Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жасыл ел» – жастар тірегі

«Жасыл ел» – жастар тірегі


Жасыл ел жасампаз жастардың басын біріктірген мекен. Әр адам өз елінің патриоты болуы керек. Осы орайда, аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әр қазақстандықтың міндеті. Әсіресе, еліміздің болашағы болып саналатын жастарымыздың тікелей парызы болмақ. Қазақстан әлемдегі ең жас мемлекеттер қатарына жатады. Мұндағы халықтың басым көпшілігі бойында жалыны мен қуаты тасыған жастар екені бәрімізге мәлім.
Жастар – ұлт келешегі. Ертеңгі қоғамның айнасы іспеттес. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақ қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да, жастардың қызығушылығын қоғам назарына бұру дұрыс қадам. Осы орайда 2005 жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жас­тар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, елiмiздiң барлық облыстарында филиалдары ашылған еді. Міне, сол кезден бастап Елбасының бастауымен Қазақстан Республикасында «Жасыл ел» бағдарламасы кең етек алды. Республикамыздың 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларында «Жасыл елдің» аймақтық штабы өз жұмыстарын бастады. Бүгінде, республика жастары осы бағдарламаның іске асуына барынша атсалысуда. Сол жалынды жастардың көмегімен бұл ірі бағдарлама осы күнге дейін жақсы нәтиже көрсетуде. Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар, жастардың Отанға, жерге деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы – жастардың бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу.
Аталмыш бағдарлама ауданда да жалғасын тауып, еңбекқор жастардың мекеніне айналғаны сөзсіз. Жылына көптеген жастар жұмысқа қабылданып, өңірдің гүлденуіне айтарлықтай үлес қосып жатыр. Биылғы жылы жұмысшы топ құрамына 30 жас қабылданып, қарқынды жұмыс жасауда. «Жасыл елдіктер» қатарын негізінен студенттер мен мектеп оқушылары құрайды. Бағдарлама аясында 16 мен 29 жас аралығындағы жастар қабылданады. Сіз де «Жасыл ел» жасақтарында жұмыс жасағыңызы келсе тиісті құжаттарды Шиелі аудандық «Жастар ресурстық орталығына» тапсырсаңыз болғаны. Бір қуантарлығы «Жасыл елдіктердің» еңбек ақысы бұрын 30 мың теңгені құраса, қазіргі таңда 50 мың теңгеге дейін өскен. Әрине, осындай қосымша үстемелер жастарымыздың жігеріне жігер қосып, алға сүйрері сөзсіз.
Қазіргі таңда «Жасыл ел» – жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналып отырғанын байқаған шығарсыздар. Жастар күшімен еліміздегі экологиялық мәселелерді шешу, елді көгалдандыру – Елбасы өз Жолдау­ында атап өткендей, игілікті іске айналған.
Р.ӘНӘПИЯ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті.
10 шілде 2018 ж. 8 601 0