Мал шаруашылығының жетістігі мол
Ел ризығын еселеуде мал шаруашылығының атқарар рөлі зор. Себебі, төрт түлік халықты азықпен ғана емес, ауыл шаруашылық өндірісін күш-көлікпен және табиғи тыңайтқышпен қамтамасыз етеді. Тарих беттерін парақтасақ, мал шаруашылығының осыдан ондаған мың жыл бұрын пайда болғанын аңғарамыз. Ал ғалымдардың зерттеуі қазақ жеріндегі мал шаруашылығы қола дәуірінен бастау алады дейді. Бұған археологиялық қазбалар мен көшіп-қонып жүрген жұрттың атақонысы дәлел бола алады. Сондай-ақ 1743 жылы Қалдан Серен қолынан Абылай ханды босатуға барған қаз дауысты Қазыбек бидің «Біз мал баққан елміз...» толғауы да аталған шаруашылықтың атакәсіп екенін айғақтайды. Демек қазақ елі үшін қой бағып, жылқы асырау жат емес. Тіпті ата-бабадан жалғасып келе жатқан үрдіс.
Шиелі ауданы да шаруашылықтың бұл бағыты бойынша алға жылжып келеді. Биыл ауданда мүйізді ірі қара саны – 59 622-ге жетсе, қой мен ешкі – 96 323, түйе – 1504, жылқы – 16210, ал құс – 23552 басты құрап отыр. Бұл тарих беттерінде таңбаланып қалған өткен жылғы көрсеткіштерден едәуір өскен. Осының арқасында биылғы жылы 2801,9 тонна ет, 10549 тонна сүт, 1649,3 мың дана жұмыртқа өндірілген. Ал 15 тонна балық Ресей Федерациясына экспортталған.
Мал шаруашылығында асыл тұқымды малдың маңызы зор. Ол малдың өміршеңдігі мен өнімділігін, өсім саны мен сапасын арттырудың тиімді тәсілі. Қазіргі таңда ауданда асыл тұқымды мүйізді ірі қара – 655, қой – 12400, жылқы – 162, түйе – 244 басты көрсетіп отыр.
Әлімсақтан атакәсіппен айналысып, болмыс-бітімін мал шаруашылығымен байланыстыра білген өңірде мал бордақылау, қолдан ұрықтандыру сынды шаруа да оң нәтиже көрсетіп келеді. Қазіргі таңда ауданда 50 бастан 120 басқа дейін мал бордақылайтын орындар бар. Олардың қатарындағы Керделі ауылдық округінде «Халық», Ақмая елді мекенінде «Әсет», аудан орталығындағы «Шорабаев Ә» бордақылау алаңдары көш бастап тұр десек қате емес. Сондай-ақ жеке кәсіп ашып, елдің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуға атсалысып жатқан жеке кәсіпкерлер де жетерлік. Олар ауданда мал бордақылау алаңының артуы үшін жұмыс істеуде. Мәселен, Бәйгеқұм ауылындағы «Бәйімбетов», Иіркөлдегі «Жерұйық», Керделідегі «Дидар», Төңкерістегі «Жылқыайдаров» алаңдарының бүгінде тасы өрге домалап отыр. Сондай-ақ өңірде 16 қолдан ұрықтандыру бекеті жұмыс істейді. Олар Қызылорда қаласындағы «Асыл тұқым» ЖШС және «Жаңақорған-Асыл түлік» ЖШС-мен келісімшартқа отырған.
Бүгінгі таңда атакәсіп мал шаруашылығына жұрттың қызығушылығы артқан. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға», «Ырыс» атты бағдарламалар елді мекендердегі кәсіпкерліктің жаңа түрін қолдап, оны қаржыландырудың бірнеше бағытын ұсынуда. Бұл өңірде мал шаруашылығының тың серпінмен дамуына әсер ететіні анық.
Тақырып мал шаруашылығы турасында болғандықтан одан өндірілетін өнімдерді айналып өте алмаймыз. Жесең азық, ішсең сусын болатын төрт түліктің өнімдері де елдің есінен шыққан емес. Қазір егінмен қоса мал шаруашылығын бірге дамытып отырған қожалықтар бүтіндей бір ауылды ағарғанмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Мәселен, «Ақмая» шаруа қожалығында 240 бас асыл тұқымды ірі қара бар. Мұндағы сүт өнімдері аудан орталығындағы дүкендерге және Ақмая ауылының тұрғындарына жөнелтіледі. Ал шипалы шұбат өндіретін «Ару ана» цехы Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына түйе сүтін тасымалдайды. Мұнда тәулігіне 400 литрдей шұбат өндірумен қатар, сүт, айран, құрт, балмұздақ, қымыз секілді сүт өнімдері дайындалады. Жалпы өңірде алып өнеркәсіптерден бөлек, тұрғындар да ағарғаннан алыс қалған емес. Қорасында бірді-екілі сауынды сиыры барлар қаймақ шайқап, май дайындаудан алдына жан салмайды. Ал дәмі тіл үйіретін қазақтың бренді құртты сатып, нәсібін тауып отырған жандар қаншама?!
Рас, атакәсіп тоқырау тұсында тұралап қалды. Амандық-саулық сұрасқанда да «Мал-жан аман ба?» дейтін халық үшін ол оңайға соқпады. Ал қазір бұл саланың тамырына қан, өніне нәр жүгіргенін жоғарыда сөйлеткен сандардан аңғара аламыз.
Маржан
БОЛАТҚЫЗЫ