Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал-жан аман ба?

Мал-жан аман ба?

Әдетте халқымыз «мал-жан аман ба?» деп алдымен төрт түліктің аман-есендігін түгендеп жататыны рас. Әсіресе, мал баққан ел үшін індет атаулыдан ада болу алдыңғы орында тұратындықтан, есендік сұрауымыз сол сөзден басталады.
Соңғы жылдары аймақты мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде шиелілік шаруашылықтардың қосып отырған үлесі мол. Мұндағылар сонымен қатар, мал басын көбейтуде де біраз табысқа қол жеткізді. Төрт түлік санының артуы әлеуметтік салаға да игі әсерін тигізуде. Осыған байланысты ауылдарда жаңа жұмыс орындары көбірек ашылып жатыр.
Бүгінде Шиеліде 201 майда қожалық пен 339 жеке кәсіпкердің бірігуімен 40 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның ішінде 7 кооператив егін шаруашылығы, 22 кооператив аралас, 1-еуі бал арасы, 2-еуі балық шаруашылығы және 1-еуі сүт өңдеу бағытында жұмыс жасайды. Ал 7 кооператив мал шаруашылығына тиесілі.
Жалпы төрт түлікті түлетіп, ата кәсіпті жандандырғысы келетіндерге үкімет үнемі қолдау жасап келеді. Мал шаруашылығын арда тұтқан ағайындар соның арқасында бұл саладағы орын алған мәселелерді шешуге мүмкіндік молайғанын айтады.
«Мал өсірсең, қой өсір. Өнімі оның көл-көсір» деген қазақ «Есің кетсе, ешкі жи» және «Ебін тапсаң, ешкі бақ» дегенді де айтқан. Ал жылқы, түйе мен сиырдың жөні бір бөлек. Жалпы аудандағы мал шаруашылығында төрт түліктің басы мен өндіретін өнім көлемінде тұрақты өсім бар.
Атап айтқанда, 89 509 бас мүйізді ірі қара, 136 320 бас уақ мал, 23778 жылқы мен 1 656 бас түйе өсіріледі. Оған қоса шиелілік шаруалар 31 918 бас құсты да қатар өсіріп келеді. Нәтижесінде ет пен сүт өнімдерін өңдеп, түрлі тағамдар дайындайтын жергілікті кәсіпорындардың әлеуеті жыл өткен сайын артуда. Мәселен бір ғана «Аруана» шұбат өндіру цехында күніне 400 литр шұбат шығады. Оған қоса сүт, айран, құрт, балмұздақ, қымыз секілді өзге де сүт өнімдері сұранысқа сай сапалы өндіріледі. Жергілікті өнім бүгінде аудан дүкендерінің сөрелеріне орналастырылған. Одан бөлек көрші аудандар мен Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына тасымалданады. Сол секілді «Шиелі құс» фермасы ауыл-аймақты сапалы жұмыртқамен қамтып, бірқатар тұрғынға тұрақты жұмыс берді. Негізін қалаушы кәсіпкер Насыр Мырзабеков 2016 жылы 10 мың құспен ферма ашып, бір жылдан соң оның санын 20 мыңға жеткізген. Айта берсек мұндай мысалдар Шиеліде жетерлік. Бастысы шаруалардың тіршілігі ширақ, қора-қопсысы сайлаулы.
Шиеліде жыл басынан бері 3 мың тоннадан аса ет, 15 мың тоннаға жуық сүт пен 2 мың дана жұмыртқа өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бірнеше процентке артып отыр.
Қазақтың жаны – ауыл. Қазір шамамен 7,7 млн адам немесе халықтың 41 проценті ауылда тұрады. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартпайынша, ауыл шаруашылығы өнімін арттыру мүмкін емес. Осыны ескерген Президент «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру жұмысы жалғасатынын мәлімдеді.Шағын елді мекендерді дамытуға қатысты күрмеуі қиын күрделі мәселе жоқ емес. Осы орайда, өңірлік стандарттар әзірленіп, мыңнан астам ауылға жағдай жасалады. Мемлекет басшысы Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде ауылды дамытуға 90 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражат көлік, ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады.
Түйін. Мал шаруашылығы – бабадан қалған кәсіп. Оны қазба байлықтың қазаны суалмай тұрғанда дамытпасақ, таяққа сүйеніп, далада қаларымыз анық. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі – ең маңызды мәселе. Мәселен озық технологиялы ­Германияда ауыл шаруашылығы тауарларының 70 процентін мал өнімдері құраса, АҚШ пен Жапония сынды дамыған елдер – осы саланың алпауыттары санатында. Әрине бұл бағыттағы қарқын бізде де жаман емес. Десе де, мал шаруашылығы саласын одан әрі аяғынан нық тұрғызып, одан өндіретін өнімді әлде де арттыра түсу керек-ақ.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
03 қараша 2022 ж. 1 094 0