Құрақ құрап, тігін тігеді
Ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғағанда «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген тәмсілге тоқтамай кетпейміз. Әсіресе қыз баласының өмірінде ананың алар орны зор. Қыздардың іске икемді, ақылына көркі сай болып бойжетуі тікелей ана берген тәрбиеге байланысты. Сол себепті кез келген ана қыздарының қол қусырып отыруын жат әдет санап, оны әлімсақтан еңбекке баулыған. Қолы қалт етсе ине ұстатып, тігін тігуге бейімдеген. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де тігін тігу өнерін анасынан үйренгенін айтады.
Қалжан Әйменова – Шиелі ауданы, Бестам елді мекенінің тұрғыны. Ол бала кезінен қайшы мен жіпті жанына серік еткен. Бұған өмірі қол өнермен біте қайнасып кеткен анасы себепкер болған. Анасының айналасында жүріп құрақ құрауды, киім тігуді үйренген бала Қалжан қазір елуді еңсеріп, алпысты адымдаған. Әу баста үй ішіндегі жыртықты жамаудан басталған іс бүгінгі таңда тасы өрге домалаған кәсіпке айналып отыр. Қолы қалт етсе тігін машинасының жанына баратын кейіпкеріміз де өз ісінің шебері болып, өскелең ұрпаққа өнегесін бөлісіп жүр. Ауыл тұрғындарының арасында аты мәшһүр, абыройы асқақ. Бестам елді мекенінде Қалжан апаның қолтаңбасы қойылмаған құрақ көрпе жоқ деуге болады. Өйткені, ол – жылжыған жылдардың еншісінде жүріп тәжірибе жинақтаған тігінші. Кез келген адам бұйымтайын қысылмай айтып, күдіксіз сене алады.
– 14 жасымнан бастап анам осы іске баулыды. Әкем де қуанбаса, қарсы болған жоқ. Ол тігін тігу ешқашан ұмытылмайтын іс екендігін айтып, қолдау білдіріп отыратын. Қазір әкемнің айтқаны айдай келді. Халқымыз ежелден «Қол өнері – кілемде» деп қолөнерге ерекше мән берген ғой. Заман өзгерсе де сол құрмет әлі азаймаған. Қазақ бүгінге дейін құрақ құрап, көрпе тігеді, көйлек пішіп, ою салады. Бұл әкем айтқандай ешқашан өзін жоғалтпайтын сала , – дейді ісмер.
Расымен, қазақ елі ертеден киім тігумен айналысқан. Қазір бұл сала тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Тоқыма өнеркәсібі, тігін тігу өнері еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті дамытып отыр. Кез келген жерде ұлттық нақыштағы киімдеріміз сатылымға шығып, отандық бренд қалыптасуда. Сондай ілкімді істерде Қалжан Әйменованың да үлесі бар. Әсіресе қазақ төл өнер санайтын құрақ құрауда. Одан бөлек бесік жабдығы, шымылдық жасауда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған.
Ықылым заманда құрақ құрау матаның қиындысын ысырап етпес үшін жасалған. Ал қазір ол қыз жасауының көркі, шаңырақтың шырайына айналды. «Құдай құрастырсын» деп жас отауға сыйлайтын кәденің ішінде ең киелісі десе де болады. Бірақ құрақ көрпенің өңін келтіріп, келбетін кіргізу үшін қажырлы еңбек керек. Бұл турасында Қалжан Әйменова былай дейді.
– Құрақ жасау шыдамдылықты талап етеді. Бұл жерде түстің бір-бірімен үйлесімділігі өте маңызды. Матаның да қалай қиылғанына назар аудару керек. Негізі әр істі жасағанда селқос, зейінсіз қарауға болмайды. Себебі ол сүйкімсіздікке және салақтыққа әкеледі.
Көз майын тауысып, қара нардай қайратын арнап тігін тігумен айналасып келе жатқан Қалжан апаға бүгінде балалары қолдау білдіріп жүр. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дүниеге әкелген бес баласы анасына арнайы цех ашып берген. Іші барлық құралдармен жабдықталған. Бұл да келушінің көңілінен шығып, мерейін асырмай ма? Тапсырыс беруге келген жан шебердің тігін тігетін жеріне қарап-ақ пайым жасамай ма? Осы орайда бауыр еті балалары Қалжан апа үшін мақтауға болатын жұмыс атқарды десек артық емес шығар.
Қалжан Әйменова қазір тек кәсіппен айналысып отырған жоқ. Ол өзіне шәкірт ретінде келіндерін таңдаған. Осындайда үй шаруасынан босаған орамалдылардың тігін цехында шүйіркелесіп шаруа тындырып отырғаны көзге елестейді. «Алдыңғы дөңгелек қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді» деген сөзге ден қойсақ, алдағы уақытта енесінің топырағынан жаралған келіндер осы кәсіпті абыроймен алып жүреді деген сенімдеміз.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА