Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЛ БАҚҚАНЫҢ ЫРЫСЫ МОЛ

МАЛ БАҚҚАНЫҢ ЫРЫСЫ МОЛ


Қазақ халқы әу бастан мал баққан, сол арқылы жан баққан халық. Кең байтақ даласының шөбі шүйгінді, жері құнарлы. Төскейін төрт түлікке толтырып, ел ырзығын еселейтін ауыл шаруашылығының берік тағаны – мал шаруашылығы. Дана халқымыз айтқандай «мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, өңірімізде қой шаруашылығын дөңгелетіп отырған арда азаматтарымыз баршылық. Мал бағу машақаты көп жұмыс. Қыстың қытымар аязы мен жаздың аптап ыстығында мал соңында жүру оңай шаруа емес. Дей тұрғанымен, берекелі істің қиындығы да, берер өнімі де көп.
Бұрын ауылда табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой жайылымдық жерде жайылып жүретін. Осыдан 30 жыл бұрын ауданда мамандандырылған жылқы, сиыр, қой фермасы көп болды десеңіз ертегі сияқты. Статистика мәліметіне сүйенер болсақ, Моңғолияда ірілі-ұсақты жалпы малдың саны 25 млн мал болған. Ал, Қазақстанда тек қойдың өзі 35 млнды құраған. Енді мына қызыққа қараңыз. Бүгінде 3,2 миллион халқы бар Маңғолияда 57 миллион қой болса, ал бізде 18 млн қой басы бар. Біз бұрын мал бағуды үйретуші едік, қазір үйренушіге айналып барамыз. Дегенмен, барға қанағат тұтқанымыз жөн. Себебі, мал шаруашылығы енді оң серпін алып, жеке шаруашылықтардың қатары көбейіп келеді. Аудандағы төрт түлік малдың санын арттырып, төскейді төлге толтыруды мақсат тұтқан қожалықтың бірі – Нартай ауылындағы «Дидар» шаруа қожалығы. Мал баққанның есігінен май, ауызынан ақ үзілмейтіні белгілі. Ал, шаруа қожалықтың басшысы Күзенбай Шераханұлы, бүгінгі таңда – 700 басқа жуық мүйізді ірі қара,1700 бас қой мен 200 бас жылқының жәй-күйімен жүр.
– Былтырғы жылы «Дидар» шаруа қожалығы 8600 кг етті экспорттадық. Біз бірінші кезекте малшының жағдайын және керек-жарағын қамтамасыз етіп отырамыз. Малшыға төленетін жалақы – 100-150 мың теңге көлемінде уақытылы аударылып отырады. Ағымдағы жылы 3 малшылар үйін жаңадан салып, қыстаудағы қораларды қалпына келтірдік. Биыл малдың төлдеуі жақсы. Дегенмен, көктемнің кеш шығуына байланысты біраз шығындар болды. Өткен жылы шөп қорын жеткілікті дайындадық деп есептеген болатынбыз. Алайда, қыс қатты болып, ұзаққа созылады деп күткен жоқпыз. Осы орайда, облыс әкімінің жем-шөпке берген көмегі шаруаларға өте жақсы болды, – дейді шаруа қожалықтың басшысы.
Десек те, қазір мал шаруашылығы жақсы дамып келе жатыр. Жеке кәсіпті дөңгелетіп, жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықтар бар. Мұның өзі халыққа мүдделі қызмет етіп жатқанының көрінісі.

Дархан Байтілес
19 сәуір 2021 ж. 605 0