Малшы табудың машақаты көп
Қазақ халқы әу бастан мал баққан, сол арқылы жан баққан халық. Кең байтақ даласының шөбі шүйгінді, жері құнарлы. Төскейін төрт түлікке толтырып, ел ырызығын еселейтін ауылшаруашылығының берік тағаны – мал шаруашылығы. Сондай-ақ, халықты азық-түлікпен, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін шикізатпен қамтамасыз етеді. Көшпелі қазақ халқы жазда жайлауға, қыста қыстауға қарай қоныс аударып, мал жаюға ыңғайлана өмір сүрген. Ата-бабамыз бұл кәсіпке ерекше мән беріп, жесең – ас, кисең – киім, төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан.
Бүгінде мал бағатын адам жоқ дегенге сенесіз бе? Бірақ шыны керек, жағдай осылай. Қыстың аязы, жаздың ыстығында мал соңында жүру – еріккеннің ермегі емес. Жастар мал бағуға бармайды.Сондықтан болар, шопан іздеп сабылған адамның қарасы қалың. Тапқанның өзінде 50-ден асқан егде кісілер құлықты. Бірақ, таңнан қара кешке дейін мал соңында, ат үстінде жүруге көбісінің қауқары жете бермейді. Бұл күндері мемлекет ұсынған «Сыбағадан» сыбағасын алып, «Сейітжанов», «Адына» мал шаруашылығын жүргізіп отырған жеке кәсіпкер Ә.Сейітжанұлы да малшы табудың машақатымен жүргенін айтады.
– Бірінші шаруа қожалықта 150 бас ірі қара, 100 бас жылқы бар. Қазіргі таңда асыл тұқымды мал басын арттыру жұмыстарын жүргізудемін. Ал, «Адына» шаруа қожалығында 500 бас қой, 80 бас сиыр, 60 бас жылқы бар. Әлі де мал басын көбейткіміз келеді. Себебі, мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар бар. Барлығы да игілікке жарап тұр. Тек ісімізге қолбайлау болатыны малшы табу. Бұл күндері отбасымызбен кезектесіп төрт-түлікке қараймыз. Әзірге жәрдемшіміз бар. Бірақ, оның өзі қашан кетіп қалар екен деген қорқынышпен жүреміз. Өйткені, олар маусымдық жұмыс ретінде келеді. Уақытша жүрген соң айлық табысын да қолма-қол алуды қалайды, – дейді.
Малшының үй-жай, азық-түлігін айлық табысынан бөлек қарастырып қойған кәсіпкер сонда да шопан таба алмайды. Егер тұрақты түрде жұмыс істеуге келіссе, зейнетақы жинағын да жүргізіп отыруға болатынын тілге тиек етті. Олай болса, «Мал бақсаң – май үзілмес шараңыздан» деген қазекем қой бағуға неге құлықсыз?
– Шопанды жоғары оқу орнының қабырғасында дайындауға келмес. Бірақ ет экспортын ұлғайтуды көздеп отырған елімізге малшы атаулының мәртебесін биіктету қажет секілді. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңде шопандар Жоғарғы Кеңеске депутат болып, кеудесі орден-медальдарға толып жүретін. Солардың бірі – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социалистік жарыстардың жеңімпазы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, «озат шопан» Уайда Алихановты айтуға болады. Ол кісінің төл алудағы, қыстан жайлы шығып, мал басын көбейтудегі ерен еңбегі зор. Бірақ қазір депутат-қойшыны көрдіңіз бе? Малшының еңбегін ескеру, материалдық көтермелеу, марапаттау естен шығып барады. Ең мықтағанда, шаруа қожалығының басшысын, былайша айтқанда, меншік иесін ғана білеміз. Мал баққан адам елеусіз қала береді. Қазір құрметті орын мен атақтар шенеуніктер мен кәсіпкерлерден артылар емес. Қарапайым шопан, малшы назардан тыс қалған. Осыдан кейін кімнің малшы атанғысы келеді? – дейді Қазақстанның мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ардагер Ө.Исмаил.
Шопан жайлы сөз қозғаған соң, аз-кем тарихтың шаңын қақпасқа тағы болмас. Себебі, Шиелі ауданы сол 1975 жылдың өзінде мемлекетке 332 мың 604 дана қаракөл елтірісін өткізген деген дерек бар.
Нақты деректерге жүгінер болсақ, ауданда осы жылдары жаңадан 3 қой совхозы ұйымдастырылып, тікелей 5 совхоз мал шаруашылығымен 5 колхоз бен 1 совхоз егіншілік және ет, сүт бағытындағы малдарды өсірумен бірыңғай мамандандырылады. Шиеліде колхозаралық құрылыс ұйымдарындағы, механикаландырылған жылжымалы колонналардағы, темір жолдағы, «Казсельхозтехника» бірлестігінің аудандық бөлімшесіндегі комплексті мамандандырылған бригадалар мен звенолардың, цехтардың жұмысы қыза түседі. Мал шаруашылығына қажетті құрылыс нысандарының шаңы Шиелі аспанын күннен тұтып тұрды десек артық айтқандық емес, сірә. Осындай қызу еңбектің нәтижесінде мал мен малшының жағдайы жақсарып, ауданда ірі қара мен уақ мал саны еселей артады. Бұған қарапайым еңбек адамдарының да қосқан еңбегі ұшан теңіз. Сол кездегі «Қазақстанның 30 жылдығы», «Телікөл», Ленин атындағы колхоздардың мақтауға тұрарлық озат малшылары С.Арғынбаева, М.Қожаев, А.Қонарбаев, М.Алмасбаев, А.Әбуов, Н.Сәденов, Ж.Қапанов, У.Әлихановтардың есімдері архив құжаттарында сайрап жатыр.
Сол жылдары үздік шыққан шопандар қатарына да арнайы тоқтала кетейік. Мәселен, Ленин атындағы колхоздың шопаны А.Сүлейменов әр жүз саулықтан 156, Б.Қожаев 150 қозыдан алған. Тізімді әрі қарай толықтыра түссек, «Коммунизмдік» Н.Сәденов 100 саулықтан 205 бас қозы, Ш.Мұсабаев 160 бас қозы, «Гигант» совхозынан Ж.Қапанов 214 бас қозы, Ә.Мәденов 160 бас қозы, «Төңкерістен» Б.Нұртаев 130 бас қозы, С.Ыбырайымов 124 бас қозы, «Қазақстанның 30 жылдығынан» У.Әлиханов 212 бас қозыдан, С.Арғынбаева 160 бас қозы, «Сырдариядан» К.Мыңбаев 161 бас қозы, А.Күзбеков 139 бас қозы, «Қарғалыдан» Е.Сүгірәлиев 145 бас қозы, У.Жайсаңбаев 137 бас қозыдан, «Қызылтудан» С.Мәлібеков 147 бас қозы, Ж.Палмағанбетов 142 бас қозы алса, ал өзіміздің «Өскен өңір» газетінің бүгінгі штаттан тыс тілшісі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Жұмабек Айтбаев әр жүз саулықтан 130 бас қозыдан алып, ерен еңбектің үлгісін танытады. Осылайша шиелілік шопандар ел қазынасын еселей түседі. Еңбек етеді. Еленеді. Елдің алдыңғы қатарлы азаматтары болып, ардақталады. Марапат төріне шығып, құрметтеледі. Қарапайым еңбек адамдарының абыройы артып, жүзі жарқын болады. Шопандарға әлеуметтік көмектің, қолдаудың барлық түрі жасалады. Ал, бүгін ше? Шопан болуға шамданатын жастар не дейді?
– Ол рас, малшының әлеуметтік қамсыздығы заңнамалық негізде қорғалмайынша, бұл кәсіпке жастар қызыға қоймас. Ал, қазір малшы жағдайы меншік иесімен арадағы келісімге байланысты. Бірақ, келісімдер көбіне ауызша жасалатындықтан, орындалмай да жатады. Ең қиыны, зейнетақы қорына ақша аудармайтындары көп. Осыдан келіп шопан қартайғанда, зейнетақысыз қалады. Былайша қарағанда, кез келген еңбек адамы тәрізді оның мүддесін тиісті органдар қорғауы тиіс. Бірақ, қыс қыстауда, жаз жайлауда жүріп, мал бағудан қолы тимейтін малшы назардан тыс қалып келеді. Ал, жастар өсіп-өнетін, еленетін еңбекті қалайды, – деп жауап қатты аудан тұрғыны Б.Бақытұлы.
Малшылық – атакәсіп, қазақтың кең даласы тұрғанда, пайдасы шашетектен келетін мал баққанның несі айып? Қалай десек те, малшылықты ресми түрде мамандық деп мойындап, заңның қамқорлығына алмай, сайын даланың төсін қайтадан малға толтырамыз деу – бос қиял емес пе?
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ