Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тігіншілік тіршілігіне жарап тұр

Тігіншілік тіршілігіне жарап тұр


Ойланып қарасақ адам өмірінде мамандық көп. Оны икемімізге қарай ажырата білу өз қолымызда. Бастысы мамандық таңдаудан қателесіп кетпесек болды. Пенде болғанннан кейін кейде не нәрсенің жеңіл әрі жылдам орындалып, халыққа танымал, елге белгілі болғанын қалаймыз. Бірақ, маңдай тер, адал еңбексіз тапқан ризықтың берекесі болмайтыны белгілі. Адамға қарапайым мамандықпен де еңбектің нанын татуға болады. Мысалға аспаз, дәнекерлеуші, құрылысшы, шаштараз, тігінші секілді кәсіби мамандықтардың да маңызы зор.
Міне, осындай қарапайым болса да, қоғамда сұранысқа ие тігіншілікті кәсіп көзіне айналдырып отырған жандардың бірі – Ұлбала Сәдуақасқызы. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ тұрмысқа қажетті құрақ көрпеше, көрпе, жастық, әсіресе, сіңлілеріне әдемі көйлек тігіп беруге қолы икемді болатын. Үйіндегі жарамсыз маталардан өзіне белдемше, көйлек тігіп, ата-анасын қуантқаны әлі есінде. Содан болар, үнемі анасының қасынан шықпай, бәрін көріп, үйренуге құмарлық танытып, қызыққанының арқасында бүгінде осы кәсіппен нанын тауып отыр. Әрбір жасаған бұйымын ою-өрнекпен нақыштап, тігуге құштар болды. Қарапайым отбасында дүниеге келген ол жастай тұрмысқа шығып, балаларын тігін тігіп, қатарынан қалдырмай өсірген. Сондықтан болар, тігін машинасын іске жаратып, ауыл тұрғындарының тапсырыстарын қабылдап, қыз жасауын, құрақ көрпеше, көрпе т.б. бұйымдарды тігіп, халықтың алғысына бөленіп отырған жайы бар.
– Ол кезде әр қыз баланың өзіне қажетті білімімен қатар, қол өнер немесе тігіншілікті үйренуге деген қызығушылығы жоғары еді. Өйткені, келін болып түскен жеріне «Көк иненің түбінен түрте алмайды» деген атақ жағымсыз естілетін-ді, ал, қазір қалай тіпті ине ұстай алмайтын қыздарымыз, келіндеріміз кездесіп жатады. Әрине, бәрі бірдей сондай дей алмаймын дегенмен де қазіргі қыздар тігін тігуден алыстап бара жатыр. Бірен сараңы ғана өзінің қалауымен тігіншілікті үйреніп, кәсіп қылып отыр» – дейді Ұлбала апа. Осылайша, өмірінің 50 жылға жуық уақытын тігіншілікке арнаған кейіпкеріміз 2008 жылы зейнеткерлікке шыққан. «Қолы қимылдағанға кедейлік жоқ» демекші, аяулы ана, ардақты әже үйде отырып та инесін сабақтап отыр.
Ұлбала апайдың айтуынша, иненің ұшы жаныңда отырған адамдарға аса қауіпті болғандықтан оны ұзынырақ сабақтамас үшін кейбір қыздарына «Инені ұзынырақ сабақтасаң алысқа кетесің, қысқа сабақтасаң жақын жерден жайлы орын табасың» деп әзілдесіп отырады. Өйткені, бұл енді ғана ине ұстағандарды тігіншілікке бейімдеудің бірден-бір тәсілі екенін әңгіме арасында айтты.
Тігіншілік өнері өте қарапайым болғанымен шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Ал, балауса шағынан бар өмірін тігіншілікке арнаған Ұлбала апайдың көз жеткізген қағидасына сүйенсек, әңгімеге үйір адамнан тігінші шықпайды дейді. Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулыды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
17 қазан 2018 ж. 4 244 0