Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар күні – жарқын істердің бастауы

Жастар күні – жарқын істердің бастауы




Жастық шақ – адамзат өмірінде ерекше мәнге ие, шаттық пен қуанышқа, күш-қайратқа толы уақыт. Сондай-ақ осы сәт білімді бойға дарытып, даналықты меңгеруге таптырмайтын кез. «Жастық шағың – жарқын жаздың бейнесі, құтты жаздың ала алсаң, жоқ бермесі» деп Сәбит Мұқанов айтқандай, жас жан әркез құлпырып, қиялға беріліп жүреді. Оның ойында сан түрлі арман мен алдында нық жоспар тұрады және соның барлығына қол жеткізетіндей жігері тағы бар. Ойшыл қазақ осыдан кейін «Жастық – жалын, кәрілік – көмір» деп айтқан шығар, бәлкім?

Қазір күллі әлем жастарға айрықша назар аударып, бар мүмкіндікті жасауда. Соның бір дәлелі – БҰҰ бас ассамблеясының шешімімен 1999 жылдың 17 желтоқсанында белгіленген халықаралық жастар күні. Атау­­лы күн алғашқы рет салтанатты түрде 2000 жылдың 12 тамызында атап өтілді. Бұл күні БҰҰ бекітуімен дүние жүзі бойынша жастар жөніндегі бағдарламаларды таратуға арналған әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Ол бағдарламалардың негізгі мақсаты – жастарды алаңдатқан мәселелерді шешу. Жастар күні тек Қазақстанда ғана емес, Қытай, Түркия, Тунис, Камерун сияқты елдерде мемлекеттік деңгейде тойланады. Бұл тізімге Әзірбайжан, Беларусь, Украина, Ресей Федерациясында қоса аламыз.
Елдің ертеңіне айналып, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған жастар Шиелі ауданында да назардан тыс қалған емес. Әсіресе, мереке күні жас ұрпаққа арналып бір емес, бірнеше шара ұйымдастырылды.
Аталған мереке қарсаңында жастар әуелі Бидайкөл ауылдық округіне жиналды. Онда спортты жанына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанған жас спортшылар марафонға қатысты. Бидайкөл елді мекенінен аудан орталық алаңына дейін 50-ге жуық жас жүгіріп, бір сәт деннің саулығына көңіл бөлді. Қыздар арасында Гүлназ Жақыпбекқызы І орын, Ғалия Берібайқызы ІІ орын және Ақтоты Асқарбекқызы ІІІ орын иеленіп, жүзден жүйрік шықты. Ал ұлдар арасында оқ бойы оза шапқан Нұрасыл Ахметханұлына І орын, Нұржігіт Нұрланұлына ІІ орын бұйырды. ІІІ орынды Дарын Жаңабекұлы қанжығасына байлады. Марафон жеңімпаздарын аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов арнайы дипломмен марапаттады.
Марафоннан кейін бірқатар жастар «Арзан» сауда орталығына бет бұрды. Онда тұрғындарға және жастарға ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм, жұмыспен қамту, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалы және Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің мамандары мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша кеңес берді. Шара барысында «Дипломмен ауылға», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бүге-шігесіне дейін таныстырылды. Сондай-ақ Шиелі индустриалды-аграрлық колледжіне 2019-2020 оқу жылында қандай кәсіптік-техникалық мамандықтарға оқуға түсе алатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жастардың тамашалаған шарасының бірі – «IT IMAQ SHIELI» балалар технопаркінің көрмесі болды. Ол аудан орталығындағы оқушылар үйінің базасында орналасқан. Мұнда жас өнертапқыш балалар шеберліктерін шыңдап, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Аталған орталық өз жұмысын мамыр айында бастаған болатын. Қазіргі таңда технопарк барлық қажетті инфрақұрылымдармен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда Елбасының тікелей тапсырмасымен ашылған «ЗD – модельдеу», «Робототехника» және цифрлық зертхана кабинеттері бар.
Айтулы күнді мүмкіндігі шектеулі жастар да атап өтті. Олар Шиелі аудандық тарихи-өлкетану және Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейлерін аралады. Мәдениеттің мәйегіне айналған орынға жиналған жастар кенттегі күріш өсіру тарихымен танысты. Сонымен қатар дән атасы Ыбырай Жақаевтың өмірбаяны және еңбек жолы туралы ақпаратқа қанық болды. Одан кейін дала академигінің облыс, аудан көлеміндегі ізбасарлары жеткен жетістіктерін тамашалады. Айта кеткен жөн, музейде ауданнан шыққан қолөнер шеберлері мен салт-дәстүрге байланысты ертеде ата-бабалардың пайдаланған тұрмыстық заттары қойылған. Осындай құнды жәдігерлер жастардың жанына елжандылық қасиетті дарытуға септігін тигізеді.
Мұнан соң жастар легі Көкшоқы елді мекенінде орналасқан «Арман» мәдениет үйіне ат басын тіреді. Онда режиссер Шапағат Орынбаев түсірген «Hello, ауыл!» фильмі көрсетілді. Аталған туынды жастарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасын насихаттайды және ұлтжандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелейді. Қысқасын айтқанда, «Hello, ауыл!» көрерменге күлкі сыйлай отырып, басты құндылықты бойға сіңіруге мұрындық болды.
Жас ұрпаққа арналған шара әрмен қарай Ы.Жақаев атындағы саябақта жалғасын тапты. Аталған саябақта «Заманның қожасы да, тұтқасы да – жастар» тақырыбында этноауыл ашылды. Этноауылдың ашылу салтанатына аудан әкімі Әшім Оразбекұлы келіп, көпшілікті қатар келген қос мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Этноауыл-2019» жобасын құрудың басты мақсаты – қазақ елінің дәстүрін, көшпенділердің бірегей, жарқын және айқын мәдениетін, өткен тарихын жаңғырту. Ұлттар арасындағы достықты дәріптейтін, қазақ ауылдарының сән-салтанатын, өнері мен мәдениетін, қолөнері мен бұйымдарын, қазақ халқына ғана тән ерекшеліктерін паш ететін ұлттық мәдени шараның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! – деді өңір басшысы.
Бұдан бөлек аудан әкімі тұрғындардың емін-еркін этноауылға бас сұғып, өміршең өнер туындыларын тамашалап, ауылдық клуб өнерпаздарының сахналық қойылымына куә бола алатынын айтты. Сондай-ақ этноауыл бір ай көлемінде кешкі ат серуенін, ұлттық спорт түрін ұйымдастырып, келушілерге ұлттық тағам ұсынады.
Мерекелік көңіл-күй кешкісін М.Шоқай атындағы орталық алаңда да сезілді. Мұнда жастардың ғана емес, егде тартқан кісілер мен орта жастағы тұрғындардың да қарасы қалың. Арасында жүзі қуаныштан бал-бұл жайнаған балалар да бар. Ә дегеннен орталық алаң думанға толды. Сахнаға кеш тізгінін ұстаған жүргізушілер шығып аудан жастарын айтулы күнмен құттықтады. Одан кейін аудан әкімі Әшім Оразбекұлына сөз берді.
– Жастар – өмірдің сәні, болашақты жалғастырушылар. Биік арман, үлкен мақсат, сырлы сезім, жаңа жоспарлар мен тың идеялар... Бұлардың барлығы жастарды бейнелейтін, олардың өзіндік қайталанбас сәттері. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдететін, халық мүддесін қорғайтын, қазақ елінің атын әлемге паш ететін, болашақтың жас ұландары! Сіздерге зор денсаулық пен отбасылық бақыт, жарқын да ұзақ ғұмыр тілеймін! – деп жастарға жүрекжарды тілегін де айтты.
Аудан әкімі сөз сөйлеп болған соң сахна төріне Е.Сәруарбекұлы, Ә.Жайдарханұлы, Ж.Ергешқызы, А.Талғатұлы, Д.Болатұлы, Ә.Мұсабекқызы, Н.Бақытбекұлы, Ә.Ержігітұлы және Ғ.Бақытжанұлы көтерілді. Оларға ауданның абыройын асқақ, беделін биіктетер жұмыс істегені үшін және қоғамдық шараларда белсенділік танытқаны үшін Әшім Оразбекұлы алғыс хат табыстады. Салтанатты шара әрмен қарай концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған жұртқа шат-шадыман көңіл сыйлады.
Кез келген мемлекеттің қозғаушы әрі белсенді күші жастар екенін осы уақытқа дейін айтып келдік. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жарияланғаны, сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оныншы бағытты жас ұрпаққа арнағанынан барлығы хабардар. Демек, ел ертеңіне айналған жас буынға көрсетілген қолдау да, жасалған жоба да жоқ емес. Ал жастар күні сондай жарқын істердің бастаушысы ғана деп білеміз.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА


13 тамыз 2019 ж. 2 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031