жастық және заттар мен ыдыс-аяқтарды сақтап, тасымалдайтын бұйымдар – керме, кесеқап, аяққап, қоржын сияқты дүниелерден тұрады.
Жиһаздар қатарында сәндік, әсемдік жағынан кілемнің орны ерекше саналады. Кілем, негізінен, Сыр өңірі мен оңтүстік өлкелерде тоқылып, сол жердің атымен аталған. Тоқылу ерекшеліктеріне қарай қалы кілем (түкті), тақыр кілем (түксіз) деп бөлінсе, ою-бедерлерінің жергілікті үлгілеріне сай – адай кілемі, қоңырат кілемі, керей кілемі, үйсін кілемі, т.б. түрлері бар.
Тоқыма бұйымдарының бірі – алаша. Арнайы аспап арқылы басқұр тәрізді жалпақ етіліп тоқылып, бірнешеуінің арасын қатарынан біріктіріп, терме алаша жасайды.
Үй жиһаздарының ішінде сырмақ – көне дәуірден келе жатқан көшпелілердің материалдық мәдениетінің озық жетістіктерінің бірі. Сырмақ (сыру деген сөзден шыққан) - ою бастырып немесе жиектері өрнектеліп сырылып жасалған түрлі-түсті төсеніш. Оны биязы жүннен басылған жұқа киіздің бетіне оюлар салып, кенеппен астарлап жасайды. Сырмақ, негізінен, мал баққан қазақ, қырғыз, моңғол сияқты көшпелі малшыларға тән бұйым. Оның ою-өрнегіне және көлеміне сәйкес бірнеше түрі бар. Ошақ тұсы (ортасы) ашық келетін, дөңгелектене жасалған көлемді сырмақ от киіз, шай сырмақ деп аталады.
Көлемі жағынан киіз үйге тұтастай төсеуге болатын төсеніш киіздің бір түрі – текемет. Текеметтің оюлы текемет, шашақты текемет, салбырама текемет сияқты түрлері бар. Текемет сырмақтан үлкен, енді болып келеді. Текемет жұқа басылған киіздің бетіне бөлек боялған түрлі-түсті киізді оюлап орналастырып, су сеуіп, шиге орап, киізше басып жасалады.
Тулақ – тайдың терісін шикідей керіп кептірген көн төсеніш. Сондықтан оны тайтері деп те атайды. Тулақ жасау үшін жаңа сойылған тайдың терісін шелінен, көк етінен арылтып, тазалап алады. Егер тері өте майлы болса, күйдірілген әктас, сортаң топырақ немесе тұзды көлдің сазын жағып, майын алады. Терінің майын алу үшін құстың саңғырығын да жағады. Содан кейін теріні тегіс жерге немесе тақтайға керіп, шегелеп тастайды. Әбден кепкен тері қатайып көнге айналады. Теріні күн көзінен таса, көлеңкеде кептірген абзал. Кепкен терінің үстіне бөстек, көрпе, жер жастық салып төсеніш ретінде пайдаланады. Жүн сабағанда тулақты төсеніш ретінде жүннің астына салады.
Үй тұрмысында тұтыну мен сәндік мәні зор бұйымдардың бірі – сандық. Ол киім-кешек, мата-пұл сияқты бағалы заттарды салып сақтауға арналған. Сандықтың бетін былғарымен қаптап, құйма күміспен әшекейлейді. Түгел былғарымен қапталғанды жағлан (шабадан - чемодан) деп атайды. Сондай-ақ сандықтың бет жағына жұқа мыс қаңылтыр, жез қаңылтырларды шаршылап, кереге көздеп қадау арқылы әшекейлеу де кең тараған. Әрбір үйде 2-4 сандық болады.
Әбдіре(абдыра) – үй бұйымдары мен ұсақ-түйек заттарды сақтайтын, көлемі әр түрлі болып келетін сандық түрі. Көтеруге ыңғайлы болу үшін екі бүйіріне қос-қостан тұтқа орнатылып, қақпағына құлып салынады.
Ас-тағам, ыдыс-аяқ сақтауға арналған мүлікті кебеже деп атайды. Көші-қонда түйеге арту үшін төрт бұрышына қайыс өткізетін тесігі бар құлақ жасалған. Төрт құлақ кебеженің астына жүкаяқ қойылмайды. Қақпақтарын оймыштап, бедерлеп әшекелейді. Бір үйде 3-5 кебежеге дейін болған.
Асадал– ыдыс-аяқ және азық-түлік сақтауға арналған ерекше мүліктің бірі. Ол кебеже, сандықтарға қарағанда биік болып келеді. Екі немесе үш қабат сөрелеріне күмістелген, сүйектелген қақпақтар орнатылған.
Ұсақ-түйек бұйымдар мен әшекей-зергерлік бұйымдарды шай сандықта сақтаған. Оны ерекше сәндеп, сүйектеп, күмістеп, әшекейлеп ұстаған.
Жүкаяқ – буылған тең, қатталған, бүктелген сырмақ, көрпе-жастық, кебеже, сандық сияқты заттарды қою үшін пайдаланылатын жиһаз. Асты қуыс болатындықтан үнемі жел кеулеп, жүктің асты дым тартып, көгермейді. Оны да алуан түрлі өрнектермен әшекейлеген.
Үйге сән беретін тұтыныс бұйымдарының бірі — ағаш төсек. Қазақтарда төсектің негізгі үш түрі сақталған. Біріншісі – екі басы қайқылау келген сүйеніш тақтайы бар төрт сирақтысы. Екіншісі – екі басы қайқылау келетін алты, сегіз сирақтысы. Соңғысы – екі басы тік келген төрт сирақты кереует. Төсек бастарының қайқы болуы – жатқан адамның аяғы мен басы денесінен сәл биік келіп, демалғанда қан айналысы жақсы болатынын қазақтар баяғы заманда-ақ ескерген. Ол сондай-ақ, ажыратылып және құрастырылатындықтан көшкенде түйеге артуға өте қолайлы.