Екі аяқпен қыз жасауын тігетін Анар Бексұлтанова
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында тұратын Анар Бексұлтанова екі қолының жоқтығына қарамастан, шағын тігін цехын ашып, қыз жасауын тігуде.
Ол ең алғаш «Janome» тігін машинасымен құрақ құрап, көрпе тігуді үйреніпті. Әлі күнге осымен жұмыс істеп, еңбек етеді.«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Үкіметтен берілетін гранттарды ұтып алуға қатысып, бақ сынауға болатындығын құрбыларымнан естігенмін. Өзіме қолайлысы осы-ау деген оймен қыз жасауын тігуді дұрыс көрдім. Осылайша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ұйымдастырған байқауына қатысып, 3 миллион теңге көлеміндегі грантын жеңіп алдым. Үйімнен шағын тігін цехын ашып, кәсібіме бар ынтаммен кірістім», - дейді Анар.
Кәсіпкер бүгінде көпке мәлім «Махаббат» көрпелерін де тіге береді. Жұмысқа қажетті маталарды Шымкент пен Бішкек қалаларынан сатып әкеледі екен.
«Қазіргі кезде мемлекеттік бағдарлама аясында төмен пайызбен қомақты несие алып, өндіріс көлемін ұлғайтуды ойластырудамын. Үйімнің ауласынан тігін цехы ғимаратын бастап қойдым, жыл аяғына дейін салып бітірсем деген жоспарым бар. Сосын жұмысым жүріп жатса, қыз жасауы дүкенін ашамын», - дейді Анар Бексұлтанова.
Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі шебер тігін тігуден бөлек, гүл өсіріп, сурет салады. Қылқаламынан туған дүниелері түрлі көрмелерге қойылып жүр.