мақсатқа жету үшін АҚША ЕМЕС, НИЕТ КЕРЕК
Қолөнер – атадан балаға мирас болып келе жатқан Ұлттық қазынаның бірі. Ал, тігін өнері – даналық пен әсемдіктің таусылмас қайнар көзі болып саналады. «Тігін тігу өнері – махаббат пен сұлулыққа деген құштарлық жиынтығы» деген Мая Сыдық бүгінгі күні өнерін өзгеге үретіп, кәсібін кеңейту үстінде.Ы.Жақаев ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Мая Сыдық бала күнінен қолөнерге бір табан жақын өсті. Оның бала күніндегі қызығушылығы, кейін осы өнерге деген құштарлығын уақыт өте кәсіби маман болуға алып келді. Әлеуметтік желіден, теледидардан көргенін ойға тоқып, өз-өзін шыңдай береді. Ал, өмірлік серігін жолықтырып, шаңырақ көтергеннен соң бала күнгі арманын іске асыруды қолға алады. Алғашқы тапсырыс берушісі өзінің үш баласы болды. Оларға қажетті киімдерді өзі тігіп, тоқуды әдетке айналдырады. Осылай кәсібінің іргетасы қалана бастайды. Оның қолмен жасаған бұйымдарына қызыққан ауыл тұрғындары азды-көпті тапсырыс беріп, түскен қаржыға азынаулақ ақша тауып, тігін тігуге қажетті жабдықтарды ала бастайды.
Ауданда, облыста өткізілетін көрмелерде көзге түскен қолөнершіге тапсырыс күн өткен сайын арта берді. «Еңбек» бағдарламасы аясында 240 мың теңге мемлекеттік грантқа ие болды. Ол қаржыға жаңа үлгідегі тігін машинасын алып, кәсібінің көлемін одан әрі арттыра түсуді қолға алады.
Бүгінде Мая Жақаев ауылындағы мәдениет үйінен тігін цехын ашып, қасына екі көмекші алды. Яғни, екі ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Сымбат Мәуленқұл, Гүлзия Рүстембекова үшеуі қыз жасауы, жаңа қонысқа арналған көрпе-төсектер, түрлі үлгідегі киімдер тігуде.
– Облыс көлеміне танылуыма кәсіпкерлер палатасы мұрындық болды. Сонымен қатар, қолдаушым да, қорғаушым да – күйеуім Мұхтар Сарсенов. Мені әрдайым рухани жігерлендіріп, қолдап отырады. Оған деген алғысым шексіз. Сондай-ақ, бүгінгі күні кәсіпкерлерге қолдау көп. Ауыл әкімдігімен де, жастар ресурстық орталығымен де байланыстамын. Жол көрсетіп, көмек беретіндер де солар. Менің ойымша, жұмыс жасау үшін ең әуелі ақша емес, ниет керек. Ниетке байланысты талпынсаң, мақсатқа жету жеңіл болады екен, – дейді өмірін оюмен өрнектеген қолөнер шебері.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.