Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашылығы ауыр шаруашылық па?

Ауыл шаруашылығы ауыр шаруашылық па?

Бүгінде ауылшаруашылығы саласының дамуы еліміздегі негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Соның ішінде ауылдық жерлердегі мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы басты назарда. Осы орайда аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы саласының ахуалы, атқарған жұмыстары, алдағы уақыттағы жоспарлары жайлы бірқатар ақпараттар алу үшін аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов мырзамен сұхбат жүргізген болатынбыз.

– Ерсұлтан Амантайұлы, аудандағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталып өтсеңіз?
– Ауданда 2021 жылдың 12 айында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 34 434,4 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,9%-ға артты. Атап айтсақ, егін шаруашылығы бойынша 23 793,0 млн теңге (100,4% ) мал шаруашылығы ­бойын­ша 10 324,8 млн теңге (102,2%) орман және балық шаруашылығы бойынша 316,6 млн теңге өнім өндірілген. Өткен 2020 жылмен салыстырғанда өндірілген өнімнің үлесі 2 900,8 млн теңгеге көбейді. Оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 1 804,8 млн теңге, мал шаруашылығы бойынша 1 324,6 млн теңгеге артты.
– Егін шаруашылығына нақтырақ тоқталсаңыз. Өткен жылы өндірілген өнім көлемі қандай болды, биыл қандай өнім түрелірін ұлғайтып немесе қысқартуды жоспарлап отырсыздар?
– Өткен жылы егін шаруашылығы саласы бойынша 23 793,0 млн теңгенің өнімі өндіріліп, аудан егін шаруашылығы бойынша «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. 2021 жылы орын алған су тапшылығы мен қуаңшылыққа байланысты биыл күріш дақылының көлемін 11 000 гектарға, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 1 039 гектарға қысқарту жоспарда бар. Болжамға сәйкес егінге бөлінетін су аз болғандықтан, алдағы көктемгі егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында картоп, көкөніс, бақша, соя, арпа, жүгері дақылының егіс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар тамшылатып суғару әдісін кеңейту мақсатында 150 гектар жерді пайдалану көзделуде. Күріштен бөлек суды аз қажет ететін дақылдарды орналастыруымыз қажеттігі жөнінде шаруашылық құрылымдарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.Ағымдағы жылы жалпы болжам бойынша 29 250 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленді.
– Ауданда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейі қандай?
– Бүгінгі күні ішкі нарықты ауданда азық-түлік тауарларынан күріш, картоп, ет, сүтпен қамтамасыз етуде. Қалған азық-түлік тауарлары сырттан тасымалдануда. Осы орайда, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін ұлғайту жос­пар да бар. Маусымдық бақша, көкөніс дақылдары жеткілікті түрде өндірілуде. Ауданда 5 наубайхана жұмыс істейді. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ауданда 2 жәрмеңке, СПК «Байқоңыр» тарапынан нарық бағасынан төмен бағада 3 рет өз тауарларын өткізді.
– Түрлі факторлар әсерінен елімізде азық-түлік бағасы үнемі құбылып тұратыны белгілі. Қыс айларында баға тіптен аспандап кетеді. Осы тұста азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік жәрмеңкелерден бөлек қандай қолдау шараларын жоспарлап отырсыздар?
– Шиелі ауданы бойынша «Amanat» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы іс-шаралардың ішінде Шиелі кентінен азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік дүкен ашу жоспарланған. СПК «Байқоңыр» тарапынан ауданға 20,0 млн теңге зайымдық қаражат беру арқылы сол кәсіпкерлердің сауда орындарында азық-түлік бағасын тұрақтандыру көзделген. Осы аталған іс-шараны орындау мақсатында аудан әкімінің ықпалымен Мұхтар Жайсанбаев «ADAL mart» дүкенін ашып, қазіргі таңда 19 түрлі азық-түлік өнімдерін 10-15 процентке нарық бағасынан төмен сатуда. Алдағы уақытта тағы әлеуметтік дүкен ашу жұмыстары жүргізіледі.
– Бұл сұрақты қойған себебіміз, қазіргі уақытта азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Кеңес Одағы тұсында жұмыс істеген азық-түлік сақтайтын арнайы қоймалар жұмысын қайта жандандыру мәселесі сұранып тұрғандай. Бұл бағытта белгілі бір жоспарлар бар ма?
– Шиелі ауданында 2023 жылы іске асырылатын жобаның бірі «Авангард» шаруа қожалығының көкөніс сақтау қоймасын салу жобасы. Жобаның құны – 120 млн теңге. Қуаттылығы жылына 2000 мың тоннаға дейін көкөніс сақтауға мүмкіндік береді. Жоба іске асырылғанда 4 адам жұмыспен қамтылатын болады.
– Тағы бір ескеретін жағдай шаруаның еккен егіні мен төккен тері далаға кетпес үшін Жаңақорған ауданының тәжірибесін қолдана отырып, дайын өнімді Солтүстікке және басқа да сұраныс білдірген аймақтарға жеткізіп беру мәселесін әкімдік тарапынан шешіп беру ойда жоқ па?
– Осыған сәйкес, аудан бойынша бүгінде 407 тонна «Ақ күріш», 765 тонна қарбыз, 388 тонна қауын және 150 тонна қызанақ дақылдары Ресей және Қырғызстан елдеріне жөнелтілді. Сондай-ақ, Қазақстанның басқа да облыстары мен қалаларына (Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазған және Жаңаөзен) 284 тонна ақ күріш, 22 тонна қарбыз, 40 тонна қызанақ және 128 тонна жоңышқа шөбі жөнелтілген.
– Енді егін шаруашылығынан сәл алыстап, мал шаруашылығына ойыссақ. Аудан әкімінің орынбасары қызметіне келгеніңізге жуырда 1 жыл толады. Ветеринария саласында 15 жыл білікті қызмет істеген білікті маман ретінде осы бір жыл ішінде аудандағы мал шаруашылығына қандай өзгерістер алып келдім деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда төрт түліктің аймаққа етене жақын түрі мүйізді ірі қара мен қой малын өсірушілерге мемлекеттік қолдау кеңейіп селекциялық асылдандыру жұмысын жүргiзуге, ет өндiруге байланыс­ты мемлекеттен субсидия тағайындалып, бағдарламаларға қатысып отырған шаруашылық құрылымдарының саны көбейіп, төрт түлік мал саны артуда.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына мүйізді ірі қара – 72691, қой мен ешкі –108260, түйе –1525, жылқы – 22595, құс – 32426 басты құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда барлық түрлерінен өсім бар. Мүйізді ірі қара 113,0%-ға, қой мен ешкі 117,5%-ға, жылқы 122,0%-ға, түйе104,9%-ға, құс 103,7%-ға өсті.
Аудан бойынша мал басының ­артуына байланысты өндірілген өнімдерде өсім тиісінше артқан. Төрт түлік малдан өндірілген өнімдер (тірілей салмақта) 5365,6 тонна ет (ет өндіру-102,2%-ға артты), 20931,6 тонна сүт (сүт өндіру-102,9%-ға артты) 2964,3 мың дана (108,0% артты) жұмыртқа өндірілді.
Бүгінде мал шаруашылығы бойынша ауданда асылдандыру бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал басының үлес салмағын 1,4 процентке жеткізу жос­парланып, 2022 жылдың 1 қаңтарына асыл тұқымды мүйізді ірі қара 1282 басқа жетіп, асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал басының үлесі 1,8 процент болды.
Асыл тұқымды ұсақ мал басының үлес салмағын 21,3 процентке жеткізу жоспарланса, 2022 жылдың 1 қаңтарына асыл тұқымды ұсақ мал 29658 басқа жетіп асыл тұқымды ұсақ мал басының үлес салмағы 27,5 процент болды.
– Былтыр қуаңшылыққа байланысты Арал ауданында үлкен табиғи апат орын алды. Осыны естігендердің кейбірі мал азығы мен шөптің бағасын негізсіз көтеріп, тіпті 1 жоңышқа прессінің бағасы 1000-1500 теңгеге дейін көтерілді. Биыл мұндай жағдайлар қайталанбасына кепіл бар ма?
– Шиелі ауданы бойынша 2021-2022 жылдары мал қыстатуға байланысты іс-шаралар жоспары жасалынып, бірқатар жұмыстар атқарылды.
Былтыр жем-шөп жетіспейтін ауылдарға мал азықтық дақылдар көптеп егілетін өзге ауылдардан (Ақмая, Тұран, Бестам, Иіркөл, Бәйтерек, Керделі ауылдық округтерінен) қолжетімді бағада қамтамасыз ету мәселелерін бір жолға қою мақсатында мал шаруашылығы азығын өндіруші шаруалармен келіссөздер жүргізіліп, меморандумдар жасалды (Алмалы, Қоғалы, Сұлутөбе, Ортақшыл, Майлытоғай).
Аудан бойынша 2021-2022 жылға қысқа түсетін төрт түлік малға 133 400 тонна шөп, (оның ішінде 93 400 тонна табиғи шөп, 40 000 тонна жоңышқа шөбі), 28 000 тонна сабан, 49 400 тонна жем дайындау жос­парланып, барлығы 137 700 тонна шөп жиналды (оның ішінде жоңышқа шөбі 55 966 тонна), 29 200 тонна сабан, 49 900 тонна жем дайындалды. Сонымен қатар, ­аудан көлеміндегі ішкі сұранысты жеммен қамтамасыз ету, жем бағасының негізсіз өсуін болдырмау үшін ынтымақтастық мақсатында аудандағы күріш ақтайтын диірменнің басшыларымен меморандум жасалынды.
Биылғы жылы жоспар бойынша 8 920 гектар жерге жоңышқа орналастыру межеленуде. Сонымен қатар тамшылатып суару арқылы жоңышқа өсіру, 2023 жылы «Тіn oris» ЖШС-нің 10 000 га жоңышқа егу жобасын іске асыруды ойластырудамыз.
– Мал шаруашылығы, кооперативтердің жұмыстары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі қай дәрежеде? Жалпы ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті ме?
– Бүгінгі таңда 201 майда қожалықтар мен 339 дара кәсіпкерлердің бірігуімен 40 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның ішінде 7 кооператив егін шаруашылығы бағытында, 7 кооператив мал шаруашылығы, 22 кооператив аралас бағытта, 1 бал арасы бағытында, 2 балық шаруашылығы және 1-і сүт өңдеу бағытында жұмыс жасайды. Жалпы 2018 жылы ауданда 8 әр түрлі бағытта ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында лизингке және өз қаржысына 506 136 мың теңгеге 25 жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларын алып, техника парктерін жаңалады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 342 дана трактор, 74 дана соқа, 44 дана тұқым сепкіш, 51 дана автомашина және 161 дана трактор тіркемесі дайын.
– Қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешеннің негізінен қай салаларын дамытуға күш салған жөн?
– Бүгінде әсіресе мал жемдік дақылдарды өндіру, күнделікті тұтынатын көкөніс дақылдарының көлемін үлкейту алға қойылған. Осыған сәйкес, мал бордақылау алаңдарын салу, асылдандыру бағытын ұлғайтқан жөн.
– Алдағы 5-10 жыл көлеміндегі ауыл шаруашылығының даму әлеуетіне қатысты қандай болжам жасай аласыз?
– Өңіріміз егін шаруашылығы саласынан суармалы жер, ауа райы құрғақ болып келеді. Осыған байланысты алдағы жоспар су жеткіліктігіне байланыс­ты анықталады. Мал шаруашылығыда осы мәселеге қатысты. Шаруашылық құрылымдары экономикалық нарық заманына бейімделуде, шетелдік техникамен, цифрландыру бағыты қолға алынуда.
– Сөз соңында, осы саланың маманы ретінде ауыл шаруашылығы өндірісін, одан шығатын өнім мен экономикалық тиімділігін арттыру жайлы ойыңызбен бөліссеңіз?
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, экономикалық даму мақсатында бүгінде шұжық цехы, жылыжай, түйе сүтін өңдіру, балық шаруашылығы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи өнімдерден «Ару ана» шұбат өндіру цехі, «Асылхан» сүт өндіру цехі жұмыс істейді. Бұған қоса ағымдағы жылы жылыжай мен бұқтырылған ет өндіру (консерво) кәсіпорнын салу жоспарлануда.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан
Рамазан Әнәпия



15 наурыз 2022 ж. 706 0