Жастар жаңашылдыққа бейім
Жалынды жастар қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үкілі үміттің, биік ар мен өр намыстың символы саналады. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырушы. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы түрлі идеялардың туындауына сеп. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына, «Жаңа Қазақстанға» жол сілтейді.
Қазір жалпақ жаһан жастарға айрықша назар аударып, бар мүмкіндікті жасауда. Соның айқын дәлелі – БҰҰ бас ассамблеясының шешімімен 1999 жылдың 17 желтоқсанында белгіленген халықаралық жастар күні. Атаулы күн алғаш рет салтанатты түрде 2000 жылдың 12 тамызында атап өтілді. Бұл күні БҰҰ бекітуімен дүние жүзі бойынша жастар жөніндегі бағдарламаларды таратуға арналған әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Ол бағдарламалардың негізгі мақсаты – жастарды алаңдатқан мәселелерді шешу. Жастар күні тек Қазақстанда ғана емес, Қытай, Түркия, Тунис, Камерун сияқты елдерде мемлекеттік деңгейде тойланады. Бұл тізімге Әзірбайжан, Беларусь, Украина, Ресей Федерациясында қоссаңыз болады.
Қазір жалпақ жаһан жастарға айрықша назар аударып, бар мүмкіндікті жасауда. Соның айқын дәлелі – БҰҰ бас ассамблеясының шешімімен 1999 жылдың 17 желтоқсанында белгіленген халықаралық жастар күні. Атаулы күн алғаш рет салтанатты түрде 2000 жылдың 12 тамызында атап өтілді. Бұл күні БҰҰ бекітуімен дүние жүзі бойынша жастар жөніндегі бағдарламаларды таратуға арналған әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Ол бағдарламалардың негізгі мақсаты – жастарды алаңдатқан мәселелерді шешу. Жастар күні тек Қазақстанда ғана емес, Қытай, Түркия, Тунис, Камерун сияқты елдерде мемлекеттік деңгейде тойланады. Бұл тізімге Әзірбайжан, Беларусь, Украина, Ресей Федерациясында қоссаңыз болады.
Елдің ертеңіне айналып, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған жастар Шиелі ауданында да назардан тыс қалған емес. Әсіресе, мереке күні жас ұрпаққа арналып бір емес, бірнеше шара ұйымдастырылды. Атап өтер болсақ, 12 тамыз жастар күніне орай «Кітап сыйла» акциясы, орталық алаңда өткен жас кәсіпкерлердің көрмесі мен аудан әкімі Нұржан Сәбитұлымен «Жастар ел болашағы» атты кездесу, «Сенбілік – тазалық кепілі» атты кент көшелерінде сенбілік ұйымдастырылды.
Қоса кеткен жөн, барыс жылында 3 жаңа жоба қолға алынып, тиісті қаржы қарастырылған. Олар «Салауатты өмір салтын насихаттау және жастар шығармашылығын дамыту» әлеуметтік жобасы, «Жас отбасылар арасында неке құндылықтарын насихаттау», «Жастарға патриоттық тәрбие беру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау» әлеуметтік жобалары.
Ауданда 14 пен 29 жас аралығындағы жас саны – 20 381. Оның ішінде кент жастары – 9 711, ауыл жастары – 10 670. Бір сөзбен айтқанда, аудан халқының 24,3 процентін жастар құрайды.Бүгінде кент және ауылдық округтерде – 230 ерікті жұмыс істейді. Жыл басынан бері Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Еріктілер» тобының ұйымдастыруымен 23 тазалық және 13 қайырымдылық акциясы өтіп, 11 жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілді. Мұнымен қоса Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері шілде айында тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж жанға 15 000 теңге көлемінде қаржылай қайырымдылық қолдау жасаған. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Жастарға арналған игілігі мол бағдарламаның бірі – «Жасыл ел». Жалынды жастардың көмегімен құрылған бұл бағдарлама 17 жылдан бері жақсы нәтиже көрсетуде. Жалпы бағдарламаның мақсаты – жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге деген махаббатын, патриоттық сезімін ояту. Ең бастысы – жастардың бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы өскелең ұрпаққа мейлінше ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік те беріп отыр. Бұл бағдарлама біздің ауданда да тиімді жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы аудан бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 4 ай көлемінде жұмыс істеуге 200 квота бөлінген. Қазіргі таңда 3 айлық қорытынды бойынша 184 жас маман жұмыс істеген. Тамыз айында 16 жұмыссыз жастар мен студенттер жұмысын жалғастыруда.
– Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қосып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары ауданымызда артып келеді. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары. Бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да еліміздің, қала берді кентіміздің гүлденіп, одан әрі өркендеп, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуында бұл бағдарламаның берері мол, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов.
Ділназ Байдүйсенова – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті. «Жасыл ел» жасақшысы болып жүргеніне биыл төртінші жыл.
– «Жасыл ел» – біз сияқты жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін еліміздегі бірегей бағдарлама. Оқуын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан жастарға адал нәпақа табудың бірден-бір жолы. Жұмыс айтарлықтай ауыр емес. Барлығымыз бір үйдің балаларындай берілген тапсырманы бірлесіп орындаймыз. Жұмыстың жүру барысы өте қызықты. Сонымен қатар бұл жерде тек жұмыс істеп қана қоймай, түрлі қоғамдық іс-шараға қатысамыз. Жасыл елдің мақсаты – жастарды жұмысқа жегу деп ұғатындарға оның жаңсақ пікір екенін айтқым келеді.Керісінше, оларды руханилыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Дебат сайыстары, «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» секілді сайыстар, түрлі акциялар өткізіліп тұрады. Мұның бәрі жастарды еңбекке баулиды. Сондай-ақ өзің еңбекпен ақша тауып, өз керегіңе жаратып жатсаң, отбасың үшін де жеңілдік емес пе?! – дейді Ділназ Байдүйсенова.
Биыл – «Балалар жылы». Осыған орай Жастар ресурстық орталығының атқарып жатқан жұмыстары да жоқ емес. Яғни, тұрмысы төмен, мұқтаж 10 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, «Балалар жылына» орай балалар арасында патриоттық онлайн шаралар және түрлі конкурстар ұйымдастырылды.
Иә, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек артқанның жөні бөлек. Кез келген мемлекеттің қозғаушы әрі белсенді күші жастар екенін осы уақытқа дейін айтудай-ақ айтып келдік. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 2020 жылды «Жастар жылы» деп жарияланғаны, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оныншы бағытты жас ұрпаққа арнағанынан барлығы хабардар. Демек, ел ертеңіне айналған жас буынға көрсетілген қолдау да, жасалған жоба да жоқ емес. Ал жастар күні сондай жарқын істердің бастаушысы ғана деп бағамдаймыз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА