ӨМІРІ ҚАЙСАРЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІНДЕЙ
ӨМІРІ ҚАЙСАРЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІНДЕЙ
Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Қарлығаш Жақыпованың мамандығы мұғалім, алайда ол ауылдастары арасында тігіншілігімен де белгілі.Екінші сынып оқып жүргенде темір жолдың арғы бетіндегі мектепке барар жолда поездың астына түсіп, бір ажалдан аман қалған Қарлығаш талай қиындықты басынан өткерді. Бір аяғы мен қолының кемтарлығына қарамастан, алдағы күннен үміт үзбеді. Мектепті бітірген соң қайсар қыз өзі қалаған оқуына түсіп, мұғалімдік мамандық алды. Жұрт қатарлы еңбек етіп жүріп, алғашында қолы қалт еткенде кілем тоқуды ермекке айналдырды. Соңғы үш жылдан бері тігіншілікке бет бұрып, бүгінде қыз жасауын тігумен айналысады.
– Бастапқыда өзімнің, жақындарымның тапсырысымен біріне көрпеше, біріне төсек жабдықтарын тігіп беріп жүрдім. Онда да мектептегі жұмысымнан босаған уақытта. Әсіресе, жазғы каникулда үйде қарап отырғанша деп тігін тігуді жөн көремін. Бірақ, еш уақытта кәсіпкер боламын деп ойламаппын. Негізінен кәсіпкер ретінде жұмысымды бастағаным биыл. Онда да бірден бастап кетуге батылым бармай, қорқасоқтап, көп ойландым. Аудан әкіміне рахмет, жөн-жобасын түсіндіріп, кәсіп ашу үшін не істеуім қажеттігін айтып, біраз кеңес берді,– деді Қарлығаш.
Содан кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша курстан өтіп, бизнес жоспарын құрып, 1 млн теңгенің қайтарымсыз грантын ұтты. Сол қаржыға екі тігін машинасын сатып алды. Өйткені, қолданып жүрген тігін машинасы әжесінен қалған өте ескі болатын.
Уақыт өте келе Қарлығашқа тапсырыс берушілер қарасы көбейіп келеді. Біз барғанда кезекті қыз жасауын дайындап жатыр екен. Кәсіпкер аудан орталығы мен Қызылорда қаласынан жиі тапсырыс түсетінін айтты. Сондай-ақ, көрпе-көрпеше тіккенде тапсырыс берушінің талғамына сай жасауға тырысады. Кейде өзі де тігінші, шебер ретінде үлгісін көрсетіп, ұсынысын айтып, өз идеясына сүйенеді. Тапсырысты орындау мерзімі де әртүрлі, көп жағдайда тапсырыс берушінің уақытымен санасады. Сол секілді қажетті материалдарды өзі табады. Ең алдымен матаның сапасына мән беретінін айтты тігінші.
– Қажетті материалдарды өзімнен шығарамын. Себебі, сапасы әртүрлі болады. Біреу тауар таныса, енді бірі танымайды. Сондықтан дұрыс мата алмауы мүмкін. Осындай жайттарды ескере отырып, өзімдегіні ұсынамын. Қазір материал алу жөнінде Түркістан қаласынан бір кәсіпкер кісімен келістім. Осыған дейін жалғыз өзім айналыстым, енді жаныма бір көмекші алып отырмын,– деді ол.
Қарлығаш облыста алғаш рет өткен «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер өнімдерінің көрме-конкурсына қатысты. Бұл оған үлкент шабыт сыйлады. Өзі секілді тағдыр тауқыметін тартқан жандардың таудай талабы, мұқалмас жігері, өлшеусіз еңбегі паш етілген көрмеден қанаттанған ол алдағы уақытта кәсібін кеңейтуге бекініп отыр. Бүгінде тек қыз жасауымен ғана шектелмей, заманауи үлгідегі перделер тігуді де ойға алған. 25 жылдық мұғалімдік еңбек жолын осылайша кәсіпкерлікпен ұштастырған Қарлығашты қайсарлықтың үлгісі дерсіз.