Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақы күнтүзбенің қыр-сыры

Қазақы күнтүзбенің қыр-сыры

Қазақ халқы ежелден аттың жалы, түйенің қомында жүріп, байтақ даланың ұлы өркениетін жасады. Қарнына найза іліп, санына садақ байлап, батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке көшіп-қонып жүріп-ақ табиғат анасының қыр-сырын, мінезін меңгеріп, тілдесе білді. Кіндігі сахарада кесілген қазақ халқы ұзақ ғасырлар бойы ұлан-байтақ кең далалы аспан асты, табиғат құшағында мал шаруашылығы мен шұғылдана жүріп аспандағы күн, ай, жұлдыздардың қозғалысын бақылап, жыл мен маусымдардың, күн мен түннің ауысуы, айдың жаңалануы сияқты табиғат құбылыстарында белгілі заңдылық барын сезінді. әрі осы құбылыстар жер бетіндегі ауа райында да түрлі өзгерістерді тудыратындығын байқады.
Көнекөз қариялардың аспанға қарап-ақ жеті қараңғы түнде адаспай көш бастап, дала сырын меңгеруі кімді болсын таңдандырмай қоймайды. Олар қазақтың байырғы жыл есебі, айдың тоғыс есебі мен жұлдыз есебін қалыптастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, кемелдендіріп келеді десек те болады. Осы жыл есебі арқылы жылдарды, маусымдарды, айларды айырумен бірге, жер бетіндегі ауарайы өзгерістеріне де алдын ала болжам жасады. Соған сәйкес, өздерінің мал шаруашылық өндірістік қимылдарын оңтайландырады. Мысалы, жайлауға қашан көшу, күзеу, қыстауға қашан бару, күйекті қашан байлап, қашан алу, малды қай кезде төлдету және қой қырқу, пішен шабу, егін егу, соғым сою сияқты толып жатқан өндірістік жұмыстардың уақытын белгілеу мен осы мезгілдегі түрлі табиғат, ауарайы өзгерісінен алдын ала болжам жасап, соған сай қамданады. Егер осы есептерден жаңылыс болса, онда ауыр апатқа, шығынға ұшырайтыны сөзсіз.
Жалпы, қазақ жыл есебінде жаз бен қыстың бір-біріне ауысуын бір жыл санайды, бір жылда 12 ай, төрт маусым (төрт тоқсан), 48 апта, 365 күнге айырады. Бір жылды наурыз айы (бірдің айы), көкек айы (сәуір), мамыр айы, маусым айы, шілде айы, тамыз айы, қыркүйек айы (мизан), қазан айы, қараша айы, желді айы (желтоқсан), қаңтар айы, ақпан айы (үштің айы) деген түрлі аттар мен атап 12 айға, бір жылдың әр бір үш айын бір маусым (тоқсан) деп, бір жылды төрт маусымға бөлген. Осы жылдардың айналып келуіне байланысты 12 жылды бір мүшел санап, оның айналу ретіне қарай хайуандардың атымен тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз жылдары деп атаған. Жыл мүшелерінің қайталап айналып келуіне қарай адамдардың жасын айыруға, адамдар өміріндегі елеулі белеңдерге көңіл бөлуге пайдаланудан сырт, сол бір хайуан атымен аталған жылдардың қатты-жұмсақ, жайлы-жайсыз болуына немесе ауарайы өзгерісіне қарай сол жылғы малды қоныстарға жайлап орналастырып, қыс өткелінен аман өтудің дайындықтарын жасап отыратын болған. Өйткені, кейбір мүшел жылдардың жылы жайлы, жазы шөпті, қысы жұмсағырақ өтеді.
Сонымен қатар, қазақ жыл есебінде жылдың басы бірдің айы немесе наурыз айы деп санайды. Наурыздың бірінші күні (21 немесе 22 күні) күн мен түн теңеліп қыстың суығы қайта бастайды. Қазақ халқы сол күнді «самарқанның көк тасы еріген күн», «ұзақ ұшып келген күн», «жыл басы жылқышы торғай, (наурыз көк) келген күн», «көк құт (өсімдік) көзін ашқан күн», «ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» деген сияқты көптеген жақсы сөздер қалдырған. Яғни, табиғаттың осындай құбылыстарына қарап күн мен түннің теңелгенін аңғарған.
Ұлыстың ұлы күнінде қала мен дала, күн мен түн теңелмек. Көрші-қолаң көңіл кірбіңінен арылмақ. Өкпе-наз ұмытылып, достық шырағы жағылмақ. Жасы кіші үлкенге сәлем салмақ. Түбі бір түркі халқы табысып, барша ұлтқа қол созбақ. Бәйшешек гүлдеп, тал егілмек. Бұл жылдағы ғадет. Ғасырлар ғұрыбының жалғасын табуы.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
21 наурыз 2019 ж. 1 522 0