«ЖАСЫЛ ЕЛ» – ЕЛЖАНДЫЛАР ЖАСАҒЫ
Жастық шақ! Бұл – адам баласының ересек өмірге көшу кезеңі, экономикалық-қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу мен әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысуға барынша ынталы дәуірі. Мұндай ынта жеке адам мен қоғам үшін ғана маңызды емес, сол елдің дамуы мен елдегі жастар саясатын қалыптастыруда да өзекті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаев өз қызметіне кіріскелі бері елдегі жас буынға ерекше ден қойды. Қазақстандық жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ¬ынталандыру іс-шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі көрсетуі мен өз армандарын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде кешенді саясат жасала бастады.
Жастарға арналған игілігі мол бағдарламаның бірі – «Жасыл ел». Бұл жоба 2005 жылдан бері жүзеге асырылуда. Жалынды жастардың көмегімен құрылған бұл бағдарлама 17 жылдан бері жақсы нәтиже көрсетуде. Жалпы бағдарламаның мақсаты – жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге деген махаббатын, патриоттық сезімін ояту. Ең бастысы – жастардың бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы өскелең ұрпаққа мейлінше ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік те беріп отыр. Бұл бағдарлама біздің ауданда да тиімді жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы аудан бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына 4 ай көлемінде жұмыс істеуге 200 квота бөлінген. Қазіргі таңда 3 айлық қорытынды бойынша 184 жас маман жұмыс істеген. Тамыз айында 16 жұмыссыз жастар мен студенттер жұмыс істеуде.
–Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қосып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары ауданымызда артып келеді. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары. Бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да еліміздің, қала берді кентіміздің гүлденіп, одан әрі өркендеп, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуында бұл бағдарламаның берері мол, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов.
Ділназ Байдүйсенова. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті. «Жасыл ел» жасақшысы болып жүргеніне биыл төртінші жыл.
– «Жасыл ел» – біз сияқты жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін еліміздегі бірегей бағдарлама. Оқуын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан жастарға адал нәпақа табудың бірден-бір жолы. Жұмыс айтарлықтай ауыр емес. Барлығымыз бір үйдің балаларындай берілген тапсырманы бірлесіп орындаймыз. Жұмыстың жүру барысы өте қызықты. Сонымен қатар бұл жерде тек жұмыс істеп қана қоймай, түрлі қоғамдық іс-шараға қатысамыз. Жасыл елдің мақсаты – жастарды жұмысқа жегу деп ұғатындарға оның жаңсақ пікір екенін айтқым келеді. Керісінше, оларды руханилыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Дебат сайыстары, «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» секілді сайыстар, түрлі акциялар өткізіліп тұрады. Мұның бәрі жастарды еңбекке баулиды. Сондай-ақ өзің еңбекпен ақша тауып, өз керегіңе жаратып жатсаң, отбасың үшін де жеңілдік емес пе?! – дейді Ділназ Байдүйсенова.
Биыл «Балалар жылы». Осыған орай Жастар ресурстық орталығының атқарып жатқан жұмыстары да жоқ емес. Яғни, тұрмысы төмен, мұқтаж 10 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, «Балалар жылына» орай балалар арасында патриоттық онлайн шаралар және түрлі конкурстар ұйымдастырылды.
Иә, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек артқанның жөні бөлек. Кез келген мемлекеттің қозғаушы әрі белсенді күші жастар екенін осы уақытқа дейін айтудай-ақ айтып келдік. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 2020 жылды «Жастар жылы» деп жарияланғаны, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оныншы бағытты жас ұрпаққа арнағанынан барлығы хабардар. Демек, ел ертеңіне айналған жас буынға көрсетілген қолдау да, жасалған жоба да жоқ емес. Ал жастар күні сондай жарқын істердің бастаушысы ғана деп бағамдаймыз.
"Өскен өңір" ақпарат