Көлдерге көрік сыйлады
Жыл сайын мамыр айында су жағалауларының аумақтарын жинау мен тазалау мақсатында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы өткізіледі.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Б.Намаевтың бекітілген шарасы мамыр айының соңына дейін жалғасады. Яғни бұл шара жергілікті балық шаруашылығы маңызы бар су айдындарында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясын өткізіп, тазарту жұмыстарымен айналысады. Шиелі ауданының аумағында орналасқан барлық балық шаруашылығы су айдындарының жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Шараға сәйкес, аудандағы Жуантөбе ауылдық округінде орналасқан «Тауықкөл», Керделі ауылдық округіндегі «Домалақ» пен «Қарақұм», Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Жамайка» және Ақмая ауылындағы «Дамир» су айдындарының жағалауы тазартылды.
Аудандағы бір айлық «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясының нәтижесінде, тазалау жұмыстарына жиырма алты адам қатысты. «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің» директорының орынбасары М.Асанханұлы мен аталмыш мекеменің ихтиолог маманы Б.Байділдаев, аға орманшы және орманшылар, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінен арнайы пән оқытушысы мен он студент, табиғат пайдаланушылар және қорықшылар да аталған іс-шараға бір кісідей атсалысты. Сондай-ақ суда қалған және көлдердің жағалауында шашылған тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жүк көлігімен қүл-қоқыстарды арнайы орынға жеткізді.
Бұл шара облыс көлемінде мамыр айының соңына дейін жалғасын табатындықтан, мекеме директорының орынбасары М.Асанханұлы мен осы мекеменің ихтиолог маманы Б.Байділдаев, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарымен іс-шараны жоспарға сәйкес орындады. Демалуға келген табиғат пайдаланушыларға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, айдындарды ластамау туралы ақпараттар таратты. Сонымен қатар табиғатты таза ұстап, оны қорғауға шақырды.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.