Берекені балықтан тапқан
Балық шаруашылығымен дүниежүзі бойынша Жапония, Қытай, АҚШ, Чили, Перу және Ресей елдері көптеп айналысады. Шаруашылықтың бұл түрі елімізде де жыл өткен сайын қарқынды дамып,шиелі ауданында да өркен жайып, балық өсірушілер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – кәсібін қолда бар қаражатымен бастаған нартайлық Сүйіндік Аманжолов.
– 2007 жылы бұқаралық ақпарат құралдарынан резервке көл беріледі деген хабарламаны естіп, тәуекелге бел байлап, конкурсқа қатыстым. Асығым алшысынан түсіп, екі бірдей көлге ие болдым. Олар Нартай ауылына жақын орналасқан көлемі 15 га Қарақұм мен жер аумағы 70 га болатын Домалақ көлі. Былтырдан бастап осы аталған Домалақ көлінің бір бөлігін демалыс орнына айналдырып, халықтың пайдасына жаратып отырмын, – деп әңгімесін бастады балықшы.
Сүйіндік ақсақал бүгінде жетпістің желкенін тартқан жан. Зейнетке шыққанға дейін №156 Н.Бекежанов атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Кейін қолы қалт еткен тұста өзгеге алақан жаюды жат көріп, балалары және немерелерімен бірге балық шаруашылығын бастаған. Әлі де болса аяқ-қолы жылдам, өз ісіне мығым, ширақ көрінеді. Бүгінде 18 түрлі балық, оның ішінде сазан, жыланбалық, шортан, лақа, мөңке, алабұға, табан, тұқы, ақ амур т.б. түрін өсіріп отыр.
– Мал, егін, құс, балық т. б. ауыл шаруашылығының ішінде балық аулау өзіме жақын болғандықтан, осы кәсіп түрін таңдадым. Кез келген істің басы-қасынан дұрыс табылу үшін әрине, біліміңді жетілдіру бірінші орында. Сондықтан мен бұл істі бастамас бұрын 5 күндік семинар-тренинге қатыстым, – дейді С.Аманжолов.
Ол қазіргі балық шаруашылығын отбасылық кәсіп түріне айналдырған. Осы жолда өзі ғана емес, ұлдары мен немерелерін арнайы балық шаруашылығы бойынша семинар-тренингтерге оқыту үшін Балқашқа жіберіп тұрады екен.
– Мен 2014 жылы тағы да Жаңақорған ауданы, Төменарық елді мекенінде орналасқан аумағы 70 га болатын «Қалғандария-3» көлін ұтып алдым. Балық өндіру кәсібімді одан әрі дамытып, нарыққа шығарып жатырмын. Бізге қыркүйек, қазан айлары балық аулауға өте оңтайлы. Өйткені, балық осы айларда көп салмақ қосады. Сондықтан біз аталған екі айда жаппай балық аулауға шығамыз, – дейді кәсіпкер.
Осылайша жұмысты жүйелі түрде жолға қойған отбасының кәсібі көз қызығарлықтай. Біз сөз етіп отырған шаруа қожалығы биылғы маусымда 1,5 млн шабақты өсіріп отыр. Шаруашылық бүгінде Шиелі ауданы тұрғындарын балықпен қамтамасыз етеді. Тағы айта кететін жайт, Сүйіндік Аманжолов өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында БҰҰ-ның «Шалғайдағы елді мекендерді дамыту және балық шаруашылығының» арнайы бөлінген қайтарымсыз грантына ие болған. Бүгінде оның аталған кәсіпке қажетті барлық құрал-жабдықтары жеткілікті түрде қамтылған. Тіпті балық тасымалдайтын көлігі де бар. Кәсіпкер алдағы уақытта балық өсірумен ғана шектелмей, оны өндіруді де көздеп отыр.
Бүгінгі кейіпкерімізге қарап, кәсіптің қай түрімен айналысамын десек те, ең алдымен білім мен қабілет керек екенін түсіндік.
Фариза КЕНЖЕШОВА