Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Серпін бар Шиелінің әр ісінде

Серпін бар Шиелінің әр ісінде



Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы.
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы – деп рухтанған қазақ халқы дәнге толы даласын жырға қосып, бүгінде әнұранына айналдырып, жүрек тұсына қолын қойып, ерекше тебіреніспен айтады. Әрбір диқан өзіне арналғандай, ерекше қайрат-жігер алады. Дархан дала төсіне дән өсіріп, мал жайған Шиелі халқының ала жаздай төккен тер, еткен еңбегі қоңыр күзде ризығына айналып, қамбасын қызылға толтырады. Ел ырысын еселейтін берекелі күзде егіс даласын дүбірге бөлеп, егінші-механизаторлар Сыр маржанын жиып-тере бастайды. Одан қалды, төрт түліктің қыс азығын қамдап, жем-шөбін әзірлейді. Қажетті техника да сақадай-сай.

Егін бітсе – елдің ырысы
Күз – ел жұрттың кәрі қысқа қамданысының қыза түсер сәті. Бұл нағыз шөп шабу, егін ору, дәнді-дақыл жинау секілді қым-қуыт қарбалас уақыт. Көктемнің күлімдеген күндерінде қара жердің қойнына алтын дәнін сепкен шаруа иелері енді сол еңбектерінің қайтарымына қарқынды күш жұмсауда. Есіл еңбектің еселенген табысын көремін деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей, еңбектенген шаруа қожалықтардың шаруақор азаматтары бүгінде егістік даласындағы қызу науқанды тәмамдауда. Жалпы, ағымдағы жылы 29062 гектар жерге егін егілсе, оның ішінде негізгі дақыл күріш – 12627 гектар, күздік және жаздық бидай – 1180 гектар, жүгері – 250 гектар, жоңышқа – 9186 гектар жерді қамтыды. Бүгінгі таңда күздік, жаздық бидай дақылдары толық орылып, 1970 тонна бидай қамбаға құйылды. Сондай-ақ, 1100 гектар картоптан 27500 тонна, 1474 гектар көкөністен 44220 тонна және 2109 гектар бақша дақылдарынан 63270 тонна өнім жиналды. Ала жаздай ақ маңдайын күнге күйдіріп, жомарт жердің бабын тапқан диқан қауымының қуанышқа бөленер сәті де осы кез. Құнарлы топыраққа бір дән тастап, бір жылдық азықты қамдаған шаруаның қара күші мен адал еңбегінің еселеніп қайтуы да нұр емес пе?
Су бетінде тербелген ақ күріштің отаны киелі Шиеліні сөз еткенде сонау, 1942 жылы 20 гектар күріштің әр гектарынан 150 центнерден өнім алып, Социалистік Еңбек Ері атанған Ким Ман Самды, 1944 жылы 5 гектар күріштің гектарына 172-ден өнім жиып, әлемдік рекорд орнатқан дән атасы Ыбырай Жақаевты тілге тиек етпейтін жан жоқ, сірә. Кетпенін күнге суарып, ми қайнатар аптап ыстықта атыз бойын жағалаған еңбек адамының нағыз бейнесі осындай. Содан бері ауылшаруашылық саласындағы серпіліс жыл сайын өсім беріп, аудан экономикасына да ықпалын жасауда. Тіпті, ағымдағы жылы ауылшаруашылығы өнімдерінің әлеуеті артып, 3648 тонна қарбыз, 3744 тонна қауын, 701 тонна қызанақ, 580 тонна қияр еліміздің бірқатар қалаларына экспортталды.
Мал азығы – ертеңгі ел азығы. Қыстың қамын ерте ойлайтын ауылдағы ағайынның шөп қылтия шабындық іздейтін әдеті. Қазір ауданда мал азығының сенімді қорын жасау жолында қызу еңбек жүріп жатыр. Шаруагерлер жем-шөп дайындауды науқан уақытында бірінші орынға қойды. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, қысқа әзірлікті бастап, қазірдің өзінде мая-мая шөпті едәуір көлемде жинап үлгерді. Негізгі меже – 113 мың тонна болса, қазіргі уақытта жоңышқа шөбін ору жұмысы аяқталып, орта өнім 65-70 ц/га көрсетіп тұр. Яғни, 38,2 мың тонна жоңышқа, 80,8 мың тонна табиғи шөп, аудан бойынша барлығы – 119 мың тонна шөп қоры бар.

Күзгі науқанға 560 техника жұмылдырылды
Сары далада алтын дәнін ысырапсыз жинап алу жолында шапқылап жүрген ауданның бірталай шаруа қожалық иелерінің егін орудағы жұмыстарын жандандыратын негізгі күш – техника. Биылғы жылдың күзгі егінін жинау науқанына 116 комбайн, 63 жатка, 330 дана трактор, 51 жүк көлігі жұмылдырылып, қызу іске кіріскен. Иә, агроөнеркәсіп кешенін техникасыз дамыту мүмкін емес. Техниканың сайлы болуы – еңбек өнімділігін арттырудың төте жолы десек, оны жаңартып, жөндеу жұмыстарын да назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Өйткені, заман талабына сай түрлі жаңа техникалар жасалып, диқандардың мүмкіншілігін арттыруға көп жәрдемі болары анық.
Шаруаға сеп болып, ісін өрге домалату мақсатында ағымдағы жылы 22 техника лизингке және өз қаржысына алынып, ауылшаруашылығындағы техникалар қатарын толықтыра түсті. «Нұрасыл», «Алтын дән», «Береке», «Ақмая», «Құлагер», «Еркін», «Төңкеріс және К» т.б шаруа қожалықтарға алынған фронтальді жүк тиегіш, доңғалақты трактор, экскаватор, комбайн, трактор тіркемелері сынды жаңа көліктер күзгі науқанның көркін кіргізді. Тіпті, «Бұрын күріш тұқымын уыстап алып, бей-берекет шашып келген күрішшілер, енді себу нормасын, егу кезеңін, баптау ережелерін, ору мерзімін қатаң сақтайтын болды. Ал, күріш егісіне механизация күшінің біртіндеп ене бастауы, олар үшін зор мүмкіндіктер ашты. Бұрын тек қол еңбегіне жалынатын күрішшілер, енді әрбір жұмысты механизациялауға тырысты. Менің де ойым сол – тек механизация. Адамның ауыр еңбегін жеңілдетпейінше, одан ақылды іс шығуы мүмкін емес, ондай адам жүнжіп берекетсізденіп кетеді» – делінген Ы.Жақаевтың «Менің бақытым» атты кітабында. Ал, бүгінгі таңда мойны сорайған экскаваторды, оның бір алғанда жеті-сегіз текше метр топырақты бірден лақтыратын апан ауыз ожауын көріп жүрміз. Сондай-ақ, жер қазатын, топырақ таситын, құм аударатын скрепер, грейдер сияқты машиналар да қазір жеткілікті. Бұл да бір ауылшаруашылығындағы жаңғыру десек жаңылмаспыз-ау.
Кесімді малға өсім бар

Ауыл шаруашылығының негізгі саласы, мыңғыртып мал өсіріп, оның өнімдерін өндірумен айналысатын мал шаруашылығы десек,­ ол халықты азық-түлікпен, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін шикізатпен, ауылшаруашылық өндірісін күш-көлікпен және табиғи тыңайтқышпен қамтамасыз етеді. Мал шаруашылығының тарихы осыдан ондаған мың жылдай бұрын жабайы жануарларды қолға үйрету кезеңінен бастау алғаны белгілі. Содан бері ХХ-ғасырдың басына дейін адамдардың әл-ауқаты мен тұрмыс тіршілік деңгейі түгелге жуық мал шаруашылығының өркендеу деңгейімен анықтала бас­тады. Негізінен, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және­ мәдени дамуында мал шаруа­шылығының орны ерекше. Ал, Шиелі ауданында 38 ауылшаруашылығы кооперативі болса, оның ішінде 6 кооператив мал шаруашылығы бағытында, 2 балық шаруашылығы және 1 сүт бағытында жұмыс жасайды.
Төрт түлігін төлдетіп, өрісін кеңейткен Шиелі халқы да ата-баба үрдісін жалғап, мал басын көбейтуге ерекше ден қояды. Ауданда мүйізді ірі қара саны биыл – 56051-ге жетсе, жылқы – 15700, түйе – 1469, ал, қой мен ешкі – 92170, құс – 37761 басты құрап отыр. Бұл көрсеткіш 1980 жылдары ірі қара 23 мың, жылқы 4246, түйе 1377, қой 187 мың басты көрсетсе, биылғы жылмен салыстырғанда едәуір өсім теңелгенін аңғартады. Үстіміздегі жылы мал мен құстың тірілей салмақта етке өткізілуі 3090,5 тоннаны құрап отыр. Сонымен қатар, 12028,7 тонна сүт, 2249,5 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы – малдың өміршеңдігі мен өнімділігін, өнім сапасын арттырудың негізгі жолы. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданда асыл тұқымды ірі қара – 602 басқа, асыл тұқымды қой – 8272, жылқы – 144 және түйе – 380 басқа жетіп отыр. Оған қоса, 5 шаруа қожалықта мал бордақылау алаңдары іске қосылып, жұмыс жасауда. Осы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, оның өнімділігі мен сапасын арттыру бойын­­­ша­ субсидия бөлу мәселесі де қолға алынып, ауданның тауар өндірушілеріне 2018 жылдың басынан бері барлығы 183 334 000 теңге субсия төленді.
Жалпы, қазақ халқы үшін малдың бабын табу қиындық тудыра қоймайды.Мінсең көлік, ішсең сусын, жесең азық төрт түліктің жүні де кәдеге жарайтыны тағы бар. Мал бордақылау, қолдан ұрықтандыру секілді шаруа да оңынан жүріп тұр. Бүгінгі таңда, ауданда 16 қолдан ұрықтандыру бекеті жұмыс жасайды. Қызылорда қаласындағы «Асыл тұқым» ЖШС және «Жаңақорған-Асыл түлік» ЖШС келісім шартқа отырып, жыл басынан бері 2409 бас аналық сиырды қолдан ұрықтандыру қолға алынды.
Мал шаруашылығын тілге тиек еткен соң, одан өндірілетін өнім түрлеріне ойыссақ. Бұл орайда алдымен, ауданда отандық өніммен халықтың аузын аққа тигізіп отырған «Ару Ана» шұбат цехын мақтанышпен айта аламыз. Жобалық құны 60 млн. теңгені құраған цех тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдеуден бастап, биылғы жылы 61 млн. теңге несие алып, жаңа құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Енді, тәулігіне 1 тонна шұбат өндіруге қауқарлы цехта сиыр сүтінен де өнімдер шығарылады. Демек, аудандағы дүкен сөрелерінен өзіміздің қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт, шұбатты кезіктіруге болады. Биылғы жылдың ерекше жаңалықтарының бірі – түйе сүтінен жасалынатын шоколадты, ванильді, құлпынайлы балмұздақты да Шиелі өңірінің туындысы деп ауыз толтыра айтсақ болады.

Ұлт болашағы үшін
ұтымды қадам
Елімізде 2009 жылдан бері ауылға жас мамандарды тартуға арналған «Дипломмен ауылға» жобасы жұмыс істейді. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласындағы маманның кадрлық тапшылығын жоюға бағытталғаны белгілі. Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынады. Осы жылы ауданда 62 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты. Оның 33-і білім беру саласында болса, 27-сі денсаулық, 1-і ветеринар енді 1-і әлеуметтік сала бойынша. Бұл дегеніміз бөлінген 3 607 500 теңге қаржының 219 414 365 теңгесі игерілгендігін байқатады. Ал, бюджеттік кредит алу үшін 281 маман кезекте тұр.
«Дипломмен ауылға» бағдар­ламасы ауыл-аймақты жандандырып, жастардың күшіне басымдық беруге негізделіп отыр. Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Бізді асырайтын ауыл. Қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын, қайта қауымдастырып, біріктіру қажет» – деп ашық та, анық айтқан болатын. Негізінен бағдарлама ҚР Үкіметінің 2014 жылғы №837 қаулысы барысында жұмыстар атқаруда. Аталған сала бойын­ша, ауылдық елді мекендерге тұрақты жұмысқа орналасқан мамандарға мемлекет тарапынан жетпіс еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін алты жүз отыз еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылуда. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу 15 жылға дейін, 0,01 % жылдық мөлшерiнде белгіленген. Бұл жастар үшін де тиімді. Яғни, жұмыс та, баспана да бар. Әрі туған жеріне қызмет етіп, ауылдың көркеюіне өзіндік үлесін қосады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
13 қазан 2018 ж. 2 128 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930