Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ырысты өнім – тары

Ырысты өнім – тары


Аграрлы сала мен өнеркәсіпті қатар дамытып келе жатқан ауданда көкөніс, бақша өнімдерін егіп жүрген еңбек адамдарының бейнеті мен зейнетін бұған дейін бірнеше рет жазып, оқырманға жеткізіп келеміз. Дихандарды дәріптеп, еңбектерін дүйім жұртқа көрсетіп, насихаттаудан жалыққан кезіміз жоқ. Осы жылы көп адамның қолы бара бермейтін тары егуді кәсіп еткен дихан жайлы сөз етпекпіз. Кейіпкеріміз Бахытбек Нәдірбаев, пайдасынан гөрі, шығыны басым бұл еңбектің жемісін көріп, отбасын асырап отыр.
Хош, бүгінде сол тары таңсық ас болып барады. Тіпті, тары өңдеу, оны нарыққа бейімдеу, осы арқылы кірісін еселеп, тұрмысын жақсарту жолына түскен қаракөздер қаншама? Солардың бірі Ортақшыл ауылының тұрғыны Бахытбек Нәдірбаев. Негізінен бұл еңбекпен айналысып кел жатқанына 20 жылдан асқан. Басында 40-50 соттық жерден бастаған ол бес жылдан бері қарай бір гектар жерге тары егіп нәпақасын тауып жүр. Егінші Бахытбектің айтуынша: «Ақ» емес, «Қызыл» емес, «Алабүйрек» тұқымын егіп, 30-40 центнерден өнім алып келеді. Сөзге емес іске жақындығын танытқан ол бізбен аз-кем әңгіме өрбітті. Бұл дақыл жылу сүйгіш, қуаңшылыққа, аңызаққа төзімді болып келгендіктен, суыққа қалдырмай, көктем шыға бір гектар жерге жарты қап тары дәнін себеді. Содан 10-15 күннен соң екі құлақтанып шыққан тарымен жарыса шыққан арам шөптермен арпалысып, оны тазалайсың. Өнім сапалы, әрі бітік шығу үшін тыңайтқыштарын береміз. Уақытында, мезгілімен суын ішсе, «Алабүйрек» сорты 90 күннің ішінде сыпыртқы тәріздес басының ең ұшында тұрған дәндері, содан кейін, төмендегілер пісе бастайды. Дегенменде айтқанға оңай көрінгенімен көп қажыр қайратты талап етеді –дейді. Иә, расында «Адамды көркейтетін – еңбек» болғандықтан, кәсіпті одан әрі қарай дамытып, тынбай еңбектеніп келеді. Үнемі ізденіс үстінде жүргендіктен, білгенін балаларына да үйретіп, отбасылық кәсіпке айналдырған.
Ортақшыл ауылының тұрғындары бүгінде ірі тары өсіретін базасына айналып отыр. Қыркүйек айында орылатын тары, аудан бойынша осы ауылда 65 гектар жерге орналастырылған. Ауылшаруашылық мамандардың айтуынша, осы дәнді егіп отырған, жеке шаруа қожалықтары емес, қарапайым тұрғындар екен. Олар жан бағып, сөк арқылы нәпақасын тауып отыр дейді. Былтырғы есеп бойынша 60 гектар жерге тары егіліп, ортақ есеппен 25 центрден өнім алған. Осыдан 20 жыл бұрын «Өскен өңір» газетінде (№46 (6847) 28 қыркүйек, сенбі, 1998 жыл) «Ауылшаруашылығының қазіргі жағдайы қалай?» атты мақалада 163 гектар тары еккендігін көрсеткен болатын. Бұл да болса, сол кездегі халықтың қандай дақыл тиімді екенін түсінгендігі болар.
Айта кетерлігі, диханшы тарыны сол баяғы апа-әжелері жасаған технологиямен өндіруді жөн санапты. Күніне бір қап тарыны 100 литр суға салып, 35-40 минут қайнатып, содан кейін оны қуырады. Бір қап сөкті дайындау үшін 3 сағаттай уақыт кетеді. Тары өсіру қиын емес ау, тарыны сату мен базарға шығаруда көп еңбекті талап етпейді. Ал, шикі тарыны өңдеп, базар сөресіне дайын өнім етіп шығару одан да қиын. Бір гектар жерден 120 қап тары алып отырған кейіпкеріміз оның бір килограммын 450-500 ден сатып отыр.
Сөктен жасалатын талқан тек құнарлы тағам ғана емес, емдік қасиеті мол азық. Медицина мамандарының айтуынша, күніне 200 грамм талқан жеген кісі қан аздығы ауруынан құлан-таза айығады екен. Ертеде ата-бабаларымыз талқанды сусамыр дертін емдеуге пайдаланған. Тіпті, алыс сапарға шығарда ала қабына талқан салып, ұзақ сапарда қаужал еткен екен. Жалпы, ежелден-ақ, ұлттық тағамдар қатарында талқанның орны ерекше болған. Оны сәбиден бастап қарт кісілерге дейін сүйсініп жеген. Талқан күш-қуат берумен қатар, қартаю үдерісін баяулатады дейді сала мамандары.
Тары-талқан атамыздың асы десек, артық болмас. Себебі, осы бір дәнді дақылдың тарихы тым әріде жатыр. Қазақ фольклорында бұл тағам түрі ауызға көп алынады. Мәселен, «Ертөстік» ертегісінде батырдың алыс сапарына анасы арнайы тары қуырып береді. Тары сабанының азықтық сапасы бидай сабанынан екі есе артық болып келеді. Тіпті, ондағы ақуыздың мөлшері күріш, қарақұмық жармаларынан едәуір көп. Сондықтан болар «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз тектен-текке айтылмаса керек. Ертеректе жолаушылап шыққан қазақтың қоржынға тары-талқан салып жүретіні де сондықтан.
Ащы да болса шындық, біз әлі тары өндірісін ұршықтай иіре ала алмай отырмыз. Иә, тек тары ғана емес, қазақтың қаншама құнарлы өнімдері ауылдағы әже мен жеңгейлердің санасында сарғайып, тасада қалып қоюда. Осы орайда, жерлесіміздің тарыдан табыс тауып отырған ісі көңілге қуаныш ұялатады. Алақанында адал еңбектің табы бар осынау жанның сіздерге ұсынғанымыз тек диқаншылықтың қыры ғана.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
21 тамыз 2018 ж. 2 575 0