Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қора толы қойы бар

Қора толы қойы бар

«Еңбекпен ғана ісің өнеді, тер төккен еңбек өз жемісін береді, еңбек қана қиындықты жеңеді» деген тәмсіл бар қазекеңде. Барлық байыпты бастама мен тындырымды тірлік адам қолымен жасалатыны жасырын емес. Иә, Тәуелсіздік біздің қоғамға еңбек еркіндігін сыйлады. Бұрынғы кеңес заманындағыдай мәжбүрлеп жұмыс істеу жоқ. Әркім қандай кәсіппен шұғылданамын десе де өз еркі, қалауы біледі. Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолға алуда. Осы орайда ауыл тұрғындарының кәсіп ашуға деген құлшынысы артқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары ішінде мақсатын айқындап, қадамын нықтап кәсіпкерлікке бет бұрғандардың қатары артып келеді. Бүгінгі мемлекет жасаған қолдаудан қанаттанып, өз ісін алға бастырып, өркендететіп отырған жандар заман талабына сай қоғамның ағысымен ілесіп келеді. Еңбек етіп табыс тауып, жетістікке жетудің жолын кәсіпкерлік деп білгені адамдардың масылдық көзқарастан арылғаны деп түсінеміз.
Халқымыз төрт түліктің ішінде жылқы мен қойға ерекше мән берген. Дүние жүзінде ең көп тараған малдың бірі – қой. Себебі қой табиғаттың түрлі сынағына шыдамды келеді. Бір жағы қазақтың ішсе – асы, кисе – кимі, тұтынса – бұйымы бола білгендіктен қорасын сайлап, жем-шөбін дайындап, күтімі мен бабын ерекше жасап отырады. Мысалы, жер бетінде мал жеуге келетін өсімдік пен шөптің санын ғалымдар 800-дей дейді. Соның 520-сын қой жейді екен. Осының өзінен қой өсірудің қолайлы екені көрініп тұрғандықтан қазақ осы қасиеттерін өз тұрмысына жақсы пайдалана білген. Сондықтан болар қой шаруашылығы қазақтың көшпелі шаруашылығының негізі болып табылады. Бұрындары кең-байтақ жердің шөбі мен суын қой өсіріп, тиімді пайдалана білген. Сол себепті мал бағудың өзіндік тәсілдері бар. Онымен айналысқан ел малдың қасиетін, кемшіліктерін жете білген. Дегенмен бүгінгі күні төрт түліктің ішінде қой бағудың машақаты мол деп көбісі ат-тонын ала қашады. Ал ата кәсіпті ауыр көрмей, шаруасын өргізіп, өз ісін өрбітіп отырған кейіпкеріміз Сайфурхан қой өсірудің қыр-сырын қанық біледі. Демек «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген тәмсілді Ботабай ауылының тұрғыны «Өлеңді-2» шаруа қожалығының төрағасы ­Сайфурхан Омархановқа айтсақ жарасады. Кейіпкеріміздің әкесі де қой өсірумен айналысқан азамат екен.
– «Мені әкем еңбек жолында жігеріңді жоғалтпа» деп адал еңбекке тәрбиеледі. Содан болар ауылдың қара жұмысына шынығып, еңбекпен есейдік. Бұл қой бағу қажырлы қайратты адам үшін берекелі кәсіп болғандықтан, кәсіппен айналысуға бел будым. Мемлекет жұмыссыз жастарды қолдап, кәсіп ашуына ықпал жасап жатқандығын естіп, мен де көп ойланбай өз кәсібімді ашуды қолға алдым, – дейді Сайфурхан.
Кейіпкеріміз «Сырдария-1» қаржылай қолдау қорынан жиырма миллион теңге алған. Әрине, ата кәсіп қой шаруашылығын жандандыру мен санын арттыру мақсатында. Содан алған ақшаға 600 бас аналық пен қошқар қылшық жүнді құйрықты және «Еділбай» тұқымдас қойларымен қораны толтырады.
– Қазақта «мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл көсір» деген жақсы сөз бар. Менде жастайымнан қой бағып өскендіктен, қой малының қасиетіне қанықпын. Сондықтан оны зор ықылас, асқан шеберлік, еңбекқорлық пен күтіп-баптауды жақсы білемін, – дейді ол. Көбінесе ет бағытындағы қазақ қойының денсаулығы күшті, тез ет алғыш, табиғаттың ыстық-суығына көнбіс келеді. «Бабын тапсаң, барын беретін» төбеде аталған тұқымдас қой алғашқы жылда-ақ төлін молынан берген. Қазіргі қыс мезгілінде қой бағу ауыр жұмыс, оны бала-шағаға тапсыруға болмайды. Қойшылар тәжірибелі, күшті, төзімді, көзі қырағы, құлағы сақ, дауысы зор, қолы қуатты, малды шашыратпай, жоғалтпай, қасқырды, ит құсты жолатпай баққанның арқасында қыстан да қысылмай шығады. Бүгінде нәтижесі жаман емес, мал басын 1500 басқа жеткізген. Дала төсінде мал баға жүріп қиындығын еңсерген еңбекқор осы күні пайдасын көріп отырғанына дән риза. Сонымен қойды қыста далада бағу, қар астында қалған шөпті жегізу қойдың табиғатына қайшы емес, қайта оның шыңдалып, денсаулығы мықты болуына себі тиеді екен.
Біле-білгенге қойдың берекесі көп. Сатсаң лезде өте қояды. Еті жеңіл болып келеді. Әсіресе, жүні қырқылмаған марқа қозының еті ауруға ем. Сүті құнарлы әрі майлы. Бағдарлама игілігін көріп, кәсібін өркендеткен шаруа алдағы уақытта шопан­ ата тұқымдасының санын бес отарға жеткізуді жоспарлап отыр. Қойшының бір күнін күйіттеп, тіршілігімен танысқан біз де шаруасының шалқуын тілеп, кері қайттық.

Шапағат Тілеубаев
04 қаңтар 2021 ж. 606 0