Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал басында өсім бар

Мал басында өсім бар

 Әдетте халқымыз «мал-жан аман ба?» деп алдымен төрт түліктің аман-есендігін түгендеп жататыны рас. Әсіресе, мал баққан ел үшін індет атаулыдан ада болу алдыңғы орында тұратындықтан, есендік сұрауымыз сол сөзден басталады. Соңғы жылдары аймақты мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде шиелілік шаруашылықтардың қосып отырған үлесі мол.
Шиелі ауданы да шаруашылықтың бұл бағыты бойынша алға жылжып келеді. Биыл ауданда мүйізді ірі қара саны – 89253-ке жетсе, қой мен ешкі – 128539, түйе – 1656, жылқы – 22956, ал құс – 30315 басты құрап отыр. Бұл тарих беттерінде таңбаланып қалған өткен жылғы көрсеткіштерден едәуір өскен. Осының арқасында биылғы жылы 4404,0 тонна ет, 17279,8 тонна сүт, 2476,9 мың дана жұмыртқа өндірілген.
Әлімсақтан атакәсіппен айналысып, болмыс-бітімін мал шаруашылығымен байланыстыра білген өңірде мал бордақылау, қолдан ұрықтандыру сынды шаруа да оң нәтиже көрсетіп келеді. Қазіргі таңда ауданда 50 бастан 120 басқа дейін мал бордақылайтын орындар бар. Олардың қатарындағы Керделі ауылдық округінде «Халық», Ақмая елді мекенінде «Әсет», аудан орталығындағы «Шорабаев Ә» бордақылау алаңдары көш бастап тұр десек қате емес. Сондай-ақ жеке кәсіп ашып, елдің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуға атсалысып жатқан жеке кәсіпкерлер де жетерлік. Олар ауданда мал бордақылау алаңының артуы үшін жұмыс істеуде. Мәселен, Бәйгеқұм ауылындағы «Бәйімбетов», Иіркөлдегі «Жерұйық», Керделідегі «Дидар», Төңкерістегі «Жылқыайдаров» алаңдарының бүгінде тасы өрге домалап отыр.
Бүгінгі таңда атакәсіп мал шаруашылығына жұрттың қызығушылығы артқан. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Мсәлен, «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға», «Ырыс» атты бағдарламалар арқылы осы кезге дейін қаншама елді мекендердегі кәсіпкерлер ісін қаржыландырудың тиімді бағытын пайдаланды. Бұл өңірде мал шаруашылығының тың серпінмен дамуына әсер еткені анық.
Тақырып мал шаруашылығы турасында болғандықтан одан өндірілетін өнімдерді айналып өте алмаймыз. Жесең азық, ішсең сусын болатын төрт түліктің өнімдері де елдің есінен шыққан емес. Қазір егінмен қоса мал шаруашылығын бірге дамытып отырған қожалықтар бүтіндей бір ауылды ағарғанмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Мәселен, «Ақмая» шаруа қожалығында мал фермасы жұмыс істейді. Мұндағы сүт өнімдері аудан орталығындағы дүкендерге және Ақмая ауылының тұрғындарына жөнелтіледі. Ал шипалы шұбат өндіретін «Ару ана» цехы Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына түйе сүтін тасымалдайды. Мұнда тәулігіне 400 литрдей шұбат өндірумен қатар, сүт, айран, құрт, балмұздақ, қымыз секілді сүт өнімдері дайындалады. Жалпы өңірде алып өнеркәсіптерден бөлек, тұрғындар да ағарғаннан алыс қалған емес. Қорасында бірді-екілі сауынды сиыры барлар қаймақ шайқап, май дайындаудан алдына жан салмайды. Ал дәмі тіл үйіретін қазақтың бренді құртты сатып, нәсібін тауып отырған жандар қаншама?!
Рас, атакәсіп тоқырау тұсында тұралап қалды. Амандық-саулық сұрасқанда да «Мал-жан аман ба?» дейтін халық үшін ол оңайға соқпады. Ал қазір бұл саланың тамырына қан, өніне нәр жүгіргенін жоғарыда сөйлеткен сандардан аңғара аламыз.
26 қараша 2022 ж. 309 0