Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекке бейім – қатардан кейін етпейді

Еңбекке бейім – қатардан кейін етпейді


Күздің алғашқы айы аяқталды. Ауа райы жаздағыдай емес, күн қабағын түйіп, сұрғылт бұлттар күн көзін бірде қымтап, бірде жайына қоя салып, кешке дейін мың құбылып өзгере береді. Қаратау қарттың қабағын тұнжыратып, қазан ұрғанша егін жинап, қырман басы тазаланып, бау-бақша жиналып, құс базары тарқайтын кез. нағыз еңбек адамының жұмысы екі есе көбейетін шақ. Сондықтан болар, күз – молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі.
Абайдың 29 қара сөзінде «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» – деген болатын. Осында айтылғандай, адам қандай қиыншылық көрсе де тек алға ұмтылса, көздеген мақсатына жете алады. Адал еңбек бүйірді де томпайтып, несібеңді арттырады. Өмір үйреткендей мүмкіндігіне қарай ата кәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризығын тауып, тіршілігін ширатып отырған жанның бірі – Таужан Жаппасбаев. Ол – Телікөл ауылының тұрғыны. Таңмен таласа тұрғанның талай iсi бiтетiнiне көзi жететін кейіпкеріміз, бірінші қойлары тұрған мал қораға барып, жағдайын бір қарамаса, көңілі көншімейтінін алға тартты. Одан кейін, адал досы иттерін тамақтандырып алып, қойшысымен бірге азанғы шайға кіріседі. Әдеттегідей, малшыға қойларын шығарып беріп, тұрып жатқан жеріндегі ауласында ала жаздай еккен өнімін, жинауға кіріседі екен. Мал өсіру ата кәсіп жанына жақын екенін сөз барысында байқағандай болдық.
– «Қойшылық таяғым әкемнен қалған. Жалпы атадан балаға мирас болып келе жатқан малшылық өнердің өзіндік қыр-сыры өте көп. Өкінішке қарай, қазір оның бәрі бірдей сақталып жатқан жоқ. Кейбір малшылар өз кәсібінің маңызы мен мазмұнын терең түсінбегендіктен, жайылымдық жердің оты да қазір бұрынғыдай емес» – дейді Таужан Ділдебайұлы. Оның айтуынша, ата кәсіпті бала жастан үйренбесе, оны кейін толық меңгеру қиын. Мал өсіргеннің бәрі бірдей білікті малшы емес. Өз ісінің қыр-сырын терең білмегендіктен, қазір жеке қожалықтағы мал тұқымының сапасы күрт нашарлап кетті. Жауапсыздықтан оның тұқымын асылдандырудың атадан балаға мирас болып келе жатқан жөн-жосығы бұзылған. Оны асылдандырғанда бір-бірін араластырмай ұрықтандырып, жем-шөбін жақсылап беру керек. Сондай-ақ, бұл істе анау жақсы, мынау жақсы деп жүргендер өте көп. Егер жем-шөбің, қора-қопсың сай болса, кез келген тұқымды асырап, бағуға мүмкіндік бар.
Жалпы, қой баққан адамға ит жақсы серік бола алады. Сондықтан болар, малды ит-құстан қорғау мақсатында екі тазы иті мен қазақы төбеті бар. Тіпті, осы иттерімен аңшылыққа шығып серуендеп, бой жазуды әдетке айналдырыпты біздің кейіпкер. Серілікті жанына серік етіп, қоян, қырғауыл ұстап, аңшылық қырым да әкемнен дарыған- ау­ дейді, жымиып күліп.
Еңбек етемін деген адамға қашан да жұмыс табылады. Мал күтіміне баса мән берілсе, мол өнім алуға болады. 2008 жылы осы кәсіпті бастаған уақытта қойларды жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіріп жүріпті. Кейін келе Телікөл ауылынан 40 шақырым жерге тұрақтап, уақ мал басын көбейткен. Бүгінде 300 бас қойға жеткізіп отыр.
– Өз басым малдың қазақы тұқымдарын жоғары бағалаймын. Олар суыққа төзімді және жергілікті жағдайға өте бейімделген. Мәселен, қазақы қойдың қозысы туған соң тез ауызданып, енесіне ілесіп жүре береді. Жаздың аңызақ аптабы, қыстың суық үскірігі кезінде мал соңында жүріп, күтім жасау үшін бейнетке көнбістік керек – дейді кәсіп иесі.
Ерiнбей еткен еңбектiң нәтижесiнде осылайша шағын шаруашылығын ешкiмнен қарыз, несие алмай-ақ дөңгелетiп отыр.
Иә, еңбек адамды жоқшылықтан құтқарып, бүтiндейдi екен. Қазiр ешкiмнен кем емес. Еңбекке бейiм болсаң, қатарыңнан кейiн болмайсың. Көзiн тапқанға кез келген кәсіп те табыс көзi. Қой бағып, қозы қайырған кешегі аға ұрпақтың табысты жолын жалғастырғысы келетін ізбасарлар көбейіп, осы саланы дамытуға атсалысып келеді. Табиғаты шаруашылыққа қолайлы аудан болғандықтан, ата кәсіп жаңа ауқымда белең алуда.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
06 қазан 2018 ж. 1 137 0